Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  86


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ӨЗІМ ТУРАЛЫ

Қолымда – қаламым,
Алдымда – жол даңғыл.
Құйылып тұратын оңнан нұр, солдан – нұр.
Аспаным арайлы,
Көңіл де зәңгір-ақ,
Кеудемде тағулы мақсатты арман гүл.
Талаптың қашан да сүйрейді өрге аты,
Жүректе сондай өр талаптың қолхаты.
Қолымда – қаламым,
Алдымда – жол даңғыл.
Келемін мен де бір Отанның солдаты.
Ісім – оң, біледі, сенеді шартарап,
Жетелеп келеді ілгері әр талап.
Кеудемде жүрегім соғады бұлқынып,
Келемін өзімше ел жүгін арқалап.
Жылтырап алыстан үміттің шырағы,
Қуантып, күш беріп, щақырып тұрады.
Ұмтылам мен де оған мақсатты ту етіп,
Ашылып көкейде бақыттың бұлағы.
Алдымда тек қана жақсылық – сенемін,
Сенесін, алдымда тек қана керегім.
Заманым сыйлайды мен үшін бәрін де,
Бойымда барымды мен де оған беремін.
Талаптың қашан да сүйрейді өрге аты,
Жүректе сондай өр талаптың қолхаты.
 Қолымда – қаламым,
Алдымда – жол даңғыл,
Келемін мен де бір Отанның солдаты.
***
Ала алмайды тағдыр еш бәрін менен,
Биікпін мен рухыммен, арыммен.
Сондақтан да қадамым нықтау менің,
Сондықтан да жүзім шат, әнім де ерен.
Көтерермін тағдырдың батпан жүгін,
Солдырсам да арманның таққан гүлін.
Бірақ маған бәрібір қымбат өмір,
Жүрегімде адалдық жатталды ұғым.
Кездесермін қиындық, шырғалаңға,
Таусылмайтын ешқашан бұл ғаламда.
Ізгілікті бірақ мен жоғалтпаспын,
Ұзамаспын шындықтан бір қадам да.
Ала алмайды тағдыр еш бәрін менен,
Алса-дағы қымбатын дарын деген.
Тік ұстаймын еңсемді сондықтан да,
өйткені мен биікпін арымменен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу