Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  131


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

АЗАТТЫҚ ЖЫРЫ

Табыстырған әділет, теңдігіме,
Қол жеткіздік қазақтың елдігіне.
Құтты болсын күттірген жаңа заман,
Азаттығым аңсаған келді, міне.
Аспан зеңгір қарасам,
Қызығың көп санасам.
Жаны жайсаң халқым-ау,
Таусылмасын тамашаң.
Боп жүргенде күлкің аз, уайым басым,
Жаңа күнің жақсылық дайындасын.
Көсіп қалған қолыңды көп дүниені,
Тоқшылықтың жалынан айырмасын.
Болсақ-тағы сан ығыр,
Көктемдердің жаны гүл.
Айналайын, халқым-ау,
өмір қымбат бәрібір.
Сұры қашып қанша рет тірлігіңнің,
Қанша рет бір тұрып, бір бүгілдің.
Енді қанша келсе де күңгірт заман,
Берекесі қашпасын бірлігіңнің.
Артып елдік айбынын,
Жарқырасын Ай-күнің.
Ырыс құйып, халқым-ау,
Үстей берсін байлығың.
Тереміз деп сенейік ырыс гүлін,
Төзімділік дегенің ұлы іс бүгін.
Аман болсын еліміз алдыменен,
Тілейікші заманның тыныштығын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу