Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  128


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

КӨҢІЛДЕГІ КӨЛЕҢКЕЛЕР

Бұлт торласа көк аспанды, көлеңкелер басса егер
Ашу отын жарқылдата, долылана ол жас төгер.
Көкіректерді бар қоқыстан беретұғын тазалап
Болса ғой бір дәл осындай сесті, сұсты хас шебер.
Ақыл-ойдың сәуле шашар қасиетін тұмшалап,
Қаншама жан пенделікті мықтылыққа жүр санап.
Күш болсашы әлемде бір жарқыратып сананы
Бәрін бірге тоғыстырар тым болмаса бір сағат.
Сонда дүние өзгереді, өзгереді шын, білем,
Оянады талай ізгі ой орманы мүлгіген.
Бір-бірінің жан жарасын тырнамай-ақ, мәпелеп,
Бірін бірі жүретұғын көрер ме ем сол күнді мен.
Туысым-ау, досым менің, ей адамдар – бәріміз
Көп ойларды көлеңкелеп туармыз-ау әлі біз.
Содан бәлкім ағарады шашымыз де ертерек,
Содан бәлкім емес біздің ойдағыдай халіміз.
Жүрсек-тағы еш алаңсыз, көрмегендей бұрын түк,
Содан кейде қайғы жұттық, қатерге де ұрындық.
Белгісіз-ау көлеңкеден шыға келер қай күні
Лас көңілдің тереңінде бұғып жатқан зұлымдық.
«Жақсылыққа жақынсың ба, жамандықтың кімісің?!»-
Деп сұраса жерге қарар жанның күні құрысын.
Алдарыңда жиі-жиі ақтарылғым келеді,
Көңілдегі көлеңкелер тарылтсын деп тынысын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу