Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  132


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ДОМБЫРА

Жан досым, тартшы тағы домбыраңды,
Күйлерің тамаша ғой... сол бір әлгі...
Кеудемде қуыс жатқан жерлер болса,
Дейін мен соларыңмен толды мәңгі.
Жан досым, тартшы тағы күйлеріңді,
Бір әуен еніп кетті үйге мұңлы.
Сол маған өткен күннен ғазал айтқан,
Сол менің бұра тартқан бүйрегімді.
Күмбір күй бара жатыр балбыратып,
Мына үйде келе атқандай таң нұры атып.
Осы сәт бұл кеудеде жалғыз тілек,
Жалғыз-ақ осы күйде бар мұраты.
Ғажабын төкті өзі жүрек енді,
Сан сезім көкіректен түргеледі.
Әлгінде қарадүрсін тұрған дүние
Айналып тылсым сырға жүре берді.
Шер қалмай енді мүлде тарқамаған,
Күй кетті Жер бетінде анталаған,
Бар әлем осы сәтте үйіп-төгіп
Бергендей қасиетін сарқа маған.
Қос шектің қасиеті жүгіндіріп,
Көңілдің әкеткендей түгін қырып.
 ...О досым, сенің-дағы бір қырыңды
Бұл менің отырғаным бүгін біліп...
***
Екі ішек, тоғыз перне сыналаған,
Сарқырап сыр төгесің құламадан.
Сен бейне көп жүректің бар асылын,
Жинаған бір кеудеге бір-ақ адам!
Уақыттың жебеуімен ауыр сыны,
Бойыңа тұнып қапты дәуір сыры.
Заманың ақ құс болса, о домбыра.
Сен бопсың оның алтын қауырсыны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу