Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  106


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ТІРШІЛІК

Тамаша ма өмір сүру, қиын ба,
Зуылдаған жел ме, әлде құйын ба?
Үлгермеген секілдімін соны аңдап,
Сапырылыс тек әйтеуір миымда.
Көп күн өтті бастан әлде аз-ақ па,
Кезікпесін жек көру мен мазаққа,
Өзгесі өзі-ақ орнына кеп жатпай ма
 Басы аман, малы түгел қазаққа.
Ұнатпаса жаныменен сүйіп кім,
Біреуге ашық, біреуге тым тұйықпын.
Жүргенімде бір жығылып, бір тұрып
Сан ондықтың басына су құйыппын.
Қуанышты ұстамаппын уыстап,
Күндерім аз озып шыққан ту ұстап.
Кеудемді тек қарайтқан жоқ ешқашан
Менмендіктің өркөкірек буы ыстап.
Елемей-ақ бұл дүниенің тар-кеңін,
Жүрсем-дағы өкінішім бар менің.
Алуан-алуан тіршіліктің қызығы
Шым-шымдап тек татырыпты дәмдерін.
Бір күн қызық деп сенсем де бір күннен,
Адымдамай баяу, бақа тырбыңмен.
Әркімге өз басы қайғы бұл күнде
Аяғымды нық баса алмай жүрмін мен.
Өмір деген үлкен жолда сан тармақ
Жүрегіме арман-пырақ арқандап.
Көздеген өз биігіме жетем деп,
Жолсыз жерде келем әлі қалтаңдап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу