05.01.2022
  349


Автор: Әлібек Асқаров

Минскідегі күндер

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқару ко- митеті Минск қаласында екенін әуелден білуші едік. Ал ол Атқару комитетінің құрылымында не бар, кім бар, ол жағын біле бермейтінбіз. Сөйтсек, Комитет сала-салаға бөлінген біршама Кеңестерден құралады екен. Біздің салаға қатысты құрылым – “Мерзімді баспасөз, кітап басу, кітап тарату ісі және полигра- фия саласындағы мемлекетаралық кеңес” деп ата- лыпты. Бұл Кеңес соңғы уақытта – 1999 жылы ғана құрылыпты.


Кеңес құрылған бетте оның жұмысын басқару шаруасы Ресей тарапына тапсырылып, төрағасы бо- лып Ресей баспасөз министрі М. Лесин тағайын- далады.


Үш жылдық мерзімі өткен бойда Ресей тарапы кеңес жұмысын жүргізуді Қазақстанға ұсынады.


Мен жұмысты М. Лесиннің орынбасары М.А. Сироженкодан қабылдап алдым. Сироженко сол жылы Мәскеу делегациясын бастап келіпті. Ми- хаил Александрович қалжыңбас, сөзге шешен, қызыл шырайлы, ақжарқын кісі екен, кейін жақын танысып, төс қағыстырған дос болып кеттік.


Келесі жылғы кездесуімізге Лесиннің орны- на келген жаңа министр М.В. Сеславский қатысты. Әйтеуір барған сайын Кеңестің құрамы тұрақсыз, жартысына жуығы жаңаланып отырды.


Жалпы, Кеңестің төрағасы кемінде министр немесе вице-министрдің дәрежесінде болуы тиіс.


 


Өйткені, көріп отырсыздар, мүшелерінің өзі ми- нистрлер, министрлердің орынбасарлары, елшілер. Сондықтан төрағада да үлкен лауазым мен бедел болғаны әбден дұрыс. Бұлай болғаны – алдымен өз еліңді сыйлау, сосын көрші ТМД мемлекеттеріне де көрсетілген құрмет.



  • Бұл салада тәжірибеңіз жеткілікті, бүкіл ТМД елдері бойынша баспагер-полиграфистердің біразын білесіз, сіз басқарыңыз, – деп бастықтар маған қолқа салған.

  • Маған ыңғайсыз болар, вице-министрдің бі- реуі барсын. Мен небәрі департамент директоры- мын, – деп мен де табандап бақтым.

  • Жұрттың бәрі сіздің ұзақ жыл министрдің орынбасары болғаныңызды біледі. Минскіге анке- таңызды жіберіп те қойдық. Келісіңіз! – деп бас- тықтар менің тағдырымды шешіп қойғандарын аң- ғартты.


Келіспеске амал қайсы, басымызды шыбындаған атша шұлғып, көрмеген-білмеген Минск деген қалаға кете бардық.


* * *


Мемлекеттер арасындағы бұл Кеңеске төраға болу, өзім алдын-ала күдіктенгендей-ақ, оңай шаруа болмай шықты.


Мәскеуден ылғи да министр немесе оның орын- басары бастаған нелер бір сықиған басқарма бастық- тары, заңгерлері мен білгір сарапшылары бар, жеті- сегіз адам жетеді пойызбен. Қасымыздағы Белорус-


 


сияның бірер министрі, әр саланың бастықтары келіп қатысып отырады. Басқа елдерден бірді-екілі өкіл- дер, өкілдері келмей қалған елдерден Белоруссияда- ғы олардың елшілері қатысады.


Тоқ етері – дөңгелек үстелді жағалай бәрі де жаутаңдап не айтар екен деп саған телміріп қалған кезде тілің тұтығады. Шүкіршілік, оның бәрі өткінші екен, саланың мұң-мұқтажы бәріне ортақ, лезде тіл табысып кеттік. Қашанда әріптестеріңмен кәсіби тілде сөйлесу жеңіл ғой, бір-біріңді ыммен түсіне қоясың.


Атқару комитетінің аппаратында біздің Кеңес- тің жұмысын үйлестіріп отыратын департамент бар екен. Оның директоры Александр Вартано- вич Аветисян деген елгезек жігіт. Ереваннан екі жылға іссапар есебінде жіберілгенімен, осында ұзақ мерзімге қалып қойыпты. Түсіністікпен жақ- сы жұмыс істестік. Оның қол астында бір топ қыз- келіншектер. Айтқаныңды бұлжытпай орындап, қағаз-құжаттарыңды тап-тұйнақтай етіп дайындап отырады. Әр отырыстың күн тәртібін алдын ала Астанаға факс арқылы жіберіп, келісіп отырдық. Телефонмен жиі-жиі тілдесіп отырдық. Департамент қызметкері Ақмарал Әбетаева деген қызымызды осы жұмысқа басыбайлы жегіп қойдық. Сөйтіп, біз Минскіге барған кезде күн тәртібіне қажетті құжат- тар алдымызда дайын тұратын болды. Тіпті кейбір құжаттарға төраға ретінде қолымызды факс арқылы қойып, Астанадан жіберіп жүрдік. Қысқасы, жина-


 


лысты дайындау мәселесінде кемшілік болмайтын. Мәселе сол күн тәртібіне қойылған мәселелерді дұрыс талқылап, әріптестеріңе жеткізе білуде, өткізе білуде. Жиынға қатысушы мүшелердің қолын қойғызып, құжаттарды бекіте білуде. Тегі, төрағаның өтімділігі де, абырой-беделі де дәл осы арада сынға түсе ме дедім.


Мен төрағалық еткен екі жарым жыл ішінде көптеген құжаттар қабылданды. Оның қайсыбірін тізіп жатарсың, есімізде де қалмапты. Кеңес қабыл- даған құжаттар одан әрі еларалық келісімге ұсыны- лады, премьер-министрлердің бас қосқан жиынында бекітіледі.


Кейбір құжаттарды дайындау мен оны талқы- лау қиындап та жататын. Әсіресе Ресей тарапынан жасалған баз бір ұсыныстарға баз бір елдердің өкілдері табандап қарсы болып шыға келеді. Қол қоймаймын десе, төбелесетін емес, құжатың қабылданбайды, одан әрі жылжымай қалады. Сонау КСРО заманынан ағайындардың мінезін танып, тәбетін тәуір білетіндей болдық қой, мен соңынан айлаға көшейін дедім. Жи- налысымыз көбінде екі күнге жоспарланады, біз соны бір күнде бітіруге тырысамыз. Соңынан, кешке та- ман астындағы асханаға дастарқан жасатып қоямын. Дастарқан басындағы әңгіме мүлде басқаша ғой, қатты көңілденген жігіттер қандай құжатыңа да қол қойып беретін. Кейінгі жиындарда бір мәселе төңірегінде дау- дамай туа қалса, “мынау дастарқан басында қаралатын құжат екен” деп әріптестерім қалжыңдайтын болды.


 


Төраға ретінде менің өзім ұсынған бір құжат бол- ды. Ол баяғы жылдары Мәскеу кітап жәрмеңкесі ая- сында өтіп жүретін “Кітап өнері” халықаралық кон- курсын қайта жаңғырту еді.



  • Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деген, Кеңес заманындағы озық дәстүрлерді ұмыт тастамайық. Біздің Кеңес бастама көтеріп, “Кітап өнері” конкур- сын қайта жалғастырайық! – деген ой тастадым.

  • Ол неге керек, бәрібір жүлденің бәрін Ресей өзі алатын болады. Сапалы қағаздың иесі солар, мықты полиграфия соларда! – деп қасарысты бірер азамат.


Осы сөзді дастарқан басында тағы да жал- ғастырдым.



  • Төрағаның қабылдауында отырып, төраға- ның дастарқанынан тегін тамақ, тегін арақ ішіп оты- рып, сендердің бұларың қалай! – деп әзірбайжандық ақын досым Шыңғыс Әлиоғлы әзіл-шынын аралас- тырып сөз сөйледі. Шыңғыс аздап кавказдық ак- центпен шешен сөйлейтін, әріптестерінің алдында беделі үлкен еді. Бағана қарсы болған азаматтар сөзге келмей қолдарын қойып берісті.


Шүкіршілік, соның арқасында кейінгі жылда- ры “Кітап өнері” халықаралық конкурсы жанданып, үлкен серпіліс туғызды. Қазақстан тарапы былайғы жүлделерді санамағанда, бір рет гран-приді, келесі бір жолы бірінші орынды жеңіп алғаны белгілі. Бұл екі жеңіс қазақ кітабының ғана емес, еліміздің абыройы, мәдени өміріміздегі құбылыс еді.


 


Енді бір жолы қырғыздың Шолпан-ата қала- сында өткен ТМД елдерінің премьер-министрлерінің кездесуін дайындап, өз саламыздың біраз құжатын бекіттіргеніміз есімде.


 


* * *


Мен Минск қаласында бұрын-соңды болмаға- нымды жоғарыда айттым. “Ол жақ әлі социализм, сол баяғы кеңестің қаласы, олар әлі нарыққа кіре қойған жоқ” десетін көргендер. Ал біздің Алматы болса ол кезде шығыстық нақышы бар еуропалық қалаға айналып кеткен. Әсіресе түн баласында Ал- маты көшесінде келе жатқан адам соңғы жылдарғы ұлы-жіңгір өзгерістерді анық байқайтын.


Сөйтсем, білгіштер қателесіпті. Минск дегенің көшелері айнадай таза, гүлзар мен сквері мол, жа- сыл желекке малынған көркем қала болып шықты. Күндіз де, түнде де жалықпастан көше кезіп қыдыра бергің келеді. Адамдары да жайдары жүзді, қабағы ашық, ниеті таза көрінді. Айтса айтқандай-ақ, нағыз “ақ орыстардың” өзі ме дедім. Жалпы, белорус ағайын әдемі халық ретінде әсер қалдырды.. Осы алғашқы әсер қалай болса, кейінгі барған жолдары белорустар туралы менің пікірім беки түскен. Минск көшелерін бірде ақын Шыңғыс Әлиоғлымен бірге қыдырдық. Шыңғыстың біздің Кеңестегі “стажы” әжептәуір еді. Кеңес ұйымдасқан 1999 жылдан бері оның мүшесі ретінде бірде-бір жиыннан қалмаған көрінеді.


 



  • Белорустар – ерекше халық. Сөзіне берік, досына сенгіш, өтірігі, жалғандығы жоқ. Бұл жалпы халыққа берген менің бағам. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында белорустар тайлы-таяғымен партизан болып кеткенін естіген боларсың? Ең бастысы – белорустардың ішінен бір де бір сатқын шыққан жоқ. Бұл да халықтың мінезін көрсетеді! – деді Шыңғыс.


Ең бастысы, белорустар кітап оқитын ел екен. Сенбі күні кітап базары өтеді. Кітап базарының ғимараты Алматының Көкбазарынан әлдеқайда үл- кен. Ол жерде сатылатын кітап анағұрлым арзан. Қызығасың да, қызғанасың да. Кейін естідім, бело- рустар бұл дәстүрді жақсы жағынан жалғастырып, тек сенбі күні ғана емес, қазіргі кезде аптасына бірне- ше күн кітап базарын жасайтын болыпты.


Минскідегі шуақты күндерді еске ала отырып мынадай түйін жасауға болады: Бүгінгі таңдағы ТМД елдері арасындағы, әсіресе, Ресей Федерация- сымен арадағы мәдени-рухани байланысымыздың нығаюына біздің Кеңестің де айтулы үлесі бары шындық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу