Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  135


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

НАМЫС

Мақсат мүлдем, ойларым мен арманым,
Қанша гүлдеп, қанша бағы жанғанын.
өлшейді екен мені әкелген ортаның,
безбенімен тірлігімнің салмағын.
Мәртебесін адам деген ардақты ат,
Ұстадым ба, былғадым ба арды аппақ.
Алуан сынға салып өзі оңды-сол,
Өмір мені көреді екен салмақтап.
Мұны ұқпай-ақ жүріп соған алаңдап,
Намыс туы болмағандай маған жат.
Мәнін терең түсінбейтін кезде де,
Қатарымнан қалдырмапты ол табандап.
Өз ісіне жауапсыздау жау санап,
 Тексеруші ем басталарда әр сабақ.
Бірге жүрген, бір класта оқитын,
Көрші қыздың «екі» алғанын ар санап.
Қыз болған соң бір ұят деп бір мұңым,
Бірге қуып қабақтағы кірбіңін.
Себеп іздеп, түсіндіріп, ақтаушы ем,
Қолайсыздау мінездерін құрбының.
Бөліп жүрген қуанышын таңдардың,
Сенген досым соққы көріп, қалған күн.
Хал білем деп табылмаса жанымнан,
Сырт айналса – мойындауға арландым.
Намыс қуып, суайтпенен алыстық,
Сөзге келдік пысықпенен қаны ыстық.
Талай рет килігіппіз дау-шарға,
Жағымпазбен тілдесуді намыс қып.
Намысымды сатқан жоқпын сыйға еріп,
Жүрек сөзі біреу – сүйдік, сүймедік.
Илікпедім көңіліме жақпаса,
Біреулердің мансабынан именіп.
Иілмедім, кез болса да жылаған,
Намысқа ие болар мендей бір адам.
Керек болса, құдайдың да көзіне,
Сол себепті тура қарап тұра алам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу