05.01.2022
  400


Автор: Әлібек Асқаров

Тіл жанашыры

Өмірде талай адаммен кездесесің, жүздесесің, қызметтес, тұз-дәмдес боласың. Солардың ішінде мықтап достасып, кейінгі тірлікте сыйлас болып кететіндер, әрине, көп емес. Біз Ғосман Төлеғұл екеуіміз қызмет бабында танысқанымызбен, көп өтпей-ақ ағайынды адамдардай жақындасып, әзілі- міз жарасып, дос болып кеткен адамдар едік.


Жүзінен үнемі мейірім мен шуақ төгіліп тұратын Ғосекең өзінің парасат-пайымымен, көпті көрген кісілік мінезімен, Көкшенің даласындай дарқан көңілімен біздің Министрліктің сол шақтағы үлгі тұтар тұлғасына айналды. Қызметкерлердің көбісі жастар, Ғосекең мен Тұрлығазы Дуанбеков, іштерінде мен де бармын – сол өндірдей көпшіліктің ақыл айтар ақсақалдары іспетті едік.


 


Жалпы, мемлекеттік қызметтің қызығы қанша- лықты екенін айта алмаймын. Ал оның қиындығы же- тіп жатыр. Сондықтан жүз жерден ақсақал бол, мейлі жасың жер ортадан ассын, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен нашар маман болсаң, қазіргі жастардың сені құрметтеуі, сыйлай қоюы екіталай. Ол үшін алдымен өзің мықты маман болуың шарт, сонда ғана жастарға бірдеңе үйрете аласың. Сонда ғана өкшеңді басып келе жатқан, компьютердің құлағында ойнап, интернетпен ауызданған жас ұрпақ сені сыйламақ.


Шүкіршілік, өмірлік тәжірибе жаңағы айтқан біздің қай-қайсымызда баршылық еді. Сосын да бо- лар, қызметтестер алдында біздер сөзге сүрініп, тізеге жығылып көргеміз жоқ.


Енді қарап отырсаң, сол өткеннің бәрі сағыныш боп қалғандай. Ғосекеңмен қызметтес болған жыл- дар өмірдің әдемі кезеңіндей елестеп кетеді...


Ол заман да бір дәурен екен-ау!


Астананың жаңа көшіп жатқан кезі. Адамның өңі түгіл түсіне кірмейтін оқиғалардың қалың ортасын- да жүрміз. Солардың біршамасын ұйымдастырып, пәрмен беріп жүрген де біздің министрлік-ті. Апалас- төпелес тірлік, Алматы мен Ақмоланың арасын- да ағылған халық, мағынасын әлі дұрыстап түсіне қоймаған дүрбелең шақ. Расында да, қырықтың қырқасынан енді ғана асып, елуге иек артар шақта өмірді жаңадан бастаймыз, тағы да баяғы студенттік жылдардай сүрбойдақ күй кешіп, жатақханада тұрамыз деп кім ойлапты.


 


Әттең, қолға қалам алып, тапжылмай отыруға қазір уақыт жетпей жүр. Әйтпесе, қазақтың аста- насының Арқаға көшкен аласапыраны жайында бір шытырман оқиғалы романның сюжеті көңілде пісіп жатыр.


Ғосекең қызметке келгеннен кейін, арада көп уақыт өтпей біздің министрлік “Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім” деген атқа ие болып, негізінен тек саясатпен айналысатын болды. Қаламгерміз, үлкен саясаттан алыстау жүретін мен министрдің орынбасары қызметін ауыстырып, кітап пен полигра- фия шаруашылығымен айналысатын Департаментті басқардым.


Біздің департамент уыздай ұйыған, ауызбірші- лігі мықты ұжым болды.


Жазу-сызу деген Ғосекеңнен қалған дүние емес пе, қаламы шапқан аттан жүйрік ағамыз Департамент қызметінде қаздай қалқып, қудай жүзді. Жазушы- қаламгерлерді соңынан шұбатып, баспа деректірлерін төңірегіне үйіріп, жұмысты дөңгелентіп әкетті.


Мемлекеттік қызметтің бір арнасы – қағаз жазу, ақпарат дайындау, сараптама жасау екені белгілі. Ғосекеңнің бұл шаруадағы шеберлігін көргенде әріптестері қайран қалып, бастарын шыбындаған атша шайқасты. Тіпті кейбір іші тарлар қызғаныштан тұз жаласты дер едім. Сөйтсек, Ғосман Төлеғұлды біз қазақша ғана жазады деп жанымызға жақын тартып жүрсек, ол кісі орыс тілінде де тайпалған жорғадай екен. Жоғарғы жаққа орысша да, қазақша да ақпарат


 


жөнелткенде алдына қара салмайтын жан болып шықты. Содан кейін-ақ, Ғосекеңе қызығушылар мен құда түсушілер әр тұстан шыға бастады.


Сол жылдары барлық облыстарда біздің ми- нистрліктің “Ақпарат және қоғамдық келісім бас- қармалары” деп аталатын құрылымдары ашыла бастаған. Оларға өңірлік саясатпен айналысатын, ми- нистрліктің көзі мен құлағы болып отыратын білікті әрі саясаткер кадрлар іздеуге кірістік.


Министріміз Алтынбек Сәрсенбаев жаңадан құрылып жатқан Ақмола облысын өзіміздің кадр- лармен күшейту мақсатында өзінің туып-өскен Көк- шетауына Ғосман Төлеғұлды қайта жіберейік деп ұсыныс жасады. Мен бұл шешімге қарсы болдым. “Төлеғұлдай маман орталыққа да керек” дедім. Бірақ үш күннен соң министр кесімді сөзін айтты. Амал қанша, Ғосекең қайыра Көкшетаудан бір-ақ шықты.


Ғосмансыз қалған біздің Департамент бір-ақ күнде жүдеп шыға келді.


Әзілі орынды, әңгімесі жарасқан, ой-мақсаты ортақ азаматтар алыста жүрсе де, көңіл түкпірінде бірін-бірі ұмытпақ емес. Жақсылығын насихаттап, табысына қуанып, сырттай болса да тілекші болып жүреді.


Ғосекең екеуіміз де солай болдық, телефон ар- қылы хал-жағдайымызды сұрасып, күні бүгінге дейін хабарласып тұрамыз. Астанадағы жиналыстарда, кейбір қуаныш-тойларда сирек болса да шүйірке- лесіп, бас қосып жүрдік.


 


Содан бергі кезеңде Ғосманды сырттай байқап жүремін, ол білікті, шебер аудармашы ретінде де көп жұмыс тындырып тастапты. Бірер көркем шығар- маны қазақ тілінде сөйлетіп, “Мәдени мұра” ая- сында мемлекеттік тілде шығарылып жатқан кітап серияларына бел шешіп араласты. Біздің өтінішіміз бойынша да қазақ тілінен орысшаға екі кітап ауда- рып тастады.


Ғосекеңнің қазақ тілінің жанашыры ретінде жа- сап жүрген жұмыстары өз алдына жеке әңгіме. Ғос- ман Төлеғұл қызметінің бұл қыры жайында тіл маман- дары толықтырып, өздері лайықты бағасын беріп жаза жатар деп сенем. Менің айтайын дегенім – Ғосман досымның өз елінің нағыз патриоты, әрбір іске ұлттық мүдде тұрғысынан қарайтын, қазағым десе ет жүрегі елжіреп тұратын азамат екендігі. Мұны мен ғана емес, Ғосманмен қызметтес болған әріптестерінің бәрі де жақсы біледі, мойындайды.


Несін жасырайын, Ғосекеңе Президент Әкім- шілігі тарапынан да біздің талай мәрте ісіміз түскенін айта кетуді жөн санап отырмын.


Қызмет барысында “Мынау шаруаны шұғыл орысшаға аударту керек” дегендей кейде бізге жоға- рыдан нұсқау түсіп қалады.


Кейбір проблеманың басы осындай қысылтаяң- да ашылып жатады... Елімізде орысшадан қазақша- ға аударатын мамандар баршылық, ал қазақшадан орысшаға көркем аударатын адамды күндіз шаммен іздеп табу қиын екен.


 


Сондайда біздің ойымызға тағы да өзіміздің Ғосман Төлеғұл түседі. Маңдайдан тер шығып, қиналған соң қайтеміз енді! Сөйтіп, Ғосекең Көк- шетау түгілі, жердің астына кіріп кетсе де тауып аламыз. Білеміз, Ғосекеңнің өз шаруасы да басынан асып жатады. Соған қарамастан, достарының көңілін қимай, қиын да болса, уақыт аса тар болса да, қол ұшын беріп, әрдайым көмектесіп жүр. Ең бастысы әлгіндей тапсырманы Ғосекең күн демей, түн демей, ұйықтамастан орындап тастайды.


Содан, ойлаймын, маман болсаң Ғосман Төле- ғұлдай болу керек шығар деп. Дос болғың келсе, шын достықты Ғосекеңнен үйренген абзал. Өз ісіңе жауапкершілікпен қарауды тағы да осы Ғосманнан үйренген жөн шығар.


Ғосман Төлеғұл – әріптестері құрмет тұтатын, достары қадірлеп сыйлайтын, қандай істің басында жүрсе де, қандай шаруаның қасында жүрсе де “нағыз елжанды қазақ, міне, осы” деп, мақтан ететін асыл азамат.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу