Өлеңдер ✍️

  11.01.2022
  122


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Бауырға наз

Сөз айтпасаң тыныш отыр, ұнамды.
Есекпенен жарыстырма, құланды.
Үйге кірсе айран құйып шығарған, Қазақ атаң,
Қара шұбар жыланды.
Көп ойландым, қабырғаммен кеңестім.
Іні дерсің, «Сен әулие»- демессің.
Тек, бауырдың сөзі оқтай қадалар,
Ренжіте алмайды ғой, мені ешкім.
Талай жанды сесімменен тықсырдым.
Ақылым бар,
Ой салатын ұшқырмын.
Бауырымның айтқан сөзі зіл батпан,
Басқа айтса, мен оларға пысқырдым.
Жетегінде жүріп алып елестің,
Өкпеледің, бауырыңмен егестің.
Асың емес, көңіліңе қарадым,
Сусып келген қара жылан емеспін.
Мен де оңып тұрғаным жоқ, қатем көп,
Таяғымен бір қойса екен, атам кеп.
Дүниеге құл боп кеткен бауырдың,
Қылышынан өлген еді Махамбет!
Бауырсың ғой,
Кесе алмайсың қолыңды.
Сөз айтсаңшы көкейіме қонымды,
Ұрыссақ та, қиыспайтын туысқан,
Алла сенің оңғарса екен жолыңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу