Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  128


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ТЕҢІЗ ӘУЕНДЕРІ

Күн сәулесі ойнайды бет жүзінде
Сық-сық күліп,
Жымыңдап кетті мүлде.
Ғажайып келмес еді дәл осындай,
Қолынан,
Ең бір шебер,
Ептінің де.
Ойнайды толқын сұлу су бетінде,
Міні жоқ жалт-жұлт еткен суретінде.
Ол бейне мың құбылған келбетімен,
Теңізді сұлулыққа үйретуде.
Ойнайды мың сан толқын ырғатылып,
Ажары көз тартатын сырға тұнып,
Ұдайы жарқ-жұрқ еткен келбетімен,
Иығын бір шығарып,
Бір батырып.
Барады әлдеқайда жағаласып,
Күн күле қарайды оған қабақ ашып.
...Менің де от көңілім алып ұшып,
Кеткендей соларменен араласып.
ххх


Тып-тыныш-ақ,
Толқын біткен сап бопты.
Жаймашуақ,
«Қойдық», - деп тұр ақ-көкті.
Аппақ көбік,
Ақ моншақтар төгілген,
Көңілдердің түпкірінде қап кетті.
Көз тартады теңіз қазір көкпеңкөк,
Жарқырайды,
Көңіліңнен төккенде от.
Жарқ-жұрқ сол суреттің алдында,
Тұрасың сен,
 Бастан күйің өткен деп.
Қарай берем,
Сұлу еді су қандай,
Иір-иір әлденені жуғандай,
....Ұзақ уақыт қарап қалдым мен оған,
Ойға шомып,
Мен де сонда туғандай.
ххх
Желмен бірге долданыпты көк теңіз,
Мұндай шақта одан пайда жоқ деңіз.
Тек ашулы дидарына көз салып,
Тұрайын мен өзге ойға боп негіз.
Көкке шапшып,
Бет қаратпай толқыны.
Өрекпиді өршелене солқылы,
Еске түсіп сонда кейбір адамдар,
Ұйқың қашар,
Көпе-көрнеу ол түні.
Буырқанған алып толқын жұлқынып,
Жағалауға ұрып еді,
Күлкі ғып.
Шашыратты оны сонда әлдекім,
Тұрған қарап, жымыңдады жұрт ұғып...
ххх
Толқын ұрып,
Бірқалыпты ырғақпен,
Ән салғанын,
Жағалауда тыңдап па ең!\
Теңіз шуы дейді оны біреулер,
Жай шу емес,
Ол әсемдік, сымбатпен.
Жүгіреді жағалауда жарысып,
Жарастығы мол бір күймен табысып.
Қайда жортып барасыңдар,
Толқындар,
Бір тыным жоқ теңізбенен алысып.
Жалт-жұлт етіп,
Сағым түссе жарқырап,
Зерлегендей,
Судың бетін алтын ақ.
Кетеді оның жүзі кенет нұрланып,
Кереметін дүниенің бар тартып ап...
 ХХХ
Ойнайды ол ,
Толқындары көкпеңкөк.
Жарқырайды,
Күн аспаннан төккенде от.
Жалт-жұлт етсе,
Көк теңізді әсемдей,
Қараңызшы\
Мойын бұрмай өткен жоқ...
Буырқанып,
Бірде тасып, тулайды,
Айналаға тыным бермей,
Шулайды.
Құлақ түре дыбысына,
Мүлгисің,
Ұмыт болып,жүректегі у қайғы.
Түйдектелген сезім қалып соңында,
Шулайды тек теңіз оң мен солыңда.
Бірте-бірте ұмыт болып өзгесі,
Түсінесің тұрған күшті қолыңда.
О, теңізім, Тула мейлің жарқырай.
Қарсы тұрмас ешкім сенің қалпыңа.
Айдыныңда мың сан толқын ойнайды,
Жарқ-жұрқ етіп,
Сыр жасыра артына.
Сырға толы, жыырға толы өз тұлғаң,
Үн-түнсіз-ақ қанша ғасыр оздырған.
Талай сойқан болып сенің төсіңде,
Талай адам құлап,
Сенде көз жұмған.
Сөз емес, ау,
Қайғы-мұңнан туған жай,
Қалатұғын жүректерде у бардай...
Қарағанды жадырата беріңдер,
Толқын,..
Толқын жаңа туғандай,..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу