Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  158


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ЖЕҢГЕТАЙ

(Майлыбай мен Бибіажарға)
Қондырғалы қайнымның аспанына Ай,
Жеңгетай боламын деп,
Сасқаным-ай.
Жауаптылық сездірген,
Қысталаңда,
 Не салды – деп, қорқыппын, - басқа құдай.
Шықса егер,
Туыс, жат бәрі ысқырып,
Білмейсің жақын ба әлде алыс па үміт.
Жеңгелік жасаған сол бір күндерім,
Кетті әйтеуір екеуін табыстырып.
Таныстықтың ширатып жібін бұлар,
Той жасатты қазаққ,
Шығын құмар.
Той дегенде,
Қу басты домалатып,
Әлмисақтан жол салған бұрынғылар.
Екіншісі көбейтіп бір баланы,
Үйлерінде сан сәби іңгалады.
Отырып ап енді мен марқаямын,
Игерген бір жандай-ақ тың даланы.
Сияқты бірі құлын,
Бірі ақ елік,
Шаңыраққа сый етіп бұла көрік.
Бара қалсам,
Шуласып бір топ бала,
Дәумамалап алдымнан шығады өріп.
Келінім мен қайным да жүгірісіп,
Құр шайын да тарқаймыз күліп ішіп.
Қыз салмақты,
Түрі де өзімдей ғой,
Саған тартқан жылпос деп ұлы пысық.
Жұпты таппай,
Қандай сор, семсең жүрек,
Кім талпынбас,
Көтерем еңсемді деп.
Қорқамын мен...
Қорқамын бұл сәттілік,
Болған шығар деп мүмкін ең соңғы рет.
Өз отауын қаншама жан сағынып,
Жеңгетайын күтіп жүр қанша жігіт.
Келді қанша үміттің қақпасына,
Тілек қуып арман мен сан сабылып.
Жүрмеу үшін жүректер жетімсіреп,
Бол дейді жұрт жеңгетай екінші рет.
Жәудір көздер бірақ та тұратындай,
«Өзім іздеп көрейік,
Кешірші», - деп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу