Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  146


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ӨМІР ТУРАЛЫ

Өмір деген ойлағам
Көл-дария деп бұрын мен
Есептемей әуелгі шақтарымды сүрінген.
Бәрін күтіп ертеңнен,
Бүгінгі бос күндерді
Жолбасы деп алдағы қиялыма жүгінгем.
Мағынасыз сағаттар ғұмырдағы тамшы деп,
Көкірегім ертеңге сақтап жүрген ән шіреп,
Аңғал-саңғал өткенім,
Жол ортадан асыппын,
Мысым енді құрыды өкініштен қамшы жеп.
Ойдан, қырдан там-тұмдап,
Жинаған бар білімді
Талғажау ғып,
Дегенде бойым енді жылынды,
Өтіп кеттік мәреден деген сөзді айта алмай
Қашқақтайды ұстатпай уақыт деген жырынды...
***
Жуғанда батпан кіріңді
Жуыла алмай қырсығып
Тонадың қанша күнімді
Күлкісін күйбің тіршілік.
Сағыныш құшақ ашқанда
Сәулесін іздеп жаныңның
Алдымнан шығып басқа арна
Сыйыңнан қанша қағылдым.
Сән түзеп, сергіп, сызданбай,
Қуаныштарды шаң басып.
Денсаулықты ерттеп міне алмай,
Жалына келем жармасып.
Болады қалай орынды,
Берсең де бойға кісілік.
Арманға созған қолымды
Берірек қойдың ысырып.
Жағалау-теңіз тәрізді
Жарысып, мәңгі қосылмай,
Өтеймін деген парызды
Пенденің күйі осындай...
***
Ойымда жоқ менің де, сенің де өлім,
 Есептейміз қанша дән себілгенін,
Сұлулықты қызықтап небір керім,
Деп қойып жақсылыққа сенімді едім.
Ойымызда жоқ біздің жұмақ, тамұқ,
Бірімізге біріміз сыр ақтарып,
Талай боздақ жатқанда құлап қалып,
Көңіл айтып кімдерді жұбатпадық.
Ұштасқандай бұл ғұмыр мәңгілікпен,
Мәзбіз шаққа көңілді ән жібіткен.
Қалжыратып жүректі сан күдікпен,
Өмір кештік пендеге тән ғұрыппен.
Табынуды қоя алмай күші барға,
Шектен шықтық бойда қан ысығанда.
Боялғанда қара жер түсі қанғаДедік: шүкір, аманбыз,
Шүкір, алла...
Бәрібір тайыз, әлде білікті адам,
Тұйық па әлде сырын құлыптағанҚұлы болып кетеді-ау бір басының,
Адам, сірә бар ма екен мұны ұқпаған.
...Бас иерлік жан бар ғой десем егер,
Жандар шығар құдайын ұмытпаған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу