Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  194


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

МАҢҒЫСТАУ СӨЗІ

Менің кеудем сыр сандық-тын,
Қазына-тын,
Болатұғын бірақ тірлік аз да тым.
Жиырмасыншы ғасыр берген ұлы күн,
Келіп ақыр, маған-дағы жазды атын...
 Қазақтың мен бұрышы емес қараңғы,
Жарығымын,
Жақын еткен жаранды.
Сан ғасырлар іркіп келген үнімді,
Шығардым да,
Күмбірлеттім даламды...
Білгің келсе,
Шежіремді тыңдағын,
Шет емеспін мен өмірге бір қадым.
Ілестіріп келем қайта барлығын,
Тарих даусын,
Бүкіл әлем ырғағын...
Тұяғы от,
Қимылдары серпінді,
Ерлер ылғи еншілеген еркімді.
Солар менің көкірегіме шам жаққан,
Солар мені сымбатыма келтірді...
Қарашы өзің бір сәтке,
Ойландағы,
Алтыным қанша мынау қоймамдағы...
Бүгінде өркен жайсам облыс боп,
Санай бер,
Алда қанша тойлар барын...
Қарашы өзің бір сәт жоғарыдан,
Әлі де жасыл бауға толады маң.
Қойным – қазына,
Даламда - мыңғырған мал,
Келешек құдіретін мен содан ұғам...
Білгің келсе,
Шежіре көп айтатұғын,
Өмір үшін бал татып,
Май татыдым.
Оу, адамдар,
Сендерге басымды ием,
Алдырмаңдар ешқашан қайта тыным...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу