Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  110


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ДОДА

Жылы жерде бой күтіп, тәттіні ішіп,
Баптанбаған, болмаған әккі, пысық.
Жапан түзде мал бағып біздің қазақ,
Қасқырменен үйренген қақтығысып...
Қойшы атанған, кейде ынжық һәм жуасың,
«Бері тарт,-деп тағыға- қанды басың,»
Қақпан құрған сойылмен,
Жекпе-жекте,
Қасқыр соғып, майлаған қанжығасын...
Малды ауылды торласа менмен бөрі,
Басталғандай қиянат сергелдеңі.
Бас тіктірген ажалға сол тағыны,
Дода жасап мәз болған жеңгендері...
Жекпе-жектің бітіріп шартына рух,
Құмарынан шығады әркімі анық.
Қолға түскен бөріні бір-бірінен,
Дода-дода болғанша, тартып алып...
Шежіре етіп, айтса егер мұны талмай,
Бірі ерлік деп, қағады бірі таңдай.
Көкпар жасап есіне алады әлі,
Жекпе-жегін қазағым ұмыта алмай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу