12.01.2022
  169


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Әке мен бала

Екеуінің бір қуаныш,
Бір мұңы,
 Бірі үшін бірі бейне Күн нұры.
Жадыратар көздерінің ұшқыны,
Жабырқатар жүзге түскен кірбіңі.
Таниды ылғи бірін-бірі қабақтан,
Жанын егіз жасағандай жаратқан.
Жүректері бір-бірінің жүрегі,
Тамырларда бір-бірінің қаны аққан.
Әке, бала бір-бірінің жалғасы,
Қатар аққан бір өзеннің арнасы.
Біреуінде біреуінің жүрегі,
Біреуінде біреуінің таңбасы.
Әке, бала тілегі бір, үміт бір,
Ниетінде еш күмәнсіз тұнық нұр.
Бірін-бірі жан , жүрекпен түсініп,
Бір-бірінің сырын айтпай біліп тұр.
Тек биікке шақыратын оны алдан
Бала әке мақтанышы бола алған.
Тек биіктен көрсем дейтін баласын,
әке ойынан шығу – ұлға сол арман...
Көрген емес сезімдерін құм басып,
Келе жатқан сан белесті бірге асып.
Ұзақ кештер отбасында отырар
Қос мұнайшы жиі-жиі сырласып.
Көрген адам сүйінеді бұларды,
өздері де, сөздері де құнарлы.
Баласымен сан сағаттар әкесі
Істің жайын сөз етуге құмар-ды...
Ұлында еш ой болмайды пенделік.
Сыр айтады қатарына теңгеріп.
Жылу бөліп жылуынан бойының,
Көңіліне әкесінің дем беріп.
Ұрсар кейде, тауып жатса есебін:
«Бір-біріңе тимесін»,- деп,-келесің.
Ұңғыларың тұр ғой іске қосылмай,
Бұрғылаудан шыққанына неше күн!?
Қалай жүрем кешегімді аңсамай,
Іс бітер ме жаныңда сап, шаршамай!?
Әй, балам-ай, істеп тұрса сол ұңғы
Содан бері берер еді қанша май!?
Жүрмесе де қарап Ай мен жұлдызға,
Жұмысшыңа айт,
Бірақ та тым қызба!
Ең алдымен істің қамын ойласын,
 Ұңғыларды текке бұлай тұрғызба!
Ойыншы қой деп жүрмісің, жарқыным,
Табар деуші ем адамдардың бар тілін.
Көріп жүрмін,
Сенделеді күнде олар
Кеңсе алдында қол қусырып жарты күн!
Бармайды-ау жұмысына бір дұрыс,
Айдалаға кетіп жатыр күнде ырыс.
Бастығының түрі мынау, үйде отыр,
Күн-түн қатпай бітетін бе ед бұл жұмыс!?
Дейді: «Біздің кездің ерек белгісі,
Мұнайшының жоқ жексенбі, сенбісі.
Уақытымен бәрі жұмыс басында,
Келсін мейлі,
Келмесе де келгісі.
Арақ ішіп,
Тұрмас тілі күрмеліп,
Жер-ананың несібесін бірге еміп,
Күндіз-түні жүрсек те бел шешпестен,
Автобусты,
Асхананы білмедік.
Иә, балам,
Шаруам емес ол менің,
Мазалайды бірақ соны көргенім.
Асфальт жолмен зулап барып,
Бар ісі –
Тығын бұрау,
өзге жұмыс көрмедік...»
Осылайша жүргенінде,
Бір күні,
Тірлігінің өзгергендей кілт үні,
Май ішкендей әкесінің жүрегі,
Беймәлім бір күдіктерден кілкіді...
Әлгі ұрыстың бірі де жоқ бұрынғы,
Аяқасты болып кетті тынымды.
Ұрыс та жоқ, күлкі де жоқ,
Сөз де жоқ –
әке көңілі әлденеден бүлінді.
Екеуінің жазылмаған жұптары
Не айтса да әке сөзін құптады.
Бірақ кенет...
Жынын алған бақсыдай
Ұлы оған не болғанын ұқпады.
Өзгерісті бала бірден сезген-ді,
 өз сұрағын қоятұғын кез келді.
Әке бірақ жарылмады ағынан,
Ұл жүрегін осынысы езгенді.
«Көңіліңді ауыр күйден аршығын,
таста,-деген,-жүрегіңнің балшығын!»
Бірақ әке жарылмады сонда да,
Шаршады ұлы айтқыза алмай бар шынын.
Сыр бермеді үлкенге де,
Кішіге,
Келіспейтін секілді бар ісі де.
Ауыра ма екен әлде бір жері,
Кемпірі әлде кіріп жүр ме түсіне?!
Қарап жүріп кетті әкенің шын түрі,
Күшейгендей көкіректің күркілі
«Балам-ау,-деп,-
әкелші бір қой тауып»,-
түсініксіз қолқа салып бір күні.
«Қой не керек?
Жетіп жатыр ет деген»,-
Деген сөзге тіпті елең етпеген.
Бар сияқты ар жағында бір түйткіл,
Тынысына тежеу салып,
Кетпеген.
«Біліп жүрсің,
тыныштығым ұрланды,
шалғымкелген жолыңа бір құрбандық.
Түс көрдім мен...
Кетсінші тек өзімен,
Садақа деп соймақ едім бір малды...»
Білінбейді тегіндіктің жұрнағы,
Сөз төркінін ұққан енді бұлдағыДіншіл деген ат тағылып,
Дақ түспек
Коммунистік бейнесіне тұлғалы.
Құрбан шалмақ,
әке әлде сынай ма?!
Коммунистік ождан оған шыдай ма?!
Партияның шын адамы болса егер
Сыйынады соған,
Емес құдайға!
«Әке алдында қарызымды өтемен»,-
дей алмаймын,
бірақ қыспа төтеден.
Азаматпын елдің жүгін көтерген,
Діндәр емес,
 Коммунистпін, көке, мен!-
Деп, баласы қарап тұрды қасқайып,-
Мұндай сөзді осы жерге тастайық.
Кешір, көке,
Тыңдамаймын мұныңды,
Бірақ маған таға алмассың басқа айып...»
Деп, баласы жүріп кеткен ілгері,
Дедектетіп тірлігінің дүрмегі.
Бірақ әке ұмытпапты ниетін,
өмір тіпті болып шықты күрделі...
***
Арада уақыт өткен бір ай ғана,
Тыншыған бұл әңгіме лайлана.
Тіршілік өтіп жатты ретімен,
Қатыссыз партияға,
Құдайға да.
Тірліктің болар шаттық,
Болар мұңы.
Бір күні жайнап,
Бірде солар гүлі.
Пендеге тыныштық жоқ бұл дүниеде,
Сапарға шығып алыс,
Оралды ұлы.
Бар әлем қозғалыста мәңгі...
Мәңгі...
Әрбір жан өзінше айтар әрбір әнді.
Тоймайды адам мәңгі тәттілерге,
Тірлікте қандырса да сан құмарды.
Мұнайдың алуан сырын танып, көріп,
Жүрді ұлы жақсы істермен жарық болып.
Ойында жаңа жоба,
Тың бастама,
Тұрғандай жеңіс шыңын анық көріп.
Сүйікті ісөмірінің көрікті әні,
жүрді ойға,
істеріне еріп тағы.
Кетпеді тек көңілден бір көрініс,
әкенің өз түсінен қорыққаны.
Үш ойлайды ең кемінде,
Жүріп-ақ түрлі істің шеңберінде.
«Неге ол сонша қатты қуанды?!»-деп,
ай жүріп бұл сапардан келгенінде.
Жек көрер жылылықты қандай адам,
Тәттісі кетпейтіндей таңдайынан:
 Әдеті жоқ болатын мұндай тіпті,
Сүйді кеп еміреніп маңдайынан.
«Қатал-тын,
ешуақытта кішірмеген,
шіреп жүр осы әкем ішін немен?
Жұмсартқан қандай жағдай?»-
Деп, себебін
Сан рет іздегенмен,
Түсінбеген...
Бар-ау деп жақсы күннің таңғы лебі,
Мұнайы,
Соның қамы бар білері
Жүр еді,
Еске салды тағы әкесі
Сонау бір қолайсыздау әңгімені.
Жай сөйлеп,
Үстемдік қып ұрыспаған,
Кітапты қолына алып ұлы ұстаған,
Деп еді:
«ата-баба жолы емес пе,
садақа бергеніміз дұрыс, балам»...
Тастасын кім қай жаққа қай баласын,
Сексенге әке сөзден таймағасын.
Рас, қазақ қой сояды қорыққанда,
Жинайды садақаға айналасын.
Бірақ та бар үлкен бір талас мұнда,
Байқамай құран оқып,
Бал аштың баОқ қылып соны бірде өзіңе атар,
Дұшпандар жоқ демейді жар астында.
Сондықтан уәжін айтты,
Тыңдамады...
Қалайда көндірем деп бұл баланы:
«Мен емес,
Әкем деп айт жасап жүрген!»-
Дегенде түсіп кеткен ұл қабағы.
«Білесің, сауаттысың, саналысың,
сонда да билігіңнің қара күшін
жұмсағың келіп тұр ғой,
ұмыттың ба,
намазды неге қойдың балаң үшін?!»
Бұйым да,
әңгіме де басқа бітіп,
кітапты қолындағы тастады тік.
Сілейіп тұрып қалған осыдан соң,
 Қалғандай біреу кенет басқа нұқып...
«Шықпас-ау,
шықпас, балам, бұл есімнен,
болды ма деп қалып ем күресім кем.
«Құлыным,
Алла өзі жар болсын»,-деп,
әкенің сонда амалы түгесілген...
Жай еді бұл бір тілін күрмеп келген,
Жүрсе де көріп сый мен құрметті елден.
Алынды партиядан бір жас жігіт,
Ұлы үшін құртақандай,
Сүндеттелген...
Сол кездің ойға сыймас тірлігі шын,
Шайқалып тұрғандай-ау күнде ырысың.
Әйел-ердің жағдайын бюро шешіп,
әке мен бала күйген бір-бірі үшін.
Көрмеген ханзада да,
Хан қызы да,
Болады-ау бұл өмірде сан қызық, ә!
Намазды қойған сонда Өтесін қарт,
Қырсығы тие ме деп жалғызына.
Жоқ бірақ одан ұлын қарық қылған,
Тек өзі болған сынды анық құрбан.
Садақа жайы қайта қозғалғанда,
Баласы соны есіне салып тұрған.
Кетірген ниетінің сәнді реңін,
Білді әке өнбесін бұл әңгіменің
Жүрегі қан жылады,
Берер еді-ау
Ұлы үшін қажет болса жан, жүрегін.
Деді әке: «неге менің шамам келсін,
Келетін пәле болса маған келсін!
Баламның оң істері өркен жайып,
Тасыған абыройын аман көрсін...»
Тіледі осыны енді,
Басқа амал жоқ,
Баласын өзге сөзбен жасқаған жоқ.
«Қайтейін, сен әйтеуір аман бол!»-деп,
аузынан ақ тілегін тастаған жоқ.
Жылаған...
Қарт жүрегі қан жылған,
Арманы тапталғандай албыраған.
Түсінер оны ата-ана бала сүйген,
Түсінер зейіні бар әрбір адам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу