Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  134


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ӘРБІРЕУДІ АЛҒА СҮЙРЕП ӘР КЕМЕ...

Мен адаммын...
Сен адамсың...
Біз неге –
Саған, маған дейміз шаттық іздеме...
Хақылы оған...
Хақылы оған бәрі де,
Үлкен –кіші, жігіт деме, қыз деме...
Мен – адаммын,
Сен – адамсың,
Біз неге,
Саған, маған дейміз шаттық іздеме.
Қуаныштар сусыны ғой жүректің,
Қажетсінер адам оны жүзде де.
Сен – пысықсың,
Мен – ақылды, ол – білгір,
Ал мынау ше,
 Байлығымен көл бұл бір.
Бірақ та біз ортаға сап бәрінен,
Жинай алмай келеміз – ау, мөлдір нұр...
Әрбіреуді алға сүйреп әр кеме,
Өз шаттығын байлап әркім дәртеге.
Өзі шыққан төбешігін айналып,
Соны өзінше көреді екен мәртебе...
Жеке мұрат,
Жеке мүдде,
Жеке дау,
Болмас кейде ізгілікке екі орау.
Шылауына шырматылып жүргенде,
Өмір шіркін мазақ етіп кетеді – ау...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу