Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  123


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

МАҢҒЫСТАУ КӨКТЕМІ

Жел қамшыдай үйіріп жаңбырыңды,
Су - су бұрым, жандәрмен,
Талға ілінді.
Ару көктем, асыға, жерге жетіп,
Сағынышпен құшқандай,
Әрбір ұлды...
Жел айдаған жіп – бұлақ, жағалап қыр,
Тау- толқындар, шашына тағады ақ гүл.
Жаңбырлы жел көктемнен хабар айтып,
Тереземді қос қолдап сабалап тұр...
Айналайын, көктемім, айналайын,
Құшақ ашқан қашан да, майға дәйім.
Шалшық судан шошаңдап қол көтерген,
Қандай әсем ақ моншақ, майда қайың...
Шырайменен маңызды бір іс қамдар,
Жинап алып пысығын ұлыстан бар,
Жерді зерлеп тұрғандай,
Бойын созып,
Табан тіреп аспанға күміс талдар...
***
Арасына жаз қыстың сына қағып,
Балауса тал желпінді тұра қалып.
Алғаш жауған ақ жаңбыр Маңғыстауда,
Терезеден барады жылап ағып...
Көңілдерде оятып қанатты арман,
Майда шуақ шапағат таратты алдан.
Көктем келді ерекше бұл маңайға
Қара алтынның лебімен, қанаттанған.
Көк желеңін көктемнің киіп кетіп
Жас шыбықтар қойды өзін сүйікті етіп.
Көсіледі кең дала, көз алдымда,
Мұнаралар шоқтығын биіктетіп.
 Серуен құрса қыз жігіт жаға бойлап,
Бүлкілдейді көк теңіз сағағы ойнап
Жағаласып,
Жарысып ерке толқын,
Көрік қосып,
Сән беріп,
Салады ойнақ...
Дала шалқар,
Күн сұлу,
Көңіл биік,
Тыңдайтындай бар әлем сөзіңді ұйып.
Жер ананың жаңғырған жаңа кейпін,
Алғандайсың бір сәтке өзің киіп...
***
Көңілде көктемдей бір шуақ,
Бар кірбің аулаққа қашыпты.
Көбелек гүлдерді шымшылап,
Алғашқы базарын ашыпты...
Сәулесі көзіңді ұялтып,
Дүниені жарыққа малыпты.
Біртіндеп күн бойын ұзартып,
Қуантты еңбекші халықты...
Жарқыл бар көздерде ерек бір,
Көктеммен бір келген биыл да.
Бақтарда балауса терек тұр,
Сабырмен бас изеп құйынға...
Бұлақтар қосылып шулайды,
Жатса да, табанын мұз қарып.
Тек қана өр теңіз тулайды,
Дидарын көктемнің қызғанып...
***
Күн сүйіп,
Көкірегің жарқылдаған,
Өр кеудең бұйраланған,
Алтын далам.
Болмайды сенің сиқыр әуеніңе,
Ермеген,
Елікпеген,
Талпынбаған.
Томсарады жартастар бұйық түсіп,
Бұрқанып жатқаныңда күйіп-пісіп.....
Мәз болар тек ақ шаңқан шағалалар,
Төсіңді қайта – қайта, сүйіп - құшып...
 Жайлатып көкірекке көркем үміт,
Сырлы саз дидарынан мол төгіліп,
Сен менің тербелесің көз алдымда
Мөлдір аспан үстіңнен төңкеріліп.
Дүние әуеніңнен ән тыңдаған,
Ғасырлар қасиетің сарқылмаған.
Күн ару көтеріліп барады, әне,
Орнатып төскейіне алтын баған...
***
Шалқар кейпің,
Кең тынысың,
Өр тұлғаң.
Сенде ерек сұлулық бар мол тұнған.
Оның сенің,
Тазалығың тұп - тұнық,
Бұйра - бұйра көкірегіңде толқыған.
Жиегіңді ашық аспан көмкеріп,
Ол да саған тұр әсемдік төңкеріп.
Алаулайды күннің жарқын сәулесі,
Кешкілікте баратқандай өртеніп.
Ашылады мына аймақта мол сәнің,
Тұңғиығың жұлдыздарға толса мың.
От көңілім жарқылдайды менің де,
Дәл өзімнен шашылғандай сол сағым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу