08.01.2022
  101


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ВАДИМ

Таңертеңгі сағат тоғызды соқты. Дәл осы кезде ол күндегі әдетінше бесінші қабатқа көтерілген. Маңдайшасында «Бас дәрігер» деген жазуы бар есіктің алдында лифт жаққа тағатсыздана қараған үшеуді көрген. Олардың ересек екеуі түрегеліп тұр да, үшіншісі, он жеті жастар шамасындағы уыздай қыз екеуінің ортасындағы көтеріп жүруге ыңғайластырып жасалған орындықта отыр.


«Тым жас екен», - деп ойлады бұл. Сол мезет ұзын еркектің серіктеріне «келді» деп, сыбыр ете түскенін құлағы шалды. Кеше өзіне жолығып кеткен қазақстандық механизаторды таныған.



  • Қызық ауыр науқас. Жүруден қалғанына үш жыл болды, - деген ол.

  • Маған рентген суреттері керек және өзім қарамасам болмайды, - деген Вадим Петрович...


 


Профессор олардың жанына келіп сәлемдесті де, қыздың иығынан ақырын ғана қағып, жымиып қойды.



  • Суреттерді әкелдіңіздер ме?


Суреттер салынған қара конвертті қыздың әкесі сол бойда ұстата берді.



  • Мінеки...


Осы арада біраз күте тұруларыңызға тура келеді. Мен қазір... – Ол кабинетінің биік есігін жайлап ашты да, лезде ғайып болды.


Самалға профессор соншама бір мейірімді, соншама бір қарапайым жан сияқты көрінген. Жанына әлдеқандай бір шапағатты нұр құйылып кеткендей, жадырап сала берді. Ол туралы бүгінге дейін естіген көп жақсы сөздерінің де растығына көзі жете бастағандай.


«Айтатыны жоқ, ғажайып адам. Қолынан бәрі келеді», - деген ол жайында бір адам аузының суы құрып. Өзі де сол кісінің қолынан емделіп шыққан екен. «Қайда тап болғаныңды, қандай адамға бара жатқаныңды әлі өзің де білмейсің». Сол кезде-ақ қыздың көңілінде үміт оты жылт еткен. Енді оның өзін көргеннен кейін көңілінің орныға бастағанына тағы қуанды.


Арада жарты сағат өткенде Самал екінші палатадағы биік ақ төсекке орналастырылды. Бір таң қалғаны, мұндағы төсектердің әрбіреуінің үстінде екі жағынан да мықтап бекітілген жұмыр темірлер бар. Кәдімгі оқтау тектес келген никельденген ақ темір. Биіктігі сонша, жақтан күйінде созыла қалсаң аяқ-қолың да жете қоймас. Бұл не үшін қажет екен деп таңданып жатқаныңда ең түкпірдегі бір әйелдің аяғын ақ жамылғыдан жасалған аспаға салып, сол темірге іліп қойғанын көрді. Сонан соң барып, өз төсегіне де, өзгелердікіне де жаппай орнатылған жұмыр темірлер сырына түсіне бастаған.



  • Қай жақтансың, қызым? – Сол жағында жатқан егде әйелдің сұрағына орай Самал жөнін айтты. Біраздан кейін өзі де әр нәрсені сұрастыруға көшкен.

  • Сен мазасызданба, - десті оған жаңа таныстары, - Вадим Петровичтің қолына түстім дегенше, жазылдым дей бер. Бәрі де орнына келеді. Бұл кісінің қолы алтын...

  • Самал, - деген бірде өзін Галя деп таныстырған жас әйел. – Екеуміздің арамызда қандай айырмашылық бар? Қарашы... – Ол төсектен түсіп, әрлі-берлі жүре бастады. Жаңа ғана басына қолын жастанып, жайбарақат жатқан адамның лып етіп түрегеліп, енді ойнақтап жүріп кеткеніне қызыға қараған Самал: «Мұның қай жерінде ауру бар? Мұнда ылғи мүгедектер түседі демейтін бе еді?» деп ойлаған.

    • Жер мен көктей, - деді сонан соң Галяның сұрағына жауап беріп. – Сен – жүре аласың, мен – мүгедекпін, мешелмін. – Осы сөздерді айтқанда көзіне мөлдіреп жас келді.

    • Жер мен көктей? Міне, ендеше қара! – Ол қызыл жапырақ гүлді шыт халатының тізелерін жауып тұрған етегін түріп жіберіп, мұның жанына жетіп келді. Самал жіңішке қиғаш қасты қабағын сәл түйген күйі оның көрсеткен жеріне үңіліп еді, екі тізенің үстін орай қапталына қарата шығып кеткен қос тыртықты көрді.

    • Пышақ ізі ғой... – лыпып жүгіріп жүрген мынау адамның екі бірдей операцияны бастан кешкенін шамалаған ол аузы ашыла таңданып қалған.

    • Қашан жасаттың?

    • Жеті жыл болды.

    • Қазір неге жатырсың?

    • Жай емделіп. Дәрігерлер бақылар отырады. Операциядан кейінгі жағдайды олар білуі керек қой. Әрі кеңес беріп, ұмыт қалдырмайды.




... Арада бірнеше апта өтті. Осы мерзім ішінде Самалдың да бірнеше жылдар бойы өзінен алшақтай түскен тәтті ойлары қайтадан қайырыла бастаған. Оның ең үлкен себебі - өз еркімен жүріп-тұруға деген үміттің тұтануы. Айналасындағылардың әңгімелері де, профессор мен емдеуші дәрігердің ықыласы, бұл үмітті күн санап нығайта берді. Самал енді қолынан тастамайтын кішкентай айнасынан өзінің адамға үркектей қарайтын солғын көздерінің үмітпен жандана түскенін көретін. Езуіне де жиі-жиі күлкі үйірілетінін байқады. Ал түнге қарай палатадағылардың бәрі ұйқыға кетіп, тынышталған кезде өз үйін, таныстары мен достарын ойына алатын.


 


Самалдың үй ішінің Алматыға көшіп барғанына онша көп бола қоймаған. Алғашында тұңғыштарының буын-буыны ауыра бастағанын жай салқын тидіге жорып, көп мән бере қоймаған ата-анасы ауру салмағы көбейе бастаған соң шын қорқайын деді. Емдетпеген санаторийлері де жоқ. Сирек кездесетін, қолға оңай түсе бермейтін талай дәрі- дәрмекті де ішкізіп көрді. Қаратпаған дәрігері де қалмаған. Бірақ Самалдың дертіне дауа табылмады. Міне, сол кезде барып басқа амалы қалмаған әкесі қолдағы мар малын, үй- жайын сатып, мұны Алматыға әкелген.


Қызының жайы жанына қатты батқан әке оның денсаулығын түзету үшін бәріне де әзір болатын. Клиникалардың табалдырығын тоздырды. Талай профессорлармен де кездесті. Өкінішке орай, осы бір аурудың алдында бәрі де дәрменсіз болып шыға берді. Бәрінен де әбден күдер үзген ол бірде Москваға СССР Денсаулық сақтау министрлігіне хат жазды. «Қаратпаған дәрігер қалмады. Енді қайда барамын? Шынымен мүгедек болып қалмақ па?!» деген сөздер бар еді хатта. Көп ұзамай оған жауап келді. Бұларды Москваға шақырып еді. Сол хаттан олар тұңғыш рет Вадим Петрович пен оның атақты бөлімшесі жайында білді...


Екінші палата есігін ашқанына жиырма бір күн болды дегенде ұзын, жіңішке қол арбаға салып, Самалды операция бөлмесіне алып кетті.


Сол бір үміт шырағының мықтап жарқыраған күні еді ол. Алғашында бүгіліп қалған аяқтың түп-түзу болып жатқанына жаны сүйінген Самалға бір күндері орнынан тұруға рұқсат етілді. Табанының жерге тигенін алғаш сезінген күні қыз жанары жасқа шыланды. Бұл – жан дүниесін кернеген қуаныштың ғана емес, алғыстың да жасы болатын. Өзіне қайта-қайта жаудырап қарай берген мөп-мөлдір қос қарашықтың не айтқысы келгенін Вадим Петрович сол сәтінде-ақ жазбай таныған. «Нағыз өмір қайта оралды деген осы, қызым», - деген ол бұған мейірлене қарап тұрып.


Алғашқы қуаныш екіншісіне жалғасты. Тағы бір күндері кезек екінші аяққа келді. Самал сөйтіп бір күндері жүре бастады. Алдымен балдаққа сүйеніп, қана бір-екі қадам жасайтын ол арада бір жыл өткенде өмірге қайта келгендей, ерекше күй кешкен. Біртіндеп бәрі де артта қалды.


Өмірде есесі кеткен жас еді бұл. Көкірегінде тұншыққан арманы мен үміті, тілегі мен талабы қайтадан балапандай талпына бастаған бойжеткеннің бар қызығы алдында болатын. Көкірегінде өмірге қайта келген жанның ой-сезімі лапылдаған Самал келешегіне қарай құлшына қадам басты.


***



  • Вадим Петрович! Вадим Петрович! – Аурухана үйінен шыға бергенінде ол өзін шақырған таныс дауысты естіді. – Сізді бір кісі күтіп отыр. Шығып кеткеніңізді байқамай қалыппыз.

  • Кім?

  • Баяғыда әке-шешесі көтеріп әкелетін қыз есіңізде ме? Жүре алмайтын...

  • Ондайлар көп қой, - профессор екі ойлы күймен кідіре берген. Оның қатты шаршаған түріне қарап, медсестра енді жолынан кідірткеніне өкіне бастаған. Осы мезет баспалдақпен бірдеңеден құр қалғандай асыға түсіп келе жатқан үштер шамасындағы бала көрінді.

  • Вадим! Вадим деймін! Ал қазір құлайсың. Кімге айтып тұрмын?! Вадим! – Соңынан естілген әйел даусы соншама асыққан бала соңынан оның да қатты жүріп келе жатқанын аңғартты. Іле өзі де көрінген. Жиырма төрт-жиырма бестердегі жап-жас келіншек баланы қуып жетті де, қолынан мықтап ұстай берді...


Сол мезет ... Вадим Петровичті көрді. Келіншек енді суылдай бетіне төгілген мойыл шашатарын бір қолымен кейін ысырған күйі қалт тұрып қалған. Суылдай төгілген қара шашатар профессордың есіне Қазақстаннан келген баяғы балауса қызды түсірген.


Әлдене айтуға оқтала бергенінде аурухана үйін басына көтере айқайлаған бала даусы шықты:


 



  • Мама! Мама! Дедушкам қайда менің? Мама! – Ол қолындағы ақ халатты жылы жүзді адам бейнеленген газет қиындысына бір, алдында тұрған бейтаныс адамға бір жалтақтай берді. Оларға жақындай түскен Вадим Петрович газет қиындысындағы өзінің бейнесін танып, істің мән-жайын енді қаныға бастаған күйі алдында тұрған сәбиге қарай елжірей ұмтылған. Бала да оның құшағына қойып кетті.

  • Атам! Менің атам сенсің бе?! – дейді тұншыға сыбырлап.

  • Вадим! Менің кішкентай Вадимім! – Профессор жасаурай қалған көздерінен мейірім шуағын төге сәбиді құшағына қыса түсті. Олардың жанында жасаураған көздерінде бақыт нұры ойнап сұлу жүзін көмкерген қара шашы иығына суылдай төгіліп Самал тұрды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу