Өлеңдер ✍️

  11.01.2022
  78


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Алыста жүрмін ауылдан

Жұмысбасты тіршілік бұл, жайт деген,
Бұйрық болса,-Елге балам қайт- деген.
Бауырларым бақытты ғой, елде жүр,
Ата-ананы құттықтап жүр айтпенен.
Қанағат ол, рахат алған аздан да,
Туған жердің төріндесің, назданба.
Әке-шеше құшағына не жетсін,
Не сұраймын, не айтамын «Жазғанға».
Бұл тағдырдың себебі көп, бағынып,
Күтудемін бір Алладан тағы үміт.
Шетте жүрген қос әпкемдей болмадым,
Ата-анаға барып жүрген сағынып.
Жазғырмаңдар болса ойымда қателер,
Қатал болса, болсын мейлі әкелер.
Шаңырақтың тірегі де сол адам,
Отбасыңа бақ-береке әкелер.
Ақылымды, ойымды да шыңдайын.
Білмеппін ғой, бұл өмірдің мұндайын.
Жаны ашитын бір-ақ адам өмірде,
Әке сөзі-Алла сөзі – тыңдайын.
Шатақ болдым,
Шалыс бастым жаспын ба?
Түсінгенім жан адамға қас қылма.
Жұмақ кілтін іздесеңдер ағайын,
Ата-анаңның табанының астында.
Жаны қалмай, – Балам – деді, қарады.
Бала үшін «тозаққа» да барады.
Бала үшін өз бақытын қиятын,
Бар әкелер аман болсын, саналы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу