Өлеңдер ✍️

  11.01.2022
  109


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Мамырда жауған қар

Мамыр айы,
Қыс па, күз бе білмедім.
Күнім салқын, қара суық түндерім.
Мамыражай майда жауған ақ қардай,
Сүреңсіз боп өтіп жатыр күндерім.
Бұл табиғат неге сонша құбылды,
Ей адамзат жоғалттың ба құныңды?!
Құдайымның жазасы ма деп қалам,
Мамырдағы қарды көріп бүгінгі.
Жатыр ма әлде оразада қарасып,
Қою бұлттар көк аспанға таласып.
Пенделерім шөлдемесін деді ме,
Ыстық күнде қаталар деп, жаны ашып.
Қарғанбайық,
Бұл да «Жаза»- демеші.
Бір Алла ғой барша әлемнің егесі.
Сол Алланың әмірімен баршаны,
Сақтап қалған, Нұқ пайғамбар кемесі.
Көрсең дағы өміріңде мұң қайғы.
Медет сұра Тәңір ұлық, тыңдайды.
Біле білсең, бұл жалғанда шөп басы,
Бір Алланың әмірінсіз сынбайды.
Ауа райын түртті екен не «Түлен»?!
О табиғат,
Бұлқынбашы өтінем.
Барлық нәрсе болса екен, тілегім,
Алла өзі жасағандай, ретімен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу