Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  141


БИБАРЫС-СҰЛТАН ӨМІРБАЙ

Өз әлемім

Бұлбұл құстар ұя салған көмекейім бүлкілдер,
Алпыс екі тамырымда кісінейді дүлдүлдер.
Тулап жатқан жұдырықтай жүрегіме алаулап,
Құдіреттің күші келіп жайотындай күркүрер.
Отыз омыртқам үзілмес,
Қырық қабырғам сөгілмес,
Үгітілмейді үмітім,
Ырысым еш төгілмес.
Сәулелі күн жарқыраған,
Жайнаған гүл кеудемде,
Көкжалмен бір, бірге туған жаным менің
бөрі үндес.
Сөзім – дұға,
Көзім – жалын,
Өзім отпын лаулаған.
Ақыл – атам,
Жүрек – бала,
Сезім – сері аумаған.
Бойға қуат,
Ойға қанат
Дертке дауа жырларым,
Гүлге қонған көбелектей ізгілікте қаулағам.
Тәңірменен тілдесемін,
Табиғатпен үндесем,
Тағдырыммен серттесемін,
Өз-өзіммен күндесем.
Өз әлемім – өзім құрған, өзім ашқан жаңалық,
О, беймаза тіршілігім сенбесең де, күлме сен.
* * *
Көңілімнің шапқылап көк дөнені,
Тастағандай көтеріп көкке мені.
Дала реңін сағындым жұпар аңқып,
Көмкерілген гүлдер мен көктемені.
Күн нұрыда шапағын төккен еді,
Сары аяздың тарқады өктем демі.
Көмекейім көлдетіп толқын болып,
Жырдан маржан ағылып, төкпеледі.
Кеше ғана ерніңнен өпкен едім,
Неге маған бүгін сен өкпеледің.
Көңілімнің тұрғанда күйі шалқып,
Білмеймісің, мен саған сөкпе дедім.
Өкпелеме жаным-ау бүгін маған,
Ауыр мұңның жиналған жүгін жағам.
Шайырлардың жырларын оқып беріп,
Бар әлемнің сыйлаймын гүлін саған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу