Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  139


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ЖЕР ҚАНЫ

Адыраспан, ащы жусан,
Бауырында – құм шағыл,
Көшіп жүрген шақтарында,
Төбеде ойнап нұр-сағым,
Сан мың метр тереңдікте алтын дария бұрқанып,
Сан мың ғасыр тепкілепті Жер ананың құрсағын...
Боз жиденің тармақ талы,
Жерге мәңгі бас ұрған,
Бұйырғын мен боз бидайық,
Ақ шөп ажар қашырған.
Жүзген, жыңғыл,
Түйесіңір,
 Сексеуіл мен құсқонбас,
Сұғанақкөз көп дұшпаннан жұмақ кілтін жасырған...
Сан мың метр тереңдіктен
Жердің қанын емізген,
Түсінікті,
Дұшпандардың дала үмітін неге үзген.
Перзентіне сақтаған ол ен байлығын өлшеусіз,
Бір жүз отыз екі метр тереңде де теңізден...
Далам менің одан өткен тапқырлықты таппаған,
Қазақ үшін қазынасын тереңдерде сақтаған.
Алтын дария теңіздерін ақ тастармен көмкеріп,
Ажарсыздау алып жерін алтын құммен қаптаған...
Байлығымен айналдырар алынбайтын қамалға,
Жарқыратып жағатұғын оттары бар сан алда.
Қазақ сынды қарапайым,
Бірақ іші сыр сандық,
Таңғажайып даналық бар менің ұлы даламда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу