Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  96


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

КЕҢДІК

Жомарт жүрек, кең пейіл, дархан жаны,
Адам талай құрсауды талқандады.
Ұға білсе қасіретін қандасының,
Өзгесінің түк емес, қалқам бәрі...
Ашу-ызаң қазандай қайнағанда,
Әлсіздігін өзгенің пайдаланба.
Түсінесің бәрін де сонда өзіңдей,
Қанша пенде жүрсе де айналаңда.
Жеңе білген пейіл мен жан тарлығын,
Көңіліне қондырмас қаңтар күнін.
Шешер бәрін ақылмен, мейіріммен
Бәрі қымбат адамға, қалқам, мұның.
«Адам күні адаммен», білесің бе,
Сақтағайсың қастерлеп мұны есіңде.
Өрлігінің кеудесін басыңқырап,
Кеңдігіңді лақтырма күресінге.
Бұл өмірдің қашан да дайын сыны,
Содан ата-анаңның уәйімшілі.
 Кездестірді тағдырың бүгін саған
Бабаларың көрмеген қайыршыны.
Алтын балық ілігер қармағыңа
Басыңды иіп қайырым заңдарына,
«Тигізе гөр, тәңір»,-деп шапағатын!,
Жеті теңге тастай жүр алдарына...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу