Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  105


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ОЙ ЖҮГІРТСЕМ АЙНАЛАМА

Ақыл-теңіз, зұлымдық та шексіз-ақ,
Өмір жібін олар қатар есті ұзақ.
Бір-біріне тізгін бермей келеді,
Жүзіне ақыл салмаса да еш сызат.
 Ақыл теңіз, шапағатты дарытқан,
Әуеніне қолдау тауып халықтан.
Ал зұлымдық бейкүнә пәк тірліктің
Қызығы мен қуанышын арытқан.
Ой жүгіртсек айналаға тінткілеп,
Шығар шақ аз жан семіріп, жұрт түлеп.
Қайғырмайды екен шын-ақ жан семіріп, жұрт түлеп.
Қайғырмайды екен шын-ақ ешкім де
Зұлымдығым жазықсызды құртты деп...
Әлде бітпей ақ, қараның сен, мені
Бола ма адам сезімінің ермегіТаңдайында қалу үшін мәңгілік
Ұмытылмастай ащы тағдыр кермегі.
***
Өмірге келмесем де сорлы болып,
Мұң жолы жатыр артта мол күреліп.
Отызға жетпей жатып, аяқ ақсап,
Сүй-сүйрік саусақтарда солды көрік.
Жүрекке шемен болып мұң қаттың да,
Алмады шаттығым да шырқап тұра.
Қымыздай сан қуаныш шалап болып,
Еңсемді көтертпеді сырқат мына.
Күн кештім ептеп-септеп, дәнекерлеп,
Қатардан қалмайын деп және терлеп.
Алдымда бақыт күтіп тұрған шығар,
Бір күні көрген азап бәрі өтер деп.
Бірақ та жеткізбеді-ау сол бір шырақ.
Таңдайға басып тұрып тәттілігін
Сезбеген бұл өмірдің болдым шын-ақ...
***
Жазығым бар алдында менің кімнің,
Тым ерте үлесімнің кемін білдім.
Өмірдің маған тартқан «сыйларынан»
Есімді білмей жатып жеріп жүрдім.
Өмірдің қымбаттығы бек мағлұм
Десе де көп нөсерді өпті арыным.
Саусағы қабырғама батқан сәттер
Тудым ба азап үшін деп налыдым.
Қойнында қалып қойып тұман, қардың,
Туғанда жас басыма жыларман күн –
Әкенің қамқорлығын қораш көріп,
Ананың мейіріне күмәндандым.
 Өкпелеп жүрдім бірақ, таппадым түк,
Ауру одан шошып, жатпады үркіп.
Болымсыз қуаныштың қызығын да
Қимастан жіберетін жатқа бүркіп.
Сұп-суық желі алдымнан ескен мұңның,
Қызуын тостым ылғи от жанымның.
Балалық бақытынан шала таттым,
Аналық қуанышты көп сағындым.
***
Кемшілік жетіп жатыр бір басымда,
Міні көп істерімнің тұлғасында.
Соңында өткен күннің қалдым талай
Қол бұлғап өкінішпен қыр басында.
Көңілде ақ сазандай туласа үміт
Кіреуке, кірбіңдерді жуды асығып.
Қалған күн өкінішті құр уыстап,
Бәрі де ғайып болды буға сіңіп.
Келгенмен қайнап, тасып, бұрқылдағым,
Көмейде талай рет іркілді әнім.
Созғылап тағдырым да көрді талай,
Әйтеуір жұқарсам да жыртылмадым.
Деп айта алмасам да әр құтты күнім,
Тек осы болды-ау менің мықтылығым.
Маңдайда жарқыраған жұлдызым бар,
Кейбірде біреу үшін тіпті «ұлымын».
Жүрсе де ақылшылар қасымда кіл,
Кемшілік жетеді, иә, басымда бұл.
Жемтік қып жіберем деп үміттенем,
Күн болған айналған да құзғын бастан.
Үміттің алдап соғып талайлары,
Тілектің желкілдемей сан айдары –
Алты қыр асып кеткен сол бір шақтар,
Ауырта жүрегімді қарайды әлі.
Қалайда керек екен жанға тірлік,
Десең де бойыңда жоқ, бар батырлы.
Талай түн кірпік ілмей, сырқыраған
Сүйектің зарын тыңдап таң атырдық.
Арманға жеткізер деп бір күндері
Өмірдің мойытпады кірбіңдері.
Ауру аяқ тұсап артқа тартса,
Сананың сергектігі білдірмеді.
Бір күлсем, он бес рет күрсіндіріп,
 Өмір-ау мені талай жүрсің бүріп.
Сонда да көзді тартып ертеңімен
Келеді үміт-шырақ ұмсындырып...
***
Көп көрдім тіршіліктің азабын мен,
Демедім бірақ, өмір, ғажабың кем.
Қиыр жолда қыспаққа ап қинасаң да,
Былғанбадым, арыммен тазамын мен.
Мінезім бар алынбас тас қамалдай,
Келемін, бұғып, қашып, жасқана алмай.
Ренжимін, қуанамын, бірақ тағы
Пенде де болып жүрем басқалардай.
Рас...
Рас, қайтемін құр мақтанып,
Жыл да аз-ақ күн бұлғақтадық
Әттеген-ай дегізген сан өкініш
Көкіректің түбінде жүр қатталып.
Білмеймін таптырды ма бар керегі,
Нешеуі болды жастың мәртебелі.
Қараймыз өткенге емес,
Ертеңге ылғи,
Жайқалып тұрса үміттің нән терегі.
Жылдарым аз ба екен бұл көп емес пе,
Алдым ба айналдырып сені елеске.
Әйтеуір ғұмыр кештім деп жүргенім,
Уақыттың қуалаған желі емес пе?!
Жылдарым жыртып алған жырық парақ,
Әкеттің балғын күйді ұрып-талап.
Қалдым мен соңдарыңда қиралаңдап,
Сияқты сыры өшпеген сынық табақ.
Түк те емес самайдың да ағарғаны,
Болмаса жүректерде қалар дағы.
Басыма қанша жақсы күн туса да,
Ажардың қиын енді жаңармағы.
Тірліктің сүрінсем де бір тасына,
Бірі демеп шығарды қырқасына.
Ризамын туған жердің топырағына
Бастырмай жүрсе де ылғи ұлпасына.
Десем де емен биік шың, жай төбемін,
Жылдарым тұрған биік бәйтерегім.
Ризамын әр күніне тіршіліктің,
Өмірге келмей қалсам қайтар едім?!
 ***
Қинаймын кейде орынсыз жан «шыбынды»-
Көпсініп көзге ілінбес тамшы мұңды.
Ойлама алаңғасар емес пе деп,
Аңқылдап айта салсам бар шынымды.
Қалқан ғып қара басқа өз жүрегін
Танимын жүргендердің озбыр өңін.
Аяман маймөңкеге басқан жаннан
Көңілде тыпыршыған сөздің оғын.
Тұрамын жалған күлсең жаратпай тым,
Кезім аз артын ойлап алақтайтын.
Мінезім жаман ба екен осы менің,
Еш жанның бет-жүзіне қаратпайтын.
Жерінде шындығына жетер күшің
Қажет те болмас жасау бекер қысым.
Дегенмен турашылдау, қайран мінез,
Бір күні орға жығып кетермісің...
***
Шырт ұйқыдан оятады бір ойларым кейбірде,
Шыр айналып сосын оны шығара алмаймын ұзақ түн.
Қанғанынша құмары бір шарласыншы деймін беАсықпаймын ағытуға кілтін сол ой-тұзақтың.
Деймін сосын өзіме ұрсып: «Дәл мұныңды құптаман»,-
Бұдан былай ақыл-биге бағынуға бекінем.
Сол ойларым, шындығында, қажет емес түк маған,
Шаршап босқа күндерімнің берекесін кетірем.
Ұрсып кейде сәбиімді жылатып та жүрмін мен,
Жас төккенде бірақ ылғи ауырады жүрегім.
«Түгің жоқ қой, түгің жоқ қой, жарығым-ау бүлдірген,
Кім табады,-деймін сосын, қаталдықтың бұл емін?»»
Сапар шегіп көп жүрдің де Алтай, Кавказ, Қырымда,
Күдік артып сан томсардым,
Назым жүрді қатталып,
Кімнің кімге өкпесі үлкен болар еді, шынында,
Жан сырымды егер менің қарай алсаң ақтарып.
Ізгілікті деймін қалай өзіме мен: «Аңсама!»,
Белгілі ғой, ойлап көрші, осылардан ұтпасым.
Бәрін терең ұғып тұрып, қайталадым қаншама,
Шығара алмай қолдан тіпті әлсіздіктің тұтқасын.
Қайта орнына келтірдім деп
Жүрер бәрін бұзып ап,
Ойлап тұрсақ
Басымызда қанша олқылық бар мына.
 Билей алмай жүріп өзін,
Адам деген қызық-ақ,
өзгеге ақыл айтқызса егер жан салмайды-ау алдына...
Кейбір күйді түсіндіру тым қиын,
Ақыл-ойдың айтқанына бағынбай.
Іс қылдым даЕрегеске тұнды үйім,
Сонда-дағы таба алмады жаным жай.
Аласұрып торға түскен торғайдай,
Кейде тіпті кең дүниеге сыймадым.
Іздеймін бе бір керемет –
Ол қандай?
Нені аңсадым?
Жанды неге қинадым?
Табиғаттай дархандықтан дәмем бе -
Айналамнан таба алмай бір серікті,
Шаттығымды шашу етіп әлемге
Шашып – шашып жібергім де келіпті.
Шіркін көңіл,
Сырың сенің тым терең,
Тәттің де бар,
Бар ащың мен сортаңың.
Бар күйіңе құлып салып іркер ем,
Самарқаулық салқынынан қорқамын....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу