13.01.2022
  280


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

Тракторшы бала

Әкесі белін буынып тысқа шыққанда, баласы трактордың жып-жылы кабинасында отырған. Жүзінде байсалдылық, ірілік бар. Әкесіне ұқсап баққысы келгені көрініп тұр. Мұрынды тартып қойып, терезе шынысын сүрткілейді. Рульді айналдырып, заулатып жүріп келе жатқандай болады.


Қоспан баласының ойлы әрі қызыққан  жүзіне қарап, іші жылып кетті. Тіпті күліп жібергісі келді. Бірақ күлмеді. Беті дуылдап, кішкене қайқы танауын тартқылай береді.


— Далаға барасың ба менімен?


— Барам.


Жұп-жұмсақ былғары көпшікке жайғасып алып, әкелі-балалы қырға беттеді. Күн салқын болып тұрған. Құралайдың желі бар. Ауыл сыртындағы егістік бетіне түрен тастап, жылжи жөнелді. Түрені жерге бойлап кіріп, боз балшығын ақтара аударып барады. Қызыл «Беларусь» манағыдай емес, ауырлай, ыңырана тартты. Жамбыл біресе алға, біресе артқа сүйсіне қарап күлімсірейді. Ол әкесінің қимылын аңдып отыр.


Жамбылдың ендігі арманы — рульге өзі  отырып көру. Бірақ әкесі мұнымен тілдескен жоқ. Шынын айтқанда, осынау тар кабинада оның бар-жоғын да ұмытқан сияқты. Күн көзі әбден көтеріліп, тас төбеде тұрып алды. Бір кезде әкесі аңыз басына тоқтап, тракторға май құйды.


— Жамбыл, қарның ашты ма?


— Аздап қана.


Әкесі күліп жіберді.


— Ендеше дорбадан алып тамақ же, сусасаң сусын бар.


Жамбыл ұялып тамаққа ұмтыла қоймады. «Мазасыз болсам, ендігі жолы ертпес»  деп ойлады.


Қоспан қолын сүртіп болып, баласын тамақтандырды, өзі де жеді.


— Ал кеттік. Жер жырту найқалуды көтермейді.


Тағы да дағдылы жұмыс. Мотордың толассыз ызыңы. Жылжып қалып жатқан сары дала. Жалпайып, молыға түскен қара жыртынды. Жамбыл жалығайын деді. Көзіне ұйқы тығылды.


Бір кезде трактор тоқтады. Әкесі жерге түсіп, мотордың майын өлшеп қарады. Сонан соң шырт түкіріп тастап:


— Сен енді рульге отыр, трактор жүргізесің, — деді Қоспан баласына. Жамбыл алғаш нанбап еді, бірақ әкесінің кескінінен ешқандай алдау нышанын көре алмады.


— Кәне, педальды басып көрші, әне  солай. Аяғын жетеді екен. Ал енді педальды басып тұрып, тұтқаны былай бұрсаң — бірінші, былай толғап тартсаң — екінші, былай етсең — үшінші… — деп жүріске қосуды түсін-дірді. Жамбылдың көптен көзі қанған істері болатын. Ұзын сирағымен педальды басып, бірінші жүріске салды да, газды көбейтіп, шапшаң жіберіп қалды. Трактор үріккен аттай ыршып түсті. Бала рульге маңдайын соғып ала жаздады.


— Ақырын жібер, мұндайда трактордың бір тетігі үзіліп кетуі ықтимал. Қайыра басып педальдан аяғыңды ақырын босат та, газды көбейте түс, әне солай!


Трактор ілгері ұмтылды. Алғаш рульге ие бола алмай, ерсілі-қарсылы ауытқи берді. Жүрек тоқтатып, шеңберден тас қып ұстап алды. Мотордың үні азайып, булыға бастады.


— Газды көбейт, одан да молырақ, міне солай. Енді екіншіге ауыстыр, сасқалақтама!


Трактор алға тартты. Жамбылдың маңдайынан тер бұршақтады. Оған қарауға уакыт жоқ, тістеніп алыпты. Қоспан рахаттана күлді.


— Әй, менің Жәкем тракторшы болды, — деп қуанды ол.


Жамбыл да қуанды. Miнe, аңызды екінші рет айналып келеді. Мотор үні түзеліп, трактор баланың еркіне бағынды. Қоспан түрендерді қалай түсіру, қалай көтеру керектігін үйрете берді.


Кешке ауылға қайтқанда, көршілер трактор руліндегі Жамбылды көріп, шешесіне:


— Әй, Дәметкен, той жаса, балаң трактор жүргізіп келеді, — деп шуласты. Сол кештен былай жұрт Жамбылды «тракторшы бала» деп атап кетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу