13.01.2022
  301


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

Балық жеккен Жұмекен

Жұмекен ертемен үйден шықты да, су сорып ақжем болған қарағай ескекті алып, Есілге қарай аяңдады. Жарқабақтағы үйеңкінің іргесінен қып-қызыл болып жалын атып күн шығып келеді. Күн сәулесі шашырай төгіліп тұр. Бала балшықты қызыл жардан сырғанап төмен түсті.


Жұмекен кішкене қайығына мініп, төмен қарай ықты. Төменгі жақта құрып қойған ауы бар еді. Ескекті сирек сермеп, ау қазықтарын ұзақ іздеп, шөп арасынан біреуін тапты. Сіресіп қатып қалыпты. Шетінен тартып еді, әлдеқандай мықты күш қазықты қолынан суыра берді. Жұмекен шиыршықталып қалған ауды өзіне қарай тартқанда қайық шапшаң ілгері сырғи жөнелді.


Күректей қоңыр құйрық жарқ етті. Жұмекеннің бетіне  мұздай су шашырады. Қайықтың істік тұмсығын еңкейтіп, шайқап-шайқап қалды. Бір сәтте су бетіне қайта шығып қаракөк арқасын көрсетті де, зор күшпен бойлай жөнелді. Кішкене қайықты шапшаң қозғап, ағынмен төмен ықты.


— Жұмеке-ен, боса-ат, суға кетіреді, өлдің… өлдің… — деп дөң басынан айқайлаған дауыс естілді. Бала қайсарланып алған еді. Қайықтың текпішіне аяқтарын тіреп, сіресіп қатып қалды. Аудағы алып балық көк Есілдің айдынында біресе жағаға соғып, қайта тереңге тартып, дамылсыз жанталасады. Жұмекеннің маңдай тері бұршақтап көзіне құйылып, түк көрсетпейді. Жеңімен сипап тастауға да уақыт жоқ, қолы сіресіп қатып қал­ған.


Қанша уақыт өткенін кім білсін, бір кезде балық саябырси бастады. Жүрісі баяулап, әлсірей берді. Су ішінде ирелеңдеп баяу жылжыды. Балық тік жардың астымен келеді. Төбеге төне түсіп бұйра талдар тұр. «Біріне қолым іліксе екен» дейді Жұмекен. Бір кезде жағадағы көк талдан ұстай алды. Балық қайта тулады. Бірақ алғашқыдай бұлқыныс жоқ еді, желбезектерін желпіп тұрып қалды…


Ағынды бойлай дабырласып жұрт жеткенде, Жұмекен нән шортанды қайыққа аударып салып, терін сүртіп отыр еді. Көпшілік жыртқыштың күмістей жарқыраған бауырына қарап, қуана таңырқасып тұрды.


— Әй, өркенің өссін, балық жеккен Жұмекен! — десіп, қошемет сөздерін жаудырсын келіп…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу