Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  130


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

АНА ТІЛІМ

Ана тілім – арман тілі, ар – тілі,
Тиген қилы замандардың салқыны.
Орыстардың орманында өртеніп,
Озбырлықтың жалын оты шарпыды...
Ана тілі – арман тілі қазақтың,
Құрбаны боп заман туған мазақтың,
Мәртебеңе қосып бәрін жоғалттың,
Бойыңдағы не бір асыл ғажаптың...
Шешен тілім, өткір тілім, өрт тілім,
Арқалаған қазағымның көп мұңын.
Жабы қылып, тапап, жермен жексен ғып,
Жасыттық-ау биік еді шоқтығың...
Айырмасы өткеніңмен Жер мен Көк,
Жан жараңды береді кім енді емдеп...
Сауығуға керек екен қанша жыл,
Енді қанша жыл жүресің телмеңдеп...
Биікке ұш, сүңгі тағы тереңге,
Табыстырдық бүгін қайта сені елге.
Үркектеме, бойыңды жаз, қабақты аш,
Ұмтылатын кезің келді кемелге...
Ана тілім – назды, сұлу, ардақтым,
Бағың тусын, басындай-ақ бармақтың.
Сен болмасаң қазағымның ғұмырын
Ертеңіне апарады жалғап кім...
Сені ойлаймын, сені іздеймін ғаламнан,
Сенен тәтті тілді әлемнен таба алман.
Қайталанбас сенің ыстық жүрегің
Қазағымның жүрегінен жаралған.
Астам ойлар торламасын санаңды,
Жарық күнде болып ниет қараңғы.
Ей, Әкелер! Ей Аналар! Айырма
Ана тілдің уызынан балаңды!
Түссін ғұмыр жолында бар сынаққа,
Көрсін бәрін, шықсын тауға, қыратқа.
Тіл біткеннің бәрін білсін қаласа,
Ең алдымен қазақ болсын бірақ та!
Қазақ болу ұлы мұрат қазаққа,
Су біткен де сүйкімді ғой таза ақса.
 Өзіңді өзің сыйлата алмай өзгеге,
Ей қазағым, қала көрме мазаққа!
Мың қуаныш сыйлап келген әр мұңға,
Бой алдырмай кері тартқан тағдырға,
Ана тілдің мәртебесін үстейік
Армандардың ұлы көші алдында...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу