👈 қаріп өлшемі 👉

  13.01.2022
  63


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

Достар

Зейін қар басқан бақта жүр. Қарақат бұталарының сыртына мойнын созып қарап қояды. Бұқпантайлап ілгері жылжиды да, кіп-кішкентай денесімен бүрісіп отыра қалады. Бұтаның арғы бетінде әдемі, қызыл төс торғайлар жеміс ағаштарының жел қағып түсірген бүршіктерін шоқып жүрген. Өздері қандай әдемі, жерді шұқыған сайын құйрықтары шошаң-шошаң етеді. Жақындап барып ұстап алмақ еді, торғайлар пыр етіп ұша жөнелді. Әрірек барып, алма ағашының бұтағына тізіліп отырды. Көпті көрген кәрі торғай балаға мойнын созып, «шиқ-шиқ» деп үн қатты.


— Зейін, сен не істеп жүрсің? — деген даусыма ба­лам жалт қарады да:


— Торғайлардың екеу-үшеуін үйге апарайын деп едім, ұстатпады, — деді. Мен күлдім де:


— Олар ұстатпайды, қолға үйретудің басқа жолы бар, — дедім.


— Қалай?


— Көремісің, торғайлар сенен жем сұрап тұр. Олар аш. Күн сайын өз қолыңмен жем беріп тұрсаң қашпайтын болады.


Зейін қуанып кетті. Екеуміз ағаштың төменгі жағына жем шашатын тақтай орнаттық. Айтқандай-ақ торғайлар үйреніп алды. Шашқан бидайды тақтайдың үстіне қонып жей бастады. Кейін алақандағы дәнді шоқудан да қорықпайтын болды.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы