Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  237


АЗАМАТ ҚАЖЫБАЕВ

Мен өмірге келген күн

* * *
Мен өмірге келген күн –
Тәңір құйған тіршілікке тылсым жыр,
Тұңғиыққа батып кеткен көк сүңгір.
Алапат үн кеңістікті жаңғыртып,
«Ақын!» – депті, дүр сілкір.
Мен өмірге келген күн –
Алтын күннің арай нұры шашырап,
Қара жерге төгіліпті тамшы бақ.
Үркер ауып, үп еткенде үміт жел,
«Ақын!» – депті, шамшырақ.
Мен өмірге келген күн –
Мұзарт шыңдар басын иіп төменге,
Бар биіктер тізерлепті көгенге.
Төрт тағанға табиғатта құлапты,
«Ақын!» – депті, төбемде.
Мен өмірге келген күн –
Кәрі уақыт қол беріпті тік тұрып,
Тарих шалға қақ төріне құтты іліп.
Қашап тұрып, атын жазып кететін,
«Ақын!» – депті, ұқтырып.
Мен өмірге келген күн –
Ұя салған санасына сан ілім,
Әр сөзінде аңқып тұрар тағылым.
Ғалам сырын ғайып тілмен жеткізер,
«Ақын!» – депті, Тәңірім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу