👈 қаріп өлшемі 👉

  12.01.2022
  53


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

БӘЙТЕРЕК

Ол өзі бір кез еді,
Аласапыран,
Ада ойлы тілектен,
Парасаттан,
Айқай мен шу заманы атқа қонып,
Шаш ал десе,
Бас алып,
Дара шапқан.
Ол кез қандай шақ еді,
Білесің бе\
Еске түссе,
Жылайсың,
Күлесің де,
Қандай қатты сол уақыт,
Ойлап көрсең,
Қалдырмастан бүгесін,
Шүгесін де.
Бұл бір ауыр кез еді,
Тарихтағы.
Атпағандай ешқашан
Жарық таңы.
Атағанда ертеңгі күннің жайын,
Қара бұлт аспаннан қалықтады.
 Құлсарының неде екен басты арманы,
Кім білсін,
Қиялы ма аспандағы.
Мен жол жүрем ,- деді ол Болғанына,-
Ұзақ жолға тұрмын мен,
Аттанғалы.
Кім көнбейді Алланың салғанына,
Мен де көндім,
Тіл қатпа талғамыма,
Өскен жерге бір барып қайтайын мен,
Кінә қойма осындай арманыма.
Түс көрдім бір,
Мен , бәлкім ,
Кідірермін,
Сәті түссе, қорланып,
Ірілермін.
Күн туса ошағыма оралатын,
Қуана өздеріңе бірігермін.
Сондай-ақ, күнің таяу босанатын,
Жайың жоқ мен келгенше тоса алатын,
Бұл жолы ұл туасың
Түсіме енді,
Ұмытпай,
Есте сақта осы арасын.
Орнымды басар менің,
Орын болсын.
Өзіңнің таусылмайтын қорың болсын.
Көрген түсім келеді,
Қара да тұр,
Ұлыңменен үй кеңіп,
Төрің толсын.
Бата беріп,
Құлсары жүріп кетті,
Қалдырғандай артына тұнық лепті.
Көңіліне соңғы сөз демеу болып,
Болғанды сол сәтінде биіктетті.
Айтты оған,
«Болған , сен уәйімдама,
Өлтірмейді сендерді сайын дала.
Мен көрермін тірліктің не жазғанын,
Ал өздерің бастай бер дайындала.»
«Ұл туасың» ,-деді ғой,
-Орын болсын,
Әрқашан ізгілікке жаны толсын!
Қадамы құтты болып,
Бұл өмірде,
Басына ұлы бақыт құсы қонсын.»
 Деді де,
Болған ана ойға қалды,
Қандай жан жек көреді тойлағанды?!
Бірақ та не айтты ол әрі қарай,
Ананың көкірегінде ой қамалды.
«Түс көрдім дедім ғой, мен
Кідірермін,
Сәті түссе қорланып
Ірілермін,
Күн туса ошағыма оралатын,
Өздеріңе қуана бірігермін.»
Құлсары бірақ қайта оралмады,
Қайтадан тұғырына қона алмады.
Қалған ізі тек артында оның,
Қалды сонда мәңгілік,
Жоғалмады.
Болғанның өтті өмірден жары солай,
Болмады әрі қарай да бар ісі оңай.
Қиын кезең,
Жоқшылық,
Ауыр тұрмыс,
Қажытса да,
Болғанның табысы бай.
Орын келді дүниеге,
Орын келді,
Өзгергендей бар әлем,
Көріктенді.
Жалаң аяқ жүрсе де,
Дені сау боп,
Айналаға қуаныш,
Көрік берді.
Кішіпейіл жас жігіт,
Көпке ұнады,
Айтқанынан қайтпайтын,
Өткір әрі.
Орын болды орнында әкесінің,
Солай ғана ұмытты жоқты, бәрі.
Ол әкесін бірақ та ұмытпады,
Қастер тұту қашан да,
Бір ұққаны,
Заманның ауырлығын көріп небір,
Есінде тек шыңдалып,
Шыныққаны.
Есейді,
Ер жетті ол,
 Жігіт болды,
Ойлайтын жасқа жетті оң мен солды.
Орын болып,
Әкенің орнын басты,
Бата берді анасы жайып қолды.
ххх
Екі апасы болған-ды,
Маңдайында,
Үлкенінің біле алмай хал-жайын да,
Қалған екен күйеуге бергеннен соң,
Соныменен анасы сары уайымда.
Болған ана жылайды сағынғаннан,
Болады ғой ананың бәрінде арман.
Тым болмаса білейін,
Тірі ме өзі,
Деп жылайтын тәңірге жалынғаннан.
Қуғын –сүргін заманда,
Қашқан халық,
Түркменстан,
Ашхабад жаққа барып,
Ойылға келген екен қайтып олар,
Болыпты талай жерде маңып-маңып.
Ақзер менен Ғалымда ерік бар ма\
Десе бітті, біреу кеп сеніп қалма.
Қайта оралды еліне,
Қазағым,-деп.
Тілектерін, әйтеуір беріпті Алла,
Бітпепті ғой мұнымен бірақ бәрі,
Күтіп тұр екен алда сынақ тағы.
Фашистер соғыс ашып қырық бірде,
Советтік өкіметті құлатқалы.
Соғыстан келген Ғалым жеңіспенен,
Жойдық деп,
Фашистерді неміс деген.
«Тұтқын болдың?» - деп оған,
Жала жауып,
Жауып қойған,
Білместен неге істелген.
Қарағанды жері екен жабылғаны,
Ғалымның қайғысы шын қалыңдады.
Іздеп келер соңынан жан болса ғой,
Деген оймен тынышын тағы ұрлады.
Бұл мезгілде жаңа асқан жиырмадан,
Орын жас жігіт тұғын.
«Қиын маған»-деместен,
 Іздеп шығып туысқанын.
Жат жердің суын ішті,
Бұйырмаған.
Естіді Орын
Ойылда тұрады деп,
Айта берсе ,
Бұл жайлы сұрағы көп.
Тапты әйтеуір Ақзердің үйін іздеп,
«Құрман» атты кеңшардағы көл.
Шилі бұлақ Құрманның жайылымы,
Елу төрттің белгілі айы, күні.
Жаяу- жалпы жетеді іздегенге,
Бірақ мұның көп болды қайырымы.
ххх
«Емін таппай жазатын қотырының,
Жездең сенің түрмеде отыр,
Інім.
Тұтқын болып,
Соғыстан келіп еді,
Қағылғаны осы да тоқымының…»
Көз жасын Ақзер сонда төккен еді,
Білінген тіршілікке өкпе лебі.
Жан дүниесін Орынның шарпыса да,
Сөйледі ол ,
Жетердей көкке демі.
«Апажан»,
Уәйімдама,
Асықпағын,
Ойлай берсең кетеді тасып қаның,
Қазір саған керегі тынышталу,
Жарамайды өзіңді жасытқаның...»
ххх
Келесі жыл келді ол ,
Дайындалып,
Ақзері күтіп отыр,
Уәйім қалып.
Қарағанды қаласы қайдасың деп,
Тартты олар
Артып ап мойынға жүк.
Ақзер үйден кіші ұлын ала шықты,
Бекарыстан атты бір қарашықты.
Туыстықтың өшпейтін ізін салған,
Сырын оның қазақтың даласы ұқты.
Апта бойы бірге боп ,
Мауқын басып,
Ғалым қалды қуанып,
 Қауқылдасып.
«Жезде ,-деді оған Орын кетерінде,
Кездесерміз біз әлі жарқылдасып,
Ұмытпағын,
Біз үшін алтын басың,
Келешекке сенімің сарқылмасын.
Жылдан аспай,
Ордаңа ораларсың,
Сол қуаныш оты тез жарқылдасын.»
Орынның келді айтқаны,
Орындалды.
Ол бейне сәт суына қолын малды.
Ғалым босап ,
Оралды ордасына.
Қуанды Орын,
Деп бұған жолым болды.
Түлеткен Ғалымды сол,
Асылы не
Еділбай қойын баққан кәсібі ме?
Өз үйінде,
Өз өлең төсегінде,
Жеткен бақыт жолының басы, міне.
Ғалымның өз ішінде мол-ды ақылы,
Білді ол екендігін қолда жүгі.
Баласы Бекіш алып кейінірек,
Депутат та,
Еңбекте ер болды ақыры.
ххх
.....Осылардың барлығын сыр ғып айтып,
Өткізген күндерін де,
Түнді қайтіп,-
Отырды олар Маңғыстау даласында
Білмейтіндей,
Жылжиды аспанда Ай түк.
Ақзер мен Ғалым көптің ортасында,
Айтса егер ойдағысын,
Ол тосын ба
Ақтарылды сан жылдар жиналған шер,
Кейде күліп,
Кей жерде қорқасың да.
Сәнім мен Мұсағали шақты мұңын,
Бәріне бірақ уақыт шашты гүлін.
Орын мен Құндыз тұрып сөйлеген соң,
Бәрі білді біткенін аптығының.
......Тартып еді неше күн оң қабағы,
Жанында отыр баллары,
 Сол ма бағы?
Болған ана қарап ап айналасын,
«Шүкір Алла»,
Шүкір деп толғанады.
«Жаңа күн туып келеді ,
Елге, міне,
Соған куә балларым келгені де.
Арманым жоқ өмірде,
Барсың бәрің,
Ризамын сендерді бергеніне»,-
Деп,
Болған ана айтты ақ тілегін.
Білдірді ұрпағына жақсы лебін,
«Сендерсің менің үлкен болашағым,
Таусылмайтын ешқашан
Тәттілерім...»
ххх
Содан бері көп жыл өтті,
Көп жылдар,
Әрбірінде қаншама сыр,
Тағдыр бар.
Жаңа ғасыр ашты есігін тағы бір,
Талай жанды арт жағына қалдырған.
Озды өмірден қыз-күйеулер,
Болған да,
Ұрпақтарын калдырып тек сол маңға.
Орекең ұлы әулеттің басы болған
Жетті ме екен қол созған сол арманға?!
Көз салыңыз істеген бар ісіне,
Тік келмейді істес болған кісіге,
Жас шағынан ешбір адам бетке кеп
Демеген еш,
Алмадық деп түсіне,
Домбырасы,
Ең сүйікті құралы,
Өмір бойы қару еткен құраны.
Жан серігі жанынан бір қалмайтын,
Ұйықтаса да,
Көз алдында тұрады.
Қаруы сол
Мейлі барсын қай жаққа,
Домбырамен таныс бүкіл аймаққа
Таныс өзі Москваға, сырт елге,
Өнер десе жүре береді айлап та.
Домбыраны үйретті ол талайға,
Оқушысын, сірә, ол кісі санай ма?!
 Қолға алған ісі болса бұл өзі,
Үйретеді,
Үйретеді ол қалайда.
Аталары қалдырыпты мол мұра
Айтшы өзің,
Байлық деген қонды ма?!
Қолында ылғи ,
Қашан көрсең
Күмбірлеп,
Ойнап тұрар алуан күймен домбыра.
Серік еткен оны құрттай шағында,
Деген емес,
Сорым ба бұл,
Бағым ба?!
Оны өмірдің өзі салған бұл жолға,
Отырады бір күні деп тағында
Ұзақ жылдар домбырасын қолға алып,
Талай күйді өзі тартты толғанып,
Сөйтіп жүріп жармасқанда баласы,
Басына бір ой сап етті,
Ол да анық.
Сөйтіп Орын көке бір іс бастады,
Болар мүмкін заманының дастаны.
Құлсариев ансамблі боп енді,
Шырқай түсті жанұяның аспаны.
Қолғанаты,Рухан,
Ғалия,Гүлнәр,
Қатар қаздай тізіліп ап,
Тұр бәрі
Жүргізуші ансамбльді Орекең,
Шықтыдағы,
Тыныштықты ұрлады...
Қол соғуда жұрттың бәрі,
Бір мезет,
Ысқырады,
Сөйлеушілер тіл безеп,
Осы сәтте ойладым мен еріксіз
Қастерлеудің ұлы күші бізде деп.
Кенжеш, Сәтбай,
Айжаны мен Гүлжаны,
Светасы,
Жүректегі нұрлы әні,
Сәкені бар,
Рахиласы, Раушаны,
Ауыздарын ашқан күйі тұр бәрі.
 Қолын соқты,
Басын иіп,
Жүгінді ел,
Танып бәрін,
Қуаныңдар!
Күліңдер!
Деп тұрғандай,
Құлақтарға сыбырлап:
Әкелерің қандай адам,
Біліңдер!
xxx
Орын ата,
Құндыз әже талайға,
Жаста талай,
Бірақ олар санай ма,
Алғашқысы әлі сабақ береді,
Жұмысынан қалғысы жоқ қалайда,
Кезіп жүріп Маңғыстаудың даласын,
Оқытты ол мұнда он бір баласын.
Білдей-білдей маман шықты олардан,
Көркейтуде бүкіл,аймақ,қаласын.
Соғыстан соң алған білім орталау,
Болмайды ғой,
Орынсызды қолқалау,
Балалары оқып жатты шетінен,
Тудырмайын деді оларға жорта дау.
Қазір енді мүмкіндік бар,
Уақыт бар,
Қол созуда
күтпеген кей бақыттар.
Диплом алды,
Жетпіс сегіз жасында.
Жалтылдаған .көзінде.ылғи жақұттар.
Құр кетпейді келген шәкірт алдына.
Үміті бар,
Одан сірә қалды ма?!
Шаршау деген ойында жоқ,
Байқасаң,
Күй тыңдасан,
Тартады естен тандыра,.
Алған атақ жетіп жатыр бір басқа,
Күні бойы айтып бітпес,
Сырласса.
Орын көке кіммен дәмдес болмаған,
Жерлестерін айтпай-ақ қой, құр босқа.
 Таңданба өзің десе өмірге қалаулы,
Үйрен одан жақынына балауды.
Дәл осындай,
Дәл осындай,Орекең,
Ондай адам жер бетінде санаулы.
ххх
«Осынау жылдар,
Орындалды ойдағым,
Қанша рет қиналдым да,
Тойладым.
Қаншама рет күтуменен жүргенде,
Қарсы алдымнан шықты күліп ойдағы үн.,»-
Орын көке дейді бүгін толғанып,
Тұрғандай-ақ жылылыққа қол малып,
Дидарынан төгіліп тұр ақ мейір,
Аппақ жүрек ар жағында ,
Ол да анық.
Жаңа мектеп,
Жаңа үйі өнердің
Өзімдағы сол өнермен көгердім.
Үрім-бұтақ, көрші—көлем,
Ағайын,
Балаларын мұнда оқытса сөгер кім?!»-
Деп ойлаған Орын көке, шынында,
Жасырмаған ақыл-ойын,
Сырын да.
Жетібайда бой көтерді өнердің
Бір мектебі.
Салынғандай Қырымда,
Айтар мұны ұрпақтары ән қылып,
Қайталанар талай рет жаңғырып
Жетпіс тоғыз жасқа жеткен көкеміз
Сый жасады ұрпақтарға мәңгілік.
Қызметіңіз тапсын ылғи жалғасын,
Арманыңыз алға итеріп арнасын.
Биіктесін ұрпағыңыз қашанда,
Мәпелеуден,
Еркелеуден танбасын.
Балаймыз сіздей жанды алтынға шын,
Атағыңыз аймақта жарқылдасын,
Ұлы көш екеуіңізден кейін ерген,
Ешқашан!
Ешуақытта сарқылмасын!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы