Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  100


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

НАУРЫЗ

Көтеріп қыс түсірген ұнжырғасын,
Ұзартқан бой жаздырып күн мырзасын,,
Оятқан Жер-ананы ұйқысынан
Наурыз депті қазақ жылдың басын.
Талаппен елге құтты,
Ізгі,
Ардақты
Қадайтын жерге түрен біз бармақты
Наурыз келеді екен жылда бізге
Із тастай қадамына қызғалдақты.
Ажыратып қыспен ірге жұраттықтан,
Батырдай қатал, үлкен сынақта ұтқан,
Айнымас табиғаттың анасындай
Мәңгілік тіршілікті мұрат тұтқан.
Бұл күні сәлем беріп, төс қағысып,
Бір бірін еске алар, дос табысып.
Наурыз көже құйып қазанынан,
Отырар жарастықпен қостап ішіп.
Адамның мерекелі, шат күлкісі,
Жайдары үй арасы,
Бақтың іші.
Сандықта жатып қалған,
Әжелердің,
 Алмасты көк пүліші,
Ақ пүліші...
Қолқалап,
Жердің жүзін мұң баспауын,
Болсын деп сырлас халық,
Сыйлас - қауым,
Құратын жасампаздық салтанатын,
Қазағым осы депті жыл бастауын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу