08.01.2022
  267


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ӨСЕК ҚҰРБАНЫ

Өзімен танысып тұрып бір жігіттің: «Зүбәйра деген есіміңіз әдемі екен», - дегені бар. Есімінің ғана емес, өзінің де әдемі екенін ерте сезіп еді-ау бұл. Сол әдеміліктен не пайда көрді?! Қыз болып бой түзей бастаған шақтарында қанша сәнденсе де, үсті- бастарын көңіліндегідей ретке кедтіре алмай әуреге түсетін кейбір құрбылары мұның, қаршадай кезінен-ақ жұтынып тұрған бейнесіне қызығатындарын еш жасырмайтын. Дене бітімі қолмен құйғандай жып-жинақы. Шыбықтай бұралған дейтіндер осындай-ақ шығар. Сұңғақ бойлы, жасы отыздан асса да, аққұба ашық жүзі қап-қара көздеріне әсем үйлесіп, әлі де көрген жанды үйіріп тұратынын жақсы сезінеді. Бірақ амал не, одан тапқан олжасы шамалы-ақ...


Бүгін демалысы. Ертерек тұрған ол таң атпай жатып қайдағы бір көңілсіз ойлардың меңдей бастағанын сезінсе де, дағдысынан жаңылғысы келмеді. Алдымен әкесінің ңірлеген киімдерін суға салып, қойды. Екі бөлменің ішін жарқырата жуып, төсеніштерді қағып-сілкіді. Содан соң шай қамдай бастаған.


Шешең түсіме еніп жүр. Маған бірдеңені «қызыңа айтсаңшы, айт» деп болмайды. Қарағым-ау, мен саған нені айтуым керек еді?! - Әкесі буы бұрқырыған кесені алдына ала беріп, бұған сұраумен қинала қарады.


Зүбәйра қызарып кеткен.



  • Қайдан білейін. Өзіңіз бір нәрсе айтқыңыз келіп жүрмесеңіз, - деді де, үнсіз отырып қалды.

  • Осы үйге менімен бірге фәшеспен соғысатын Күшіктайдың ұлымын деп келіп жүретін жігіт қайда? – деген әкесі кенет бұрынғы әңгімесін қоя қойып.


Зүбәйра тағы қызарды.


-Осында дейді ғой.


-Жұмысым сенімен бір жерде демеп пе еді?


-Иә, әке. Бір жерде еді бұрын. Кейіннен ауысып кетті. Қазір жаңа кен орны ашылған басқармада.


-«Қаламқаста» ма?


Зүбәйра басын изеді.


-Е-е. Әкесі өліп қалды ғой, марқұм. Шешесі әлі тірі ме екен?


Қызы бетіне үрке қараған. Мына тергеудің соңы жақсылыққа соқса жарар еді дейтіндей.


-Шешесі тірі ме екен деймін?!


-Бар шығар.


-Әйелі, баласы бар дейді ғой өзінің?!


...


-Күшіктай, марқұм, жақсы адам еді. Бірге жүріп от кешіп едік... - Әкесі


мазасыздана түсіп, шынтағындағы жастығын көтере түрегеліп отырды. Әлденеге демалысы жиілеп, көмейіне тығылған ашу барын ұқтыра, тізелерін уқалады.



  • Әке! Сізге не болды?! Тынышталыңызшы! – Мұндай ашуланудың соңы неге апарып соғатынын жақсы білетін қызы шын қорқайын деді. – Не айтқалы отырсыз, әке, қойыңызшы!

  • Білемін, қызым. Мен бәрін де білемін. Ол ит сені алдап кетті ғой. Құлыным-ау, қалай алдандың?! Құлыным-ау... – Екі көзін жас жуа еңкілдеген әкенің сол бір мүсәпір халіне жаны ауыра, бұл да қолдарымен бетін баса берді...


***


Өзі істейтін мұнай-газ өндіру басқармасына Сайран алғаш жұмысқа келгенде Зүбәйра іштей қатты қобалжыған. Бір кезде өзімен бір мектепте оқыған толқынды қара шашты, ұзын жігіт бұған бала кезден-ақ ұнайтын. Көз тартарлық болып ержетіп, айналасындағы қатар құрбылары арасынан ажарымен де, сүйектілігімен де ертерек ерекшеленген жас емес-тін. Түрлі мерекелерге орай өтетін мектептегі би кештерінде


 


жүрегі лүпілдей жүріп талай рет билегендері де есінде. Мүмкін оның соңы балауса махаббатқа да ұласар еді...


Сол жылы Сайран бұларға дене тәрбиесінен беретін мұғалім болып келді. Алдында ғана пенсияға кеткен, өздеріне төрт жыл бойына класс жетекшісі болған апайларының орнын да сол басты. Спортпен де шұғылданатын, музыкадан да хабары мол, әр нәрсеге икемді жас жігіт класс балаларын бірден үйіріп әкетті. Келген күннен-ақ көп жұлдыздың ортасында жарқыраған Шолпандай көзге түсетін Зүбәйра көздерімен оның көздері де ұшырасып қала беретін. Алғашында қыз бетіне қызыл жүгіріп қана жанарын аударып әкетіп жүрсе де, сол бір қарастардың жанға жайлы шуағы бар екенін сезген. Бірақ содан қашып құтылуды ойламапты. Айтқаны – заң, лебізі – бұйрық, класс жетекшінің хақысы да қаймықтыра берді ме, кім білсін... Келе-келе алғашқы бейкүнә қарастардың екеуара құпия сырға айналып бара жатқанын бір-ақ аңғарған. Балалығы ма, әлсіздігі ме, әйтсе де төтеннен келген тегеурінді жұмбақ сезімге тойтарыс бере алмағандай көрінді.


Оқу жылы аяқталмай-ақ мектепте шу шықты. Мұғалім мен оқушы арасындағы


«махаббат» бүкіл аймаққа әйгіленді. Әншейінде қыздарға келген бүкіл хатты тексеріп, екі оқушы бір-біріне күле қараса да, әлденеге жорамалдап, содан бір астар іздеп тұратын, не пәленің бәрін де қыздардың басына үйіп-төгуге әзір, қазақ тілі пәнінің мұғалімі бұл жолы тіптен ерлеп кеткен. Зүбәйраны «ақпын» деп шырылдағанына қарамай, директордың алдынан бір-ақ шығарды. Тоғызыншы кластың жетекшісі педсоветке түсті. Одан мектептен қуылды. Сөйтіп бәрі де тынған сияқты көрінген. Бірақ Зүбәйраның басына байланған жаман атақ өмірлік серігіне айналып бара жатты. Енді Сайран өзіне аспандағы айдан да алыс екенін бірден-ақ түсінді. Түсінді де ұмытқысы келді. Өмір деген қызық қой, арада он жыл өткенде сонау бір «жаман атымен» сол күйі отырып қалған Зүбәйра онымен қайта жолықты. Жолықты да, қобалжыды. Мектепке барған ұлы, аршыған жұмыртқадай келіншегі бар екенін білсе де, соны ғана армандады. Бір рет сүріне жаздағаны үшін ғана өксуге айналған өмірінің бар олқысы сонымен ғана өзінің пәктігін дәлелдесе, бұған мысқылдай қарап, мазаққа айналдырғысы келген талайларда кеткен есесі қайтатындай құштарланды.


Сөйтіп жүргенде бұлармен жұмыстас қатардағы бір мұнайшының елу жылдық тойы келіп қалды. Мұндай тойларды қаладан аулақтау салынған демалыс қалашығында, көк теңіздің жағасында өткізу дәстүрге еніп келе жатқан. Бұл жолы да солай етуге ұйғарылды. Әлденені сезгендей Зүбәйра да сол күнді асыға күтті. Қапысыз дайындалды. Кесуге қимай, желкесіне түйе салып жүрген, не әрі емес, не бері емес бір тұтам бұрымын ойланбастан жоқ қылды. Күлтелене түсіп, алма мойынды қытықтаған қысқа шаш сүйкімді жылтырап, нәзік өңіне үйлесе кеткен. Отыздағы емес, он тоғыздағы қыздай үлбіреген, мүсіні көз тартқан ол сол күні кімнің де болса көзін сүріндіргендей еді. Өздері «су трикотин» деп әзілдей атайтын матадан тігілген, солк ездегі ең сәнді көйлектің үшкілдей ойылған омырауынан жарқырай көрінген аршын төс, ақсары жұқа өңіндегі қиылған қара қас пен үлбіреген гүл-ерін, екі беттің ұшында ойнаған алқызыл бояу бұрын байқалмаған әсерлілікпен құлпыра көз тартады.


Әп дегеннен-ақ мұны биге шақырушылар көбейіп кеткен. Бірнешеуін кері қайтарып барып, ортаға кербездене шықты. Қазір де бірқалыпты байсалды қалпы. Сол мінезінен қаймығып, ашық әзілдей алмайтындардың көбінің сыртынан тесілетін жымысқы көзқарастарын айтпай-ақ сезетін Зүбәйра, ешқайсысына да ілтипат жасап тұр-ау деп көңіл бөлген жоқ. Столдың алыс бұрышында үсті-үстіне темекі сорып, әлденеге ойлана түскен Сайранды көрді.


Әне, бір кезде ол да орнынан тұрды-ау. Костюмін түймеленіп, езуіндегі темекісін алып сөндірді. Сөйтті де билеушілерге қарсы беттеді. Әлдеқандай бір ішкі сезім қуатымен Зүбәйра оның өзіне келе жатқанын бірден-ақ сезді.


-Билейміз бе?


Қыз осы сөзді ғана естіген... Одан кейінгінің бәрі де тұман ішіндегідей бұлдыр... Үйіне ертеңіне таң ата оралған ол тұяқ серіппестен ұйқтап әбден тынығып


 


алғаннан кейін ұзақ уақыт мең-зең күйде отырып, бәрін де егжей-тегжейлі есіне түсіруге тырысты. Сонан соң ғана иығынан бір ауыр жүк түскендей сезініп, жаны жадырай бастаған.


Арада біраз күн өткен соң, Зүбәйра әкесін санаторийге шығарып салды. Үйде жалғыз қалған қыз өзін енді шындап иектей бастаған жігітті бір күні үйіне шақырды.



  • Сен мені кешір, Зүбәйра. – Сайранның бұл сөзінің мәнісін күңгірттеу ғана аңдаса да, сыр бергісі келмей, қарсы сұрақ қойды.

  • Не үшін?

  • Адам тағдырымен ойнағандардың қатарында жүргендігім үшін. Сенің соңыңнан ерген сөздің бүкіл өміріңе таңба саларын ойламағаным үшін...


Зүбәйра жеңіл күрсінді. Бірақ көкірегі бұрынғысынан еркін тыныстайтын сияқты.



  • Ойлағанда не істейсің? Бәріне де өзім кінәлімін. Сөзге тиек берген өзім емес пе?!

  • Жоқ, Зүбәйра, соңына сөз ертпей жүріп-ақ абыройсыз қалатындар бар ғой. Сенің жағдайың керісінше болып шықса, менің жаным қалай ауырмайды. Ех! – Ол әлдекімге кектене сөйлеп, орнынан тұрып кетті. Кенте мұның жанына жетіп келген.

  • Сенен бірдеңе сұрауға бола ма?

  • Сұра.

  • Өткендегі той есіңде ме? Сен сонда менің көзіме түсуге соншалықты құштар болған секілді көрінесің маған. Рас па?

  • Иә.

  • Неге?

  • Неге екенін сен білесің.

  • Кінәсіз екеніңді дәлелдеу үшін ғой?


 


- ...


 



  • Ал енді не күтесің?

  • Ештеңе де. Сені шақырғаным да сол, ештеңе күтпейтінімді түсіндіру ғана. Сол


 


үшін ақымақ көруің де мүмкін. Кінәсіз екенін маған емес, басқа бір басы бос біреуге дәлелдеп, соған неге шығып алмайды дейтін де шығарсың. Жүрегімнің қалағаны әуелден бір сен екенсің. Сенсең осы уақытқа дейін өзге еш жанға ішім жылыған емес. Бәрі де мені іштей тәлкек етіп, мазақтауға дайын тұратындай көрінеді. Сол себепті де, міне, әлі жалғызбын. – Қыз көзіне мөлтілдеп жас келіп, теріс айналды. Сәлден кейін босаңсыған көңілін басып, салмақпен сөзін жалғастырды.



  • Сайран, мен өсектің құрбанымын ғой. Өмірден опық жеген бишара емес екенімді тым құрыса бір адамның, сенің білгеніңді қалап едім. Көздегеніме жеттім деп тұрмын. Ал бұдан былай мені мазаламассың. Енді семья бұзған жексұрын атанғым келмейді. Мені сыйласаң, сөйт. Енді іздеме.


Бұдан әрі аялдауға хақысы жоқ екенін Сайран да түсінген. Кейіннен хал-жағдай білуге келдім деп бір-екі рет кіріп шыққаны бар, бірақ жай ғана достық қарым-қатынас жасаудың оңай еместігі білінген соң екеуі де мұндай кездесуден тартына бастады. Көп ұзамай Сайранның жұмысы да басқа жерге ауысып, аралары мүлде алшақтаған. Ол тіпті мұның екіқабат болып қалғанынан да, баласын балалар үйіне беріп келгенінен де бейхабар. Іші біліне бастасымен өкпе ауруына шалдығып, әлденеше айға емделуге кеттім деп, қаладан тайып тұрған мұның жағдайын алғашында біреу сезсе, біреу сезбеген. Бірақ жұрттан сыр жасыру мүмкін бе?! Некесіз туған баладан айналасындағылардың бәрі де хабардар еместігіне Зүбәйраның өзі де сенбейді. Онысынан соншалықты қысылып та жүрген жайы жоқ секілді. Тіпті соңғы кездері нәрестесі жатса-тұса есінен шықпай, өзін іздеп жылап жатқандай алаңдайтынды шығарды. Сағына ма-ау..


***



  • Әке, мен ешкімге алданған жоқпын, - деген қызы, екеуі біраз жылап, қам көңілдерін сергітіп алған соң. – Алданатын жастан кеттім ғой...

  • Айналайын, осы мені ұлдың қолына жібер де, бағыңды байламай, біреуге тұрмысқа шығып кет дегелі қашан?! Шешең марқұм маған соны айт деп жүрген шығар.


 


Мен айтпай жүрмін бе оын?! - Әкесінің көңілі тағы босай бастағанын көріп оны жұбатуға асықты.



  • Мен сізді тастап еш жаққа да кетпеймін. Бағыңды байлама дейсіз, кім біліпті сол бақтың қай жақта екенін. Мен үшін мазаланбаңыз, әке. Мүмкін өзімнің сізге көмегім тигенін бақыт санайтын шығармын мен. Келіннің қолына барғанда күйіңіз қалай боларына көзіңіз жете ме? Одан да сізге бірдеңе айтайыншы, әке. Тыңдаңызшы... – Айтсам ба, айтпасам ба дегендей, кідіре түскен қызының жүзі тағы да қызарып бара жатқаны аңғарылды.

  • Иә? – Көзіне үйіріле берген жасты қолымен бір іліп тастап, сөзге құлақ түрді.

  • Әке, немере әкеліп берейін бе? Екеумізге де алданыш...

  • А?! Ол қайда?!

  • Бір жерде.


Әке сөз астарын түсінген. Үнсіз отырып қалды. Кенет дастарқанның бір шетінен өзінің Зүбіші секілді сүп-сүйкімді аппақ бала бұған қарай талпынғандай көрініп кетті. Сол бір елеспен бірге мұның жұпыны бөлмесінің іші де сәулеленіп бара жатқандай жүрегі елжіреген сол қызына жыламсырай бұрылған. Жауап күткен күйі жаудырап қана отырып қалған Зүбәйра бір кезде әкесінің созыла түсіп, дәрменсіз қалтыраған қолдарын көрді. Олар бейне өзіне оң сапар тілегендей, жүрегі алып-ұшып орнынан көтеріле берді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу