Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  80


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Білесің бе қалқам осы?

Білесің бе қалқам осы?...
Кей түндер,
Жанталасып жатады ашып бейітімді ел.
Мазамды алып топырлайды төбемде,
«Топырағың торқа болсын» дейтіндер.
Мұздай суық көкірегімде көз өніп,
Тұңғиыққа телміреді кезеніп.
Құрғап қалған тамырыма сіңеді,
Саулап жатқан топыраққа сөз еріп...
Көре білем барлығының түр-түсін,
Тыңдай білем жаңбырдың да күлкісін.
Мыстан кемпір мысық болып келеді,
Менен көріп мезгіл жұлған бір тісін...
Қалқам, менде әлі де бар шамдану,
Азаптану...
Аңсау...
Сүю...
Таңғалу...
Пай-пай, шіркін, рахатқа бөлейді,
Табытымнан таңдайыма тамған у.
Бөтен емес айналамда бар бейне,
Дүние кең...
Ондағылар тар дей ме?!
Бір қызығы өлең жазғым келеді,
Шаршағанда мызғап алам, ал кейде.
Тамырыма сіңген сөздер манағы,
Сүйегімді құмырсқадай талады.
Егіз шаян жарып шығып басымды,
Жанұшыра жарық іздеп барады.
Күйігіне сені өртеген ездердің,
Көрде жатып осыншама өзгердім.
Жерден гүлің,
Көктен нұрың болуға,
Жүрегіме жүрегіммен сөз бердім!
Қалқа...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу