Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  162


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ӨЗІММЕН ӨЗІМ ҚАЛҒАНДА…

Сырғанайды сездірмей сағаттарым,
Байқамаймын кеш батып, таң атқанын.
Көріп, білген санада жатталып тек,
Қалдыруда ойда сыз, қабақта мұң.
 Қауырсынын ұшырып қанаттарым,
Шығара алмай сыртына жан аптабын.
Пенделіктің шаңына ілесем деп,
Қанша уақыт құр босқа далақтадым.
Талабымның жазықсыз сағы сынып,
Сынды қанша сытырлап қамыс үміт.
Аласапыран заманда алпарысып,
Жақсылықтар іздедім жан ұшырып.
Жау тигендей ойрандап гүл бағыма,
Айналдым ба әлде бір құрбанына.
Түсіне алмай дал болдым қанша рет,
Замананың құйтырқы сырларына.
Қанша рет бойымның бұзып қанын,
Сағым болып жоғалды қызыққаным.
Тақ-тұқ болды таңдайға меймілдемей,
Көрсем деген пенде боп қызықтарым.
Жоғалмасын, жоғалсын тамаша үміт,
Озбас еш жан заманнан дара шығып.
Аласапыран уақыттың құшағында,
Өтем бәлкім осылай аласұрып.
***
Күн өтеді, түн өтеді – алуан ізі артында,
Алпарыста қанша пенде ілесе алмай қарқынға,
Тіршіліктің сол жолында айналады марқұмға,
Қанша пенде,
Қанша пенде ес жимаған қалпында.
Ойхой, дүние, жеткізбейсің,
Шек те, шет те жоқ сенде.
Ұрындырдың қанша жылды ес жидырмай от, селге.
Жеткізбен деп еш түбіме қанша жолды өтсең де,
Ұмтылдырдың сан берікті еш жақсы деп кештен де.
Ұғына алмай құштарлығы соры әлде бағы ма,
Байлық шіркін күле түссе, байимын деп тағы да.
Қанша пенде ғайып болды қанағатсыз барына,
Енді ғана қол жеткенде тұлпарының жалына.
Шіркін дүние мың құбылып, қызыл-жасыл малынған,
Қорып сені қанша пенде қызғаныштан тарынған.
Дегізбестен: дүние – боқ, артық емес арымнан,
Дегізбестен: басым қымбат, садақа деп жанымнан...
Қанша пенде сені қуған тәпік етті бәрін де,
Уа, адамдар, білсең егер...
Білсең егер мәлімде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу