Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  118


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Ғайыптың құсы

Арманым асыл бейне, ерке қылық,
Елесіңді желге айтам ертегі қып.
Сарғайған жапырақтан нөкер ертіп,
Түн сайын жоқ қараймын, бөрте мініп.
Айналды аңсау, іздеу машығыма,
Қайдасың, көрінсеңші ғашығым-ау!
Жалғыз саған жетуге асығамын,
Жұлдыздардың бұрылмай лашығына.
Жанарларға арбалмай жымыңдаған,
Тұңғиықтан сені іздеп мың ұрланам.
Қарақшы күдіктермен сайысамын,
Сақтауға саған жазған жырымды аман.
Көрсоқыр болып сәтте көргенді әлем,
Тіріледі сұмдықтар көрден бәлем.
Қызыққұмар, қаніпезер қаңқулардан,
Қашып жүріп құтылам өлгенде әрең.
Білмеймін,
Сен қасыма сан келдің бе?!
Аңсаудан арылмадым ал мен мүлде.
Енді таба бергенде елесіңді,
Ғайып болып кетесің таңмен бірге!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу