12.01.2022
  98


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Апат пен Жеңіс

Гүрлеп тұрған кезі ғой,
Жаңа ашылған,
Өзен қымбат бұл кезде сан асылдан.
Игеруге жол іздеп талай ғылым,
Мұнайшылар көз ілмей,
Таң асырған.
Жоғарыда білгіш те,
Талапты әркім,
Есептейді жан-жақтан қарап нарқын.
Бірі олай тартады,
Бірі бұлай,
Бас мәселе- қысымы қабаттардың.
Алынатын мұнай жоқ оңай ғана,
Болса да қанша қоры мол айнала.
Газ жіберіп,
Су айдап, қысым жасап,
Өндіреді әлемде, солай ғана.
Жоба тауып ерекше, бірі кенет
Шығарады өрекпіп үнін ерек.
Бірақ оған көнбейді,
Құрамы өзге,
Мұнайының Өзеннің түрі бөлек.
Тапқандай,
Сол «сырқаттың» бір-бір емін,
Жеңістің отауына кім кірерін.
Біле алмай жүрген көптің ортасында,
Рахаң да ойлап жүрген түрлі жолын.
Қабатқа қысым керек,
Қысым керек..
Қуат бар сол қысымның күшінде ерек.
Жоқ па екен соның бізге қажеттісі,
Әлемдік тәжірибе ішінде көп...
Иә, иә...
Біреу бар көңіл демдер,
Ақталар мүмкін содан,
Төгілген тер.
Айдағанда,
Су-мұнай арасына,
Сұйық газ балауызды өнімді ерітер.
Алайда сынақ керек бұғандағы,
(Сөз емес өзгермейтін Құрандағы).
Дәлелдеу керек бәрін...
 Керек бәрін,
Жарамас әншейін сөз,
Ұрандары...
Сыналған осынау әдіс әлемде деп,
Бүгін-ақ өз ойларын дәлелдемек.
Бірақ ол білген жоқ-ты...
Дәл сол күні,
Қаларын тірлік туын әрең демеп...
Кім үшін түйсе-дағы түйінді кім,
Айтпақ-ты жауапты да,
Қиындығын.
Талқыға салмақ сонда өз жобасын,
Одақтық маңызы бар,
Жиын бүгін...
Бірақ та жеткізбеген тағдыр мұны,
Сеп болмай іскерлігі,
Алғырлығы,
Құлатты орта жолда,
Ал ішінде:
«Айттым ғой?»-деп,
Әкенің жаңғырды үні...
Асығып келе жатқан жиынға олар,
(Асықпау мұндай шақта қиын болар).
Салмақшы сонда ортаға талай мықты,
Жобаның түрі болса, миында оңар...
Ақ «Волга» зымырайды жол үстінде,
Жол қалай,
Елемеген оны ешкім де.
Асфальтта төрт доңғалақ жарысады,
«Дес бермен,-дегендей –ақ-,
мен ешкімге.»


Мүлгиді жолаушылар,
Күбір тынып,
Таңғы ауа әлдилеген шымыр,
Тұнық.
Кенеттен,
Мін түсіріп жүрісіне,
Қалғандай болды көлік,
Бір іркіліп.
Қарайтын жер емес қой,
Тұрып келіп,
Деп өзіне сәл жайға үрікпелік,
Рахаң үнсіз отырды,
Салмақтанып,
Көңілі дүрліксе де,
 Күдіктеніп.
Түйсігің кейде бәрін ұқтырады,
Көрсетіп,
Демесе де: «Күт мынаны !»
Көңілі секем алған жаңылмапты,
Тағы бір іркілгенде...
Бітті бәрі...
Тірліктің осындайдан жалғаны да,
Жете алмай үміт,
Тілек маңдарына,
Қалғанда жаны жылап,
Жүрек қысып,
Жиыны,
Басқасы да қалды адыра...
Қырық екі жас...
Жер басып келген жері,
Болып қалды,
Жоқ оған теңгермегі.
Осы шақтан...
Осы бір күз күнінен,
Ғұмырының басталған сергелдеңі.
Қандай күйде жүрсең де қалмас арман,
Ажал деген мықтыңыз сан бас алған,
Өкшелеп кеп бұларды,
Тұра қалып,
Сол тағдыр мен тарихқа таңба салған.
Сынағы ма,
Әлде бір ойыны ма,
Жоқ- ау өзі,
Түкке де,
Тойымы да.
Әуелден - ақ міндеті ауыр жанның,
Артты енді батпан жүк мойынына.
Өтеріне бұл сыннан мол күмәні,
Қиындықтың ылғи бір қоңдылары,
Жиналып кеп алдына деп тұрғандай.
«Күрескіш болсаң егер,
көр мынаны.»
Сенбеген алғашында...
Сенбеген бұл.
Үміттің алуан түрін теңдеген бір,
Тілектің аппақ жібін бырт- бырт үзген,
Далбаса болып шықты ем деген құр...
Шын сеніп ізгілікке құмар жаны,
 Бұл мансұқ өтіп еді-ау бір Алланы.
Қайтадан қос қанатын жаза алмады,
Қайтадан екі аяққа міне алмады...
Жұлмалап жас жүрегі мың арнаны,
Неге бұл...
Неліктен деп ұрандады.
Бірақ та тағдыр одан қаймықпады,
Қайтадан табан басып тұра алмады.
Шүкір деп сөнбегені жарығының,
Өзгерте партия еккен сан ұғымын,
Садақа берсе қалай болар ед деп,
Есіне Алла түсті тағы мұның.
Іс пе бұл халқына жат,
Елге бөтен,
Демепті – ау,
Өз суымды кермек етем.
Неліктен әке бетін қайтарды екен?!
Неліктен сол тілегін бермеді екен...
Не пайда өкініш ой торлағаннан,
Не пайда болғаннан ел қолдаған жан...
Өмірін өзі арнаған сүйікті ісі,
Өзеннің даласында,
Ол да қалған...
Іс таңдамас, қалмас деп қолда кірі,
Басшы еді ізденгіш, мол-ды ақылы.
Жанұшырып жүргенде, мұнай қуып,
Байтал түгіл, бас қайғы болды ақыры.
Бір қайырым болған - ау тегі Алладан,
Тағдыр оны бәрібір жеңе алмаған.
Ерлік пенен қайсарлық, төзім менен,
Қасқайып, қарсы шығып, кек алды адам.
Елестеп, көз алдына батыс дала,
Лайықсыз көріп, текке жатысты аға,
Ойлаған ғұмырының алғы ағысын,
Деп енді,
Бір Алла мен Сақыш пана...
Бағыштап соған тілек, құлдығын да,
Сыйынып сол екеуге шындығында,
Шылбырын тағдырының ширатты енді,
Ерлік жасап, жетерлік бір ғұмырға.
Бас бұрып талап атты мәңгі жолға,
(Ежіктесе таусылмас әңгіме ол да).
Қара майдың қайтадан жырын бастап,
 Зерттеулерін, қайтадан алды қолға.
Қайта тауып күндерді нұр айдарлы,
Серігіне айналды мұнай мәңгі.
Таңдайына еңбектің тәттісі кеп,
Тіршілігі қайтадан шырайланды.
Еңбегінің көрініп алтын дәні,
Жеңісінің жалауы жалтылдады.
Жасампаздық туынан берік ұстап,
Сол үшін тартыстан да тартынбады.
Мәңгілікке орнығып көңілі шын,
Қайраткерге айналды өлі мүсін.
Ей,адамдар, сүйе біл тіршілікті,
Күресе біл осылай өмір үшін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу