Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  107


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ӘБIШ АҒА

Ұрпақтарды тамсантқан сымбат, нәpi
Ғұмырыңыз тiрлiктiң түрлi ақпары.
Тәуелсiз ел төрiнде жарқыраған
бұл ғасырдың Өзiңiз бiр мақтаны.
Төккен шақта әуелi жыр нөпiр ғып,
құдiреттi тәңiрiм күрт Өкiм ғып -
ұлы жолдың басына айналыпты
"Алтын шуақ" көмкерген "Бiр шөкiм бұлт".
Тексiздiктi - адамға дұшпан аты
теже, - дейтiн ұрпаққа нұсқа хаты.
"Шыңыраудың" тұңғиық тереңдерi,
елжiреткен жүректi "Құсқанаты".
Қойнауына тарихтың алып кiрiп,
Құпия сырларына қанықтырып.
Кеткендей сәулесiмен жан сарайды,
"Уркер" мен "Елең-алаң" жарық қалып.
Тiзгiндеген шақтарда ой - алыпты,
Алуан түске сан сурет боялыпты.
Замананың сырлары сұхбат болып,
Аруымыз ұйқыдан ояныпты.
Айналдырған ұлылық қорғанына
Талант деген орман ба, ордалы ма -
бiрге түлеп заманмен құйылыпты
құнар қосып жылдардың қорларына.
Бақыт кейде десек те азапты-нұр,
Өмip Сiзге сыйлапты ғажап ғұмыр.
Қаламменен, Бiлiммен, Парасатпен
Көтердiңіз биiкке қазақты бiр.
Сан елге тән қасиет, ғұрыпты ұғып,
Кемеңгер кейпiңiздi шын ұқтырып
Танытып талай тұста келесiз Сiз
Биiктiк, кемелдiлiк, бiлiктiлiк.
 Жылытса жүректердi жан шуағы,
бiлiммен көңiл кipi аршылады.
Нұр шашсын деп Әлемге сыйға тартқан
Сияқтысыз Маңғыстау шамшырағы.
Жағаңыз - жайлау, баста - құндыз бөрiк,
Тамсанады ұрпақтар - ұл-қыз көрiп.
Аспанымның шырайын келтiр мәңгi,
Жүр аға мәңгiлiкке жұлдыз болып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу