Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  181


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

СУЫРЫПСАЛМА

Суырып сап, шегелеп,
Көңілі өсіп от құмар,
Ақын деген керемет
Сөзден семсер соқтырар.
Шабыс хабар жеткізіп,
Бәрібір деп қарт, балаң
Көзі жанып, ет қызып
Бәйгеден бас тартпаған.
Жылт еткенде жан сыры
Жақындатпай бір табан,
Қарап тұрмын қарсыны
Қиып түскен қылтадан.
Жай отына шарпылып,
Жалын болып бір шығар.
Жұлқып қашып, шарт ұрып,
Тістесуге құлшынар.
Іліп түссе қармағы
Ойнап шығып күш кенен,
Сөздің сырлы салмағы
Мәртебесін үстеген.
Отырғанда көк құшып,
Жанарында сан ұшқын
Шапқа кетсе от түсіп,
Қозар шоғы намыстың.
Қолпаштауға үйреткен,
Етсе-дағы көпке елең,
Ондай шақта түйдекпен
Шашырайды отты өлең.
 Дайын тұрса қалтада
Ұтқыр жауап, тапқыр ой –
Кеуіп тұрған аңқаңа
Тамып кеткен тәтті ғой.
Бір-ақ шауып тастайтын
Сөзден балта саптайды ол.
Бейғам күйің қашты айқын,
Тамашаға батпай гөр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу