Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  135


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Опық

Тау, даласы махаббатқа нағыз бай,
Сағынышы тірі адамға құяр бақ.
Хикаясы бір бітпейтін аңыздай,
Мен жатамын сол қыстақты қиялдап.
Сенің балдай үмітіңді жұмбақтар,
Күміс шашқан нәзік күлкің назды тым.
Қара торғын мақпалымен құндақтар,
Шіркін, қандай сұлу еді жазғы түн!
Шексіз тұнық іңкәрліктен бақ тауып,
Талқандаушы ек жазмыштың үкімін.
Барлық сырды көзбен ғана ақтарып,
Сөйлетуші ек жүректердің лүпілін.
Үзілді де шаттығымның соңғы әні,
Құлай бердім...
Тұрдың қарап көз алмай.
Амал қанша осалдығым сондағы,
“Сүйем” дегем үнсіздікке төзе алмай.
Жан сырыңды көзбен айту биік-ақ,
Ей, махаббат,
Мені жылдам өлтірші.
Сол бір сөзді жанарына құйып ап,
Кеткен алып тым асығыс жел тыңшы.
Пенде бар ма бұл күнәдан тазарған?
Көңілімнен кетер емес бір үрей.
Мен осылай жеңілгенмін ажалдан,
Өзімді өзім ұстап беріп тірідей!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу