Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  128


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ШЫНДЫҚ

Кейде тәтті, кейде ащы бұл шындық,
Дәлелдеуге ылғи оны құлшындық.
Жармасқанда етегіне шөңге боп
 Пендешілік, арамзалық, күншілдік.
Тұсау салып ақ қанатты арманға
Үстемдік кеп алқымынан алғанда
Шеңгелінде жанұшыра шырқырап,
Ізгілікке қол созғаны жалған ба?!
Іздедік біз оны ауыр жолдардан,
Соны ойлаудан көкірекке толды арман.
Қан майданда қырғын салып сол үшін,
Мұраты мен намысы елдің қорғалған.
Жауыздыққа нысана боп арнайы
Күндер де өткен нашарлаған хал-жайы.
Қиын-қыстау талай тұстан келеді ол
Жарып шығып жарқыраған маңдайы.
Кейде тәтті, кейде ащы шындығым,
Солмасыншы есте сенің бір гүлің.
Жүректерге жігер құйып, қуат боп
Сайрашы ылғи, қызыл тілді бұлбұлым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу