12.01.2022
  105


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

МҰНАЙШЫ

1964 жылы Өзен мұнай-газ өндіру басқармасын құрып, оның тұңғыш бастығы болған атақты мұнайшы, белгілі қаламгер Рахмет Өтесіновке арналады.
Аңыз өмір
Ғұмыры оның аңыз ба,
Ертегі ме,
Шықты, әйтеуір,
Өмірдің ең төріне.
Жаңаөзенде жайқалған тіршіліктің,
Ұқсайды енді желбіреп,
Желкеніне.
Өрге қарай домалап алғаш тасы,
Атанды деп, (болса да бар басқасы)-
Атыраудың алмастай ақ кездігі,
Маңғыстаудың маңдайлы,
Марқасқасы...
Рухы оның жаралған күрестерден,
Ғұмырына содан мол үлес берген.
Көрінбесе егер ол сәуле шашып,
Ұлылығын ұлының кім ескерген...
Болады ғой десең де жас та мықты,
Қиын шақта қаймықпай қасқарыпты.
Жиырмада үйіріп басқарманы,
Ауданыңды отызда басқарыпты.
Өмір оны сынақтан мың өткізген,
Жүрек қылын сан рет дір еткізген.
Иығына зіл батпан жүгін артып,
Қары талар салмақтан білекті езген.
Сыр бермеген,
Бірақ еш сыр бермеген,
Жағаласып бойды езген күндерменен.
Шыдаған ол бәріне сынақтардың,
Сау болсын деп, әйтеуір,
Мінген кемем...
Сол бір жап-жас мұнайшы,
 Жұмыскерді,
Жаратқандай бастауға ұлы істерді.
Басқарма ашып Өзенде мұнай,
Газға,
Жаңа өзендей қалаға тыныс берді.
Тарихында қалды енді таңбаланып,
Көкірегінде оянған арман алып.
Жанын салған соларға жан берем деп,
Рахмет аты жүр енді самғап ағып.
Өтеймін деп адамдық парыздарды,
Әкелді ол өмірге сан ізгі әнді.
Жүріп өткен іздері сайрап қалған
Аңыз оның өмірі...
Аңыз мәңгі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу