Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  109


Автор: САЯН ИСЖАНОВ

Ақ тұман бүркеп даланы...

Ақ тұман бүркеп даланы,
Сайларда үнсіз түнеген.
Жұпар аңқыған самалы,
Мен үшін көркем, ұлы Өлең.
Қол бұлғап қалған адырлар,
Қалғыған үнсіз ормандар.
Тұнжырап тұрған шағылдар
Сенде бір қалған арман бар.
Бұл далам – менің өлеңім,
Бұл ғалам – менің дәптерім.
Сыйғызсам бәрін деп едім,
Ең тұнық, мөлдір сәттерін.
Әр шөптің тыңдап былдырын,
Әр талдың естіп шуылын,
Бұлақтың күміс сыңғырын,
Тербеген ақын ғұмырын.
Ең көркем менің туындым –
Ең сәтсіз сенің шақтарың.
...Жаралған сенен ғұмырым,
Жазирам, далам, әппағым.
 Ырғағы мына жүректің –
Симфониясы даламның.
Тас қараңғылығы түнектің
Қарасы бәлкім, жанардың.
Мен бармын әркез сен барда,
Сен барсың тұрсам мен аман.
...Мен туған осы жолдарға,
Өлең боп бір күн оралам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу