Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  122


МҰХТАР МЫРЗАҒАЛИ

* * *

Болмайды, деп болашақ елімде мін,
Қазақ үшін қорғаған жерін де мың,
Бабаларым бейбіт ел балдарына,
Аманат қып тастаған сенімдерін.
Көз тастайық тарихқа көрермен ел,
Кенді ашайын бағасыз көнермеген,
Еске салам ақын мен батыр сөзін,
Өсиетке өң беріп өлеңменен.
Айналдырған жақсыны жазуды әдет,
Қан бойында қазақтың қажырлы әдеп,
Ғасыр өтсін ғұмырда Ғабит айтқан,
«Тәрбиеңнен тектілік тапжылма», деп.
Алашқа айбат алауыз шеккенді ұра,
Қайсар мінез қайратты жеткен мына,
Жалындаған жастарға жалын рухты,
Момышұлы Бауыржан еткен мұра.
Надандық деп адамның азабы шын,
Білім жолы сарпыған таза күшін,
Абай атам «ақылды ұстаның», деп,
Қара сөзін қалдырған қазақ үшін.
Мықты қазақ жастары, ей, қасқырдан,
Сынақпенен шыдамын шайқастырған,
Сенім артып біздерге болашағын,
Бұлқышев Баубек атам айқастырған.
Ата сөзін санаға салдыртайық,
Қазына қып мәңгілік қалдыртайық,
Өсиетін өткеннің өскелеңге,
Жастар жылы тағы бір жаңғыртайық.
Ақын, батыр сөзінің берген лебі,
Жастар жылы жараспас жерленгені,
Болашаққа бастайық ашық-жарқын,
Жұмабаев Мағжанның сенгендері!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу