13.01.2022
  191


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

Кәрім жалтақбай

Орыс тілі пәнінен жатқа жазу сабағы жүріп жатқан.


Кәрім соңғы сөзді жазып болып, қайта оқып шықты. «Морковь» деп ішінен әлденеше айтты, дұрыс жазылғандығына сене алмай отыр. Көрші баланың дәптеріне қарап еді, «мәрковь» деп жазыпты. Солай бір түзеп қойды да, «Қайкен қалай жазды екен?» — деп, мойнын созып, алдыңғы баланың дәптеріне үңілді. Ол «мәркөв» деп жазыпты.«Әй, осының жазғаны дұрыс болар» деп ойлаған Кәрім «о» әрпін «ө»-ге түзетіп, мұғалімге дәптерін тапсырды. Келесі күні мұғалім:


— Өз күшіне, өз біліміне сенбей, жұртқа жалтақтаған Кәрім бір сөзден үш қате жіберіпті, сондықтан екілік алды, —  деп хабарлады балаларға.


Оқушылар ду күлді. Содан бастап Кәрім жұрттың дәптеріне қарамайтын болды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу