👈 қаріп өлшемі 👉

  05.01.2022
  101


Автор: Әлібек Асқаров

Кейбір аң мен құстың қазақша атаулары туралы

Аң мен құстардың қазақша атауларына бай- ланысты аударма әдебиеттерде, ғылыми-көпшілік мақалаларда, мерзімдік баспасөз беттеріндегі материалдарда ішінара қателіктер кетіп жататынын біраз жылдан бері бақылап, байқап жүрміз. Көш жүре келе түзелер деген үмітпен, көлденеңнен әңгімеге аралас- пай, әліптің артын бағып та көрдік. Бәрібір болар емес. Баз бір қаламгерлеріміз сол баяғы таптаурын- нан, сол баяғы сарыннан танатын түрлері көрінбейді. Көңілге алаң түсіріп, қолымызға қалам алдырған да осы жайт болатын.


Қорадағы төрт түліктің әрқайсысына қырық- елуден атау тапқан қаймана қазақ түз аңына құрығанда бір атауды ойлап таппады дегенге сену қиын. Яғни, табиғаттағы аң мен құс, ағаш пен өсімдіктердің бәрінің де қазақша аттары бар. Орысшадан аударған кезде солардың қазақша баламасын дөп басып та- уып, дұрыс қолдана білген лазым. Әйтпесе, куро- патканы да, тетеревті де, глухарьды да, рябчик пен рябокты да “құр” деп соға берсек, немесе сойка мен синицаны, трясогузка мен зуекті, воробей мен жаворонокті “торғай” деп, түрлеп-түстемей ауда- ра бергеннен ана тіліміздің көсегесі көгеріп, көркем сөзіміз байи қоймайды.


Алдымен бәрімізге ежелден мәлім, баспасөзде көп айтылып, көп жазылып жүрген кәдімгі бұғыдан бастайықшы. Шаңырақтанған ай мүйізі бар осы бұғыны бірде “бұғы” деп дұрыс жазған болсақ, келесі жолы “марал” деп айдар тағып жатамыз. Тіпті “теңбіл бұғыны” “олень” деп те “аударғандар” кездеседі. Сонда осы атаулардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс.


 


Алтайдың алыс төрінде, тау қойнауындағы біздің ауылда бала күнімізде осы бұғы мен маралға байланысты мынадай логикалық ойын бар еді.



  • Кәне, айтшы? – дейтінбіз бұғы-маралы жоқ көрші ауылдың балаларының ой-қабілетін, өресін тексергендей болып. – Аңшыдан қашқан бір марал қалың теріске (тайга) келіп тіреліпті. Бір жағы – жа- лама құз-жартас, енді бір жағында – абалаған ит- тер, соңында қиқулаған қуғыншылар. Теріске қарай қашайын десе – қалың ағаш, көлденең бұтаққа мүйізін іліп, сындырып алады. Сонда марал не істеу керек?


Көрші ауылдың балалары ондайда жауап таба алмай шынымен-ақ қиналып қалатын. Ішіндегі біреу- лері білгішсініп:



  • Марал қашқан кезде мүйізін арқасына жап- сырып алмай ма! – деп жауап берісетін.

  • Ой, дәлдүріс, – дейтінбіз бұғышы ауылдың балалары – қойшы ауылдың балаларын мазақ етіп. – Маралда мүйіз болғанын қай атаңнан естіп едің? Мүйізі жоқ ұрғашы марал терістің ішімен зытып, қуғыншылардан қашып кетпей ме!


Қойшы ауылдың балалары өстіп “жеңілгендерін” мойындап жататын.



  • Бұғыларды қорада ұстап, маралдарды тебінге айдап жібердік, – дейді бұғышылар қыс түскен кезде. Өйткені маралда мүйіз жоқ, сондықтанда ол құнсыз, түздің аңы ғой, бірдеңе етіп қарды қазып, өз бетінше тебіндеп шығады. Ал, шаруашылық мүйізді шетелге сатумен табыс тауып отырғандықтан, мүйізі бағалы бұғыларға қолдан жемшөп беріп, мәпелеп, жылы жерде қорада күтеді.


Әңгіменің қысқасы, “бұғы” деген – осы аңның еркегі, оның шаңырақтанған мүйізі болады, ал “ма- рал” деп отырғанымыз – ұрғашысы, ол мүйізсіз тоқал. Бұғы-маралдың төлін кейбір қаламгерлер “бұғышақ” деп аударып жүр. Ондай сөзді өз басымыз естімеппіз. Әлде ауылдан ерте кетіп, ұмытып қалдық па деген дүдәмал оймен өткен жазда елге барғанда бұғышылардан да сұрастырып көрдік. Олар ерінде- рін қисайтып, иықтарын көтерісті. Оның төлін қазақ атам заманнан “қозықа” дейтінін айтты.


Орыс тілінде жағдай басқаша – еркегі де, ұрға- шысы да “марал” деп аталады. Сондықтан да олар “ма- раловодческое хозяйство” деп жазып жүр. Ал біздің қазақ әдебиетінде, энциклопедиядан бастап ұсақ-түйек анықтамалықтарға дейін, бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, бұл тіркесті “марал шаруашылығы” деп жа- зып жіберген. Жоғарыда мүйізі жоқ тоқал маралдың шаруашылық үшін құнсыздау екенін ескерсек, бұл ата- уды “бұғы шаруашылығы ”деген жөнге келеді.


Аударма әдебиетте аттары бірде олай, бірде бы- лай шатасып жүрген аңдардың бірі – құндыз бен қамшат. Бұлардың орысшасы “бобер” мен “выдра”. Кейбір әдебиеттерде осы екеуі де “құндыз” деп ауда- рылып жүр. Тіпті “собольді” де, “норканы” да, енот пен ондатраны да “құндыз” деп аударғандарды кездестірдік.


 


Бобер – ағаш кеміретін, суды бөгеп, тоған са- латын, отбасы болып қоғамдасып өмір суретін аң. Құндыздың құйрығы ескек тәрізді жалпақ келеді. Алтайда “құндыздың көшіндей” деген тіркес бар. Мекен іздеп, тоған іздеп құндыздар үйелменімен көшіп жүреді екен. Құндызға байланысты баяғыда әке-шешеміз әдемі-әдемі аңыздар, әңгімелер айтып отыратын. Ендеше, боберіңіз – кейбір басылымдар жазғандай, “қамшат” емес, құндыздың нағыз өзі. Ал “выдра” қама, немесе “қамшат”. Бұл жөнінде “Қазақстанның Қызыл кітабында” да қателіктер кетіпті. Соңғы шыққан орысша-қазақша сөздікте ғана дұрыс аударылыпты. Жоғарыда аталған “соболі- ңіз” – терісі қалай төңкерсең солай жығылатын, күмісше жылт-жылт етіп төгіліп тұратын, ежелден әйгілі “бұлғын”. Ал “норка” – Солтүстік Америкадан көндіктіру арқылы көбейген аң. Сондықтан оны “нор- ка” деп те, “қара күзен” деп те атай береді, “енот” – жанат, “ондатра” – ондатра (бұл да Солтүстік Аме- рикадан әкелінген аң), “перевязка” – шұбар күзен, “куница” – сусар, “каменная куница” – сасық күзен, “бурундук” – баршатышқан, “горностай” – ақкіс, т. б. “Сусликті” “сары тышқан” деп аударғанды да кездестірдік. Турасында оны “тараққұйрық” немесе “саршұнақ” деп атайды.


Көптен бері “харза” деген аңның қазақшасын таба алмай жүретінбіз. Алтайдағы аңшылармен әңгіме кезінде, бірде қарабауырдың орысшасын сұрастырдым. Қарабауыр – жас зиратты тесіп, ару-


 


ақты қорлайтын тажалдың нағыз өзі. Кейде төрт- бес қарабауыр бірлесіп құдыр мен елік алатынын да естігенбіз. Мысықтай ғана шақар аңның адамға шапқан кезі де болыпты, адамның алқымына аты- лып, кеңірдекті қиып жібереді екен.



  • Қарағым-ау, айтып отырған сол қарабауы- рыңның орысшасы “харза” болады! – деді аңшы- лар.


Құдыр демекші, әлгінде айтылған құдырды (күдір деп те атайды) елікпен (косуля) шатастырып жүргендер де бар. Құдырыңыз – кабарга. Орысша- қазақша сөздікте оны ойдан шығарып, “тоқал бұғы” деп аударып жіберіпті. Құдыр – еліктен кішілеу, нар түйенің өркешіндей белі бүкір, күжірейген, аузын- да сойдақталған қос тісі бар. Осы қос тістегі сұйық заттан шипалық қасиеті бар, аса зәру дәрі алына- ды деседі... Сондай-ақ “россамаханы” – сусар деп аударғанды да кездестірдік. Сусарыңыз – куница, ал росамаха – құну.


“Сурок” дегеннің суыр екені бәрімізге аян. Ал “сурок мензбира” дегенді қазақтың ата-бабасынан бері келе жатқан әдемі атауы – “көк суыр” ұмытылып, ғылыми айналымға “мензбир суыры” деп, калька түрінде еніп кеткен.


“Снежный барсты” “қар барысы” деп жолма-жол аударушылық та белең алыпты. Атам қазақ “барыс” деп қана білген, “қарды” қоспаған.


Ана тілімізде жарқанат, жапалақ, үкі деген аң- құс атаулары бары белгілі. Баз бір қаламгерлер соның


 


алғашқы екеуін алмастырып алатыны кездеседі. Бұлардың алғашқысы – тышқан тұқымы (лету- чая мышь), екіншісі – кәдімгі бадырақ көз құстың өзі (сова). Ал орысшадан аударған кезде сованы да, филинді де “үкі” деп, немесе екеуін де “жапалақ” деп жаза беретіндер бар. Дұрысында “сова” – жапалақ та, “филин” – үкі. Бұларды шатастырмай, аударма кезінде мұқият болған лазым.


Енді әңгіме басында сөз еткен аң-құстар жайына оралсақ. Әрине, біздің жинап-тергеніміз де даулы бо- луы мүмкін. Бұл мақалаға орманшылар мен аңшылар, қаламгер қауымы үн қосып, толықтырып жазып жат- са – құба-құп дер едік. Біздің білетініміз мынау: куро- патка – кекілік, тетерев – бұлдырық, глухарь – құр, рябчик – шіл. Ескертетініміз – глухар баспасөзде “саңырау құр” деп, калька түрінде қалыптасып кетті. Бала күнімізде наурыздың соңында қардың көбесі сөгіліп, күнгей беткейлер алашұбар тартқан шақта ағаларымыз таң қараңғысынан тауға талай сүйрелеген. Сондағы айтатындары “құр қарайық”, “құр ойнағын тамашалайық” дейтін. “Саңырау құр” дегенді естімеппіз. Ауылдағы орманшы азаматтардан сұрап едім, қазір де олар бастарын шайқасты.


Торғай – воробей екені бәріне белгілі. Сойканы қазақ “жорға торғай” деген. Синица – шымшық, трясогузка – шақшақай, зуек – шүрілдек торғай, жаворонок – бозторғай.


Осы арада айта кетер тағы бір әңгіме... Алтай- да балқарағай жинап, шарылдап жүретін шақар бір


 


құс бар. Торғайдан үлкен, күйкентаймен шамалас. Ол құстың орысша аты “кедровка”. Қазақша тағы да калька түрінде алып, балқарағай торғайы деп жазылып жүр. Ал оның қазақ білетін ежелгі аты – “шауқарға” екенін ескерейік. “Қызыл тұмсық шауқарға, қыздан басқа жау бар ма” деген өлең жолдары да бар емес пе!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы