Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  124


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

АБЫЛ АҚЫН

Хас жорғадай тайпалы, сылаңдаған,
Жыр тізгіні қолынан шығармаған,
Өлеңінің шуағын елге шашып,
Бойға нәрді жинаған мың арнадан.
Абыл ақын сөзге еш тосылмастан,
Күйкі тірлік үніне қосылмастанДұшпанының майып қып бар үмітін,
Мерей сыйлап, сыйпаған досын бастан.
Болмаса да өзгенің еш кемдігі,
Ажарланған сеспенен, күшпен күні
Шонжарларың ақыннан қаймығыпты,
Бәсең тартып міз бақпас үстемдігі.
Қоңсысы боп әрқашан ақыл-нардың,
Сойылын соққан ұлы батырлардың.
Құртқан талай жүйкесін өрлігімен
Баймағамбет сұлтандай пақырлардың.
Кезі болмай еш жерде мүдіретін,
Тіліміздің тасытқан құдіретін,
Өткірлігін жетеге жеткізіпті,
Қалмасын деп қызыл сөз тірі жетім.
Асып түсіп айтқаны бір-бірінен,
Даралықтың лебі есіп тірлігінен
Абыл ақын келеді от боп ұшып
Рух таратып мәңгілік түндігінен.
Ұя сала алмастан жанына түн,
Тау суындай тасқындап, ағылатын.
Неше ғасыр өтсе де Жер бетінде
Адайдың бас ақыны – Абыл ақын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу