13.01.2022
  147


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

Құба тал

Есен қарт — ауыл келбетіне жоғарыдан қарап үйренген адам. Биікке шықса, жанары ашылып қоя береді. Бірден ата қыстау Мәшен шалынады көзіне. Онда өткен балалық шағы, бозбала, жігіттік шағы, әке болған кездері есіне түседі. Сонау бір жазықта ұлын тайға мінгізіп, шапқылатқаны бар. Алғаш тарпаң тайды жетектеп, тақымы бос баласын мықтап ұстап, жүгірте берді. Әбден алқынып, дымы біткенше жетектеді. Әкенің қырыс маңдайынан бұршақтап тер шықты. Жылқы баласына тұңғыш бұт артып, кісілік құрғанына мәз болған ұлы ешкі тістерін көрсетіп, сықылықтап күлумен болды.


 


— Жібер, әке, жібер, енді өзім-ақ… — деген айғайлап. Есен тізгінді қалай босатып алғанын сезбей қалды. Тай тартып-ақ кетсін. Далбақтап шауып барады. Кішкентай баланың құйрығы қопаң-қопаң етеді. Аяқтарын қапталдыққа қысып, қолтықтан тіреп алыпты. Үйір іздеген жануар жазыққа шыққан соң секіріп ойнап кетті. Есекең өкпесі өшіп соңынан жүгіріп келеді. Бір кезде бала тайдың арқасынан сыпырылып бара жатты.


— Әттеген-ай, өлді-ау! — Өткенді ойлап тұңғиыққа батып кеткен қария ұйқысынан оянғандай селк ете түсті. Ол шатырдың шетінде алғашқы шиферді ұстаған қалыпта тұр екен. Қып-қызыл көзін бір нүктеден алмайды. Қарияның әлдебір қиялға берілгенін сезіп, жігіттер төменнен шығарылған шиферларды орналастырып жатқан.


— Уһ, — деді Есекең отыра кетіп. — Құрыған күндер еске түскенін көрмейсің бе? Сонда мен бүгінгідей тұяқсыз қалу үшін сөйттім ғой. Қанаттыға қақтырмай соқталдай азамат етіп едім, көрдің бе? — деп қария мұңға толы жанарымен алысқа қарады.


Алтынмен қаптағандай күзгі  дала кең көсіліп жатыр. Көкжиекті көлегейлеген жасыл қабырғаның әр тұсы қызарып көрінеді. Жүз жылдық теректердің қызыл жапырақтарына қарап, қария тебіреніп кетті. Тайдан жығылған ұлының тәмпіш танауынан аққан қанды қолымен сүртіп, байбалам салғаны есіне түсті. Есен қарт үнсіз. Жігіттер де тіс жарған жоқ. Талпақ қара төменнен:


— Болсаңдаршы, бұл не тұрыс, өзі? — деп кейіп еді, шатырдың үстіндегілер «үндеме» дегендей қартты нұсқады.


— Әй, тәңірі-ай, осы алжыған шалға бола жұмысты тоқтатып… Тездетіңдер, ұзақ күнді кеш қыламыз ба тағы?..


Қария жел үрлеген аппақ сақалына қалтыраған саусақтарын апарып:


— Жә, кірісейік, анау Көкібай баласы асығып тұр екен, ісі өнсін, — деді де, үлкен сұр шиферды орнықтыра бастады. Ыңылдап өлеңдеткен болады. Қайдан өлеңдетсін… Есекең үлкен орақ мұрнының  астынан ыңылдай жүріп қимылдап кетті. Есілдің су шайған тасындай жылтыр шиферды жігін білдірмей қатарлай тізіп, шегелей берді.


— Апырау, Есеке-ау, темекі тартып аз тынығайық та, — деді бір кезде жігіттер. Қария істік сақалының ұшынан тер тамшылаған күйі нақ бір мылқау адамдай шаруасын жалғастыра берді. Көкібай баласы деген талпақ қараның да тіптен зықысы шықты.  Үлкен үйдің төбесі  жабылып біткенше бөгелмеді. Шатыр әбден жабылып біткен соң, биіктен  сымдай тартылған ауылдың көшесіне қуана көз салды.


— Ана үйдің шатырын жаптым. Қызыл төбелі үйдің кәрнезін қиюластырдым. Арғысының терезе-қақпаларын өрнектедім. — Есекең кетік тістерін көрсете мәз болып отыр. Еңбегі жанған, қуанған қалыпта. Осы екі жүз  үйлі ауылдағы құрылыстың қайсысына болсын қолы тиіпті. Бұл балта шаппаған, бұл шеге қақпаған құрылыс жоқ.  Жұрттың барлығы ауласына ағаш отырғызыпты. Айнала жасыл орманға айналған.  Қария ішкі қалтасынан шыны шақшасын алып, құлақ түбіне шайқап көрді де, қара насыбайдан аз ғана шымшып, имек мұрнының астына кезек апарды. Содан түшкіріп, пысқырынып:


— Сендер ғой, — деді қария манағы Көкібай баласына қарап. — Бағана аз ғана бөгелгенім үшін сөктіңдер, жұмысқа кедергі жасағандай болдым. Балам бар, бауырым түтін шағым еске түсіп, ойға батып кеткенмін. Биікке шыққан соң қыстау жаққа көз  саламын деп… — Қария  кінәлі  адамдай төмен қарады.


Темекі тартып, демалып отырған жігіттердің ішінен мол денелі апайтөс біреу құшақтап:


— Айналайын, Есеке, қапаланбаңыз, сізсіз мына үйдің шатырын келістіріп жаба алмас едік, — деді. Есен қарт күлімсіреп қоя берді. Көкібайдың баласы кескіні күйген көңдей тырыстырып:


— Қойсаңдаршы, осы селкілдеген шал бітіріп пе, біз ғой күш салған, — деді.


— Әй, тарт былай бабаңмен ұстаспай, жағыңды бұзып  жіберемін, — деді әлгі жігіт түтігіп. Жігіттер де Көкібайдың баласына дүрсе қоя берді. Осы арада Есекең:


— Жә, жігіттер, білмегенді кешпесең, білгенің қайда? — деді.


— Дұрыс айтасың, үйге кіріп тамақ ішейік. Үй иесі бір бағланды былқытып жатыр.


— Ә, қойсаңдаршы, болмашыға бағлан жемекпіз бе? — деді Есекең жақтырмай.


— О не дегенің, «Ағайынның ақысы — тамағы» деген бар емес пе, — деп, үй иесі  еңсесін салып қарияға жалбарына бастады.


Есекең көпшілік ризашылығына көңілі өсті. Қолы іске тисе бұлдана бастайтындары несі-ей, қайратың барда көмектесе салдың, сонда тұрған не тұр. Әй, надандық-ай!


***


Ол қара нардай жай басып барады. Денесі ауыр тартқан. Кәрілік те жағалап жүр-ау. Жұрт  шіркіннің бір жаны Есекеңде тұрған сияқты. «Есеке, сізсіз болатын емес, басқаның қолынан келмей тұрғаны…» —  дейді.


— Еңбек демалысындағы адаммын ғой, не бітіріп жатырмын, барсам барайын, — дейді қария.


Бұрнағы күні кемпірі  Бағила мәселені бүйірден қойды.


— Осы сен шал, балтаңды беліңе қыстырып тентіреуді қашан қоясың? Бір тиын алып жатқан ақың жоқ. Анау шақырды деп анаған, мынау шақырды деп  мынаған желкілдейсің де жүресің. Күшің тасып бара жатса, мына ескірген еденді  неге түземейсің? — деді оқтаумен нұқып.


— Қол ұшын бергені үшін ақы ала ма екен? — дейді қарт күңкілдеп.


— Қол ұшы, қол ұшы, не деген қол ұшы таусылмайтын! — Кемпірі бастырмалатып кетті. — Өз шаруаңа қарайтын күнің бар ма?


— Қараймыз ғой, қараймыз, қайтер дейсің. Жұрттың көңілін жығу  ұят. Түсінсейші, көмегіме зәру ғой, түге! — дейді қария. Кемпірінің да қайтымы тез  болушы еді, осы жолы үдеп кетті.


—  Сен шал кеше осылай тентіреп жүргенде  Бекенжанның құба талдарынан Көкібайдың қарасы қайық есетін сырық кесіп алыпты. Бекенжанның талын кескенше мен бейбақтың саусағын кессейші!


Бағиланың шүңірек көзінен жас парлап қоя берді.


— Бекенжан келсе не бетімді айтамын. Талыңды өсірудің орнына қырып  жатырмын деймін бе?


— Бекенжан келсе тағы да өсіріп алар, тек келсеші өзі!.. — Есекең ауыр күрсінді. Дымқыл сақалын салалап отырды да, тысқа шықты. Қара бұлттардың арғы бетінде ай жүзіп барады екен. Ауыл түнгі тыныштыққа бой ұрған. Көл жақтан қоғажай аралас тұщы леп  еседі. Қара қабырға болып Бекеннің талдары тіреліп тұр. Қимылсыз, мұңды тыныштық. Қария іргедегі ағарып жатқан түбірге үңілді. Түбір нақ бір  адам қолының қиылған сіңіріндей ақсиып көрінеді. Есекең дәрмені құрып, отыра кетті. Бұл үйдің отырғызған  ағашы да өзгеше. Қайың да емес, тораңғы да емес, кәдімгі Есілдің құба талы. Тал болғанда қара қожырмақтанып, тырбия өсіп, аулаға сыймай кеткен мол дүние.


Қария күнде ақар-шақар болған байырғы құба талдың көлеңкесіне отырып, рахаттана тыныстайды. Айналаға тараған тамырдан нәзік шыбықтар көктеп, көбейе түскен. Құба тал үйдің ауласын тарылтып, қаптап бара жатса да, бұтағын кесіп, отқа жаққан емес. Шалын әркез қыжыртып жүретін  Бағила кемпір де құба талға келгенде жүзі жылып қоя береді.


Жалғыз ұлы Бекен майданға жүргелі жатып, түнделетіп ауланың шарбағын тоқыған. Сонда құба талдан қазық түйіп еді. Алғаш ешкім мән берген жоқ-тын. Бір күні баласын сағынған Есекең  Бекеннің тоқыған шарбағын қарап жүрсе, қалың тоқыманы жарып жапырақтар көктеп тұр. Кәдімгі құба талдың күміс жапырағы. Бекен қаққан қазық  жерден нәр алып, өркен жайған екен-ау!


— Қатын-ай, қатын! — деп Есекең қуанышпен айғайлап жіберді. — Қарашы, Бекенжанның қаққан қазығы көктеп келеді.


Бағила шарбақты айналып көріп:


— Жақсы ырым, Бекенжан майданнан аман оралады екен! — деді қуанып. Бірақ Бекен оралмады. Ерлі-зайыптылар баласы кеткен күрең жолға сарыла қараумен әлі жүр. Соғыс біткелі отыз жыл өтсе де, қарттар үміттерін үзбейді. Бірақ Бекен келер емес. Түбірінен келі жасауға жарап қалған қара талдардың саясында отырып екеуі:


— Айналайынның талдары-ай! — дейді. Құба талдың күміс жапырақтары кешкі самалмен сыбдыр қағып, жақсылық хабар жеткізгендей болады. Сол қасиетті талдың бір түбін балтамен шауып алыпты. Есекең күсті алақандарымен нақ бір ауыр жарақатты сипағандай түбірді қынжыла сипап отырып:


— О, көгермегір Көкібайдың баласы, не жазығым бар еді?  Әкең мен Бекенім  бірге кетпеп пе еді соғысқа? Көкібай аман келіп, сен тудың, тумасаң етті бүйткенше, — деді. Үйден шұбалаңдап кемпірі шықты да:


— Шал-ай, жүрші үйге, налымашы, жетіліп кетер Бекенжанның талы. Беу, бейшара-ай, күйрек болып алыпсың, еркек емессің бе, әйел бізге не кінә? — деп қолтығынан ала берді. Екеуі түн ортасы ауғанша көз ілмеді. Ой құшағында   үнсіз жатты.


— Шал-ай, — деді бір кезде. — Сен ұйықтап қалдың ба? Осы біздің Бекен тірі ғой деймін. Анық тірі жүрген шығар бір жерде, аспан асты кең емес пе?


Қария мекіреніп аунап түсті. Қарт  аз ұйықтаса да ұйқысы қанып, үйден шықты. Күздің салқын таңы әбден жарық болыпты. Шығыста қара орманның төбесін шарпып, арайлы күн шығып келеді.


Бекеннің талдары бұйра бастарын толқытып тұр. Құбыладан ескен өткір желден  ықтап аз тұрды да, сарайға қарай  бет алды. Ұсталмаған темір күректі төске салып шыңдай бастады. Көршісі — жесір қатынның күрегі. Кеше осы күректі қайрауға әкеп, өткен-кеткенді әңгімелеп кеткен. Есекең бар өнерін салып  шыңдады. Темірдің шыңылы бар аулаға естіліп тұр. Үйден Бағила шығып:


— Әй, шал, құлқын сәріден елді ояттың ғой, қайтушы едің сол түскірді, — деді кейіп.


— Қамиланың күрегі ғой, кәртоп қазады екен, — деді.


— Қамила деп елпілдеп тұрғаның, сенен басқа еркек жоқ па ауылда? Ыңғай бір осы шалды айналақтап жүргені, — деді шешей тарылып.


— Еркектің бәрі күрек соға білмейді. Күректі шыңдап, жақсылап егесе, алмастай өткір болады. Әйел ғой, сайманы келіспесе жұмыс істей ала ма? — деді.


— Жұртты ояттың ғой, шақылдатып, — деді  Бағила не дерін білмей.


— Оянсын, оянғаны керек, шаруа уақытында не ұйқы  ол, оянсын бәрі, — деді  Есекең.


Ол күректі баптап болып, быртық бармақтарын жүзіне тигізіп көрді. Қылпып тұр екен. Өз ісіне көңілі толып, марқайып қалды.


— Әй, тоқташы, шырағым. Көкібай баласы, бұрыла кетші!


Көкібай баласы мылтығын жерге тастап, бері  жүрді. Кескіні өрт соққандай еді.  Қария сыбағасын беретін шығар деп, қанын ішіне тартып алыпты. Қара бауырдай  жүзі күлгінденіп, қысық көздері кішірейе түскен.  Сәлемдесті.


— Жол болсын, аң басы жуық, —  деді қарт.


— Көлге түсіп, құс атпақ едім… /Ұялғаннан төмен  қарады/


— Сен тағы суға құлап жүрме. Қазір күз, су суық, ауырып қаласың. Осы жолы да ескексіз барасың ғой, ол жарамайды. Балалықты қою керек, сен енді соқталдай жігітсің!


Қария осылай деп сарайға кірді де, сырлы қасықтай етіп жонған қарағай ескекті жігітке ұстата берді.


— Мә, ал, әр нәрсеге ақыл керек.


Жігіт ұялғаннан күреңітіп кетті. Бұрылып қарауға бет жоқ.


— Рахмет! — деген жалғыз сөз аузынан зорға шықты. Ескекті иығына салып,  шапшаң басып алыстай берді. Есекең балуан қолын маңдайына қойып, күлімсіреп тұр. Бекер-ақ қарғаған екем өзін, «білместігін кешпесең — білгенің қайсы», қайбір өнеге көрген бала дейсің. Әкесі болса ішкілікке салынып кетті. Алланың берген дәулетін көтере алмады. Шіркін, Бекенім тірі болып, осындай немерем болса, менен бақытты кім бар еді… Әй,  лағынет соғыс-ай!»


— Әй, шал, Бекенжанның әкесі! — деген таныс дауысқа бас көтерсе, құба талдар сыбдыр қағып, жайқалып тұр екен…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу