13.01.2022
  180


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

Зейнұр

Зейнұр сабақ  дайындауға отырды. Бүгінгі тапсырма өлең жаттау еді. «Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы..» — деп шапшаңдата оқи бастады. Әп-сәтте бір шумағын жаттап та үлгерді. Өлеңді жаттап алмай ештеңеге бұрылмауға серт қылды. Сөйтіп отырғанда досы Марат келе қалмасы бар ма?!.


— Жүр, Зейнұр, қызық кино келіпті. Балалардың бәрі сонда кетті.


— Жоқ, Марат, мен бармаймын, өлең жаттауым керек.


— Келген соң-ақ жаттап аларсың, кеттік, — деп қинап еді, көнбеген соң Марат жүгіре жөнелді.


— Жазғытұры қалмайды қыстың сызы… Қойшы, Марат айтқандай  келген соң да жаттап алуға болады. Қызықтан құр қалатын болдым.


— Әй, Марат, тоқта-а! — деп терезеден мойнын созып айқайлап жіберді. Бірақ оны естір Марат жоқ, алыстап кетті.


Кинодан келген соң Зейнұр өлеңді қайтадан жаттай бастады. Сөйткенше болған жоқ, достары сырғанаққа жиналып қалды. Тау боп үйілген күртік қардан  төмен құлдилап, балалар екеу-екеулеп шанамен сырғанақ ойнай бастады. «Жоқ, ешқайда шықпаймын, өлеңді қалайда жаттап алуым керек», — деді Зейнұр іштей күбірлеп. Әйтсе де ұзақ отыра алмады. Сырттағы балалардың шуылы алаңдата берді.


— Қойшы, ертемен тұрып жаттап аламын ғой, — деген ой келді. Сол-ақ екен, киімін шала-пұла киіп, далаға жүгіріп шықты.


Кешкі тамақтан соң қалғи бастады. Өлең жаттауға шама жоқ. «Ерте тұрып пысықтармын, енді көп қалған жоқ қой», — деді де Зейнұр қалың ұйқыға кетті. Ертеңінде кеш оянып, мектепке қарай жүгіріп бара жатты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу