05.01.2022
  413


Автор: Әлібек Асқаров

Алыптардың сарқыны

Он тоғызыншы ғасырда орыс қоғамында ком- позиторлардың “Могучая кучка” деген ұйымы бол- ғаны бәріне аян.


Сол секілді өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Алматыда “Жеті жетім” деген бір топ достар шықты. Бәрі де сайдың тасындай, әлекедей жаланған талант- ты жастар еді. Олар академизмнің сықасқан стилін шағып, журналистикада төңкеріс жасады. Қазақ баспасөзіне рух еркіндігін әкелді.


Әдебиетке де жаңалық енгізді, оның көркемдік сапасын көтерді. Ол қаламгерлердің ішінде Оралхан Бөкей, Төлен Әбдік, Ақселеу Сейдімбек, Бексұлтан Нұржеке, Кәдірбек Сегізбай, Кәрібай Ахметбеков, Қуанышбай Құрманғалиев, Серік Әбдірайымовтар болды.


 


Мен сол ағалардың қолдарына су құйып, дас- тарқандарын жасасып, карта ойнағанда сусындарын ұсынып, әңгімелерін тыңдап өстім.


Кейін сол жетеудің бірі Ақселеу Сейдімбек мен қызмет жасайтын мекемеге бастық болып келді. “Білім және еңбек” деген журналда істеуші едім, соған бас редактор болып тағайындалды.


Тәуелсіздік алған соң, қазіргі кезде батырлар мен баһадүрлер көбейді ғой. “Тоталитаризм режіміне қарсы мен былай күрестім, мен сөйттім, мен бүйттім” деп мақтана жазғандарды оқып жүрміз. Мейлі, жаза берсін, айта берсін. Кімнің аузына қақпақ қоярсың. Ал “азаттық” деп күрескен адамдар бар болса, соның бірі де, бірегейі біздің Ахаң болатын. Бұл бұлтартпас шындық! Оған сол уақыттағы заңды орынбасары мына мен куәмін!


Ол жылдар туралы ілгеріректе, 2006 жылы, яғни Ахаңның көзі тірісінде мен былай деп жазған екенмін:


“Баяғыда, Кеңестер дәуірі, “Білім және еңбек” дейтін журналдың редакциясында он бір жыл қыз- мет жасағаным бар. Желкөкірек жеткіншек болып келіп, өмірге сабырлы көзқарасы бар, жиған-терген тәжірибесі тағы бар, қалыптасқан кәдімгідей азамат болып аттандық. Журнал редакциясының уыздай ұйыған шағын ұжымы бар еді. Осы он бір жылда журналдың төрт бастығымен, яғни бас редакторы- мен қызметтес болдық. Соның әрбірі басылымды өз өресі деңгейінде көтере білді, журнал тарихында


 


өзіндік қолтаңба қалдырды. Алайда, мен қызметтес болған сол төрт бастықтың ішінен Ақселеу Сейдімбек ағамызды бөле-жара атар едім. Ол кісінің редактор- лық еткен жылдары – қазақ журналистикасының өресі биіктеп, қоғамдық танымы кеңейген кезеңі сияқты көрінеді де тұрады. Осы жылдары журнал қазақтың төл тарихына көбірек көңіл бөлді. Ұлттық салт-дәстүр, діл мен этнографияға айрықша назар аударылды. Архив мамандары, тарихшы ғалымдар, этнографтар мен зергерлер, өнер шеберлері автор ретінде көптеп тартылды.


Мен ол кезде Ақселеу ағамыздың орынбасары – журналдың жауапты хатшысы болатынмын.


Бас редактор Ақселеу Сейдімбектің бөлмесі Тарих институтының филиалы сияқты еді. Филиал болғанда, әдеткідей үлкен жиындар емес. Екі, әрі кетсе үш-төрт адам бас қосып, қызылкеңірдек болып күнде айтысып жатқаны. Сол айтыстың бәрі қазақ ұлтының тарихы мен тағдырына қатысты мәселелер-тұғын. Ал олардың әңгімесіне құлақ түрсең – шошисың, төбе шашың тік тұратын еді.


Мұндағы әңгіме – біз мектепте де, универси- тетте де ешбір мұғалімнің аузынан естімеген сөздер. Ол заман үшін естір құлаққа ерсі одағай әңгімелер. Бөтеннің құлағына тисе – “ұлтшыл”, “пантюркист” деп партиядан шығарылып, жұмыстан қуылатын, тіп- ті итжеккенге айдалып кететін аса қауіпті әңгімелер.


Әңгіме ауаны аса қиын бағыт алып бара жатқан шамада Ақселеу ағамыз:


 



  • Әлеке, анау қызметкерлерді жылтыңдата бер- мей, материалдарды өзің-ақ қарай салшы! – деп, бөтен адамды бөлмеге кіргізбеуге тырысатын.


Енді мына қызыққа қарашы...


Желтоқсан оқиғасынан кейін билік артынша осы оқиғаға желеу болған себеп-салдарды іздеуге кірісті ғой. Ол кезде мен басқа мекемеде – “Өнер” баспасының бас редакторы болып қызмет жасай- мын. Оларға бәрібір екен, бірде КГБ-ға шақыртты. Ғұмыры есігін ашып көрмеген жерім еді, ойымда ештеңе жоқ, шақыртқаннан кейін салып-ұрып жетіп бардым. Сөйтсек, оқырманды “ұлтшыл” жасаған ба- сылым ретінде “Білім және еңбек” журналы екенін “анықтап”, оның бастығы Ақселеу Сейдімбектің соңына шам жағып түскен беттері екен. Ақселеуді істі ету үшін жауапқа тартылғандар – бұрынғы орынба- сар – мен, қазіргі орынбасар – Жұмабек Кенжалин, редакцияның көптен келе жатқан ақсақал қызметкері, жазушы Танаш Дәуренбеков.


Шүкіршілік, КГБ қатты ескертіп тыйым салып, бір-бірімізбен кездестірмесе де, үшеуіміздің сөзіміз бір жерден шығыпты. Сөзіміз нық, ауызбіршілік танытуымыздың арқасында Ақселеу ағамыз аман қалды. Бірақ бәрібір коммунистік жүйе өзіне адал еместерді кешірген бе, арада көп өткізбей Ахаңды жұмысынан алып тастады”.


* * *


Енді ойлап отырсам, баяғыда, орта ғасырлардың кемеңгерлері де әмбебап адамдар болған ғой. Суретші


 


болса – инженерлік сызбалар жасап, философиялық трактаттар жазып, композиторлық, жазушылық іс- әрекетпен айналысқанын талай оқыдық. Мысал үшін, сондайлардың бірі өзіміздің Шоқан мен Абай.


Байыптап қарасақ, Ақселеу ағамыз да сол лек- тен сияқты...


Еңбек жолын тамаша журналист ретінде бас- тады. Ол кезде Ахаңның очерктерін іздеп жүріп оқи- тынбыз. Сосын тілі төгілген әдемі жазушы болды.


Халықтың жоғын жоқтаймын деп ғылымға кетті. Жоғалуға шақ қалған қазақтың қара өлеңін теріп – фольклорға, шежірені жинап – тарихқа қосты.


Салт-дәстүрден айырылып бара жатқан жастар- ды көріп, этнография мен халықтық эстетикамен шұғылданды.


Қол өнерімен де айналысты. Қазақтың соңғы өрімшісі Ахаң он сегіз таспа қамшы өрген адам, оны көзімізбен көрдік. Ер-тұрман әбзелдері, жүген, құйысқан дегендей, қайыстан түйін түйді.


Тіпті ән шығарып, композиторлықпен де айна- лысты. Халықтық иіс бұрқырап тұрған Ахаңның әндеріне кәсіби композиторлар қызығады.


Ақселеу ағамыз, мінеки, осындай кісі еді.


Ахаңды мен Алланың нұры түскен адам деп танимын. Алланың көңілі түссе, бар асыл қасиетті, ақыл мен көрікті бір ғана адамға үйіп-төгіп бере сала- тынын Ахаңның мысалынан көруге болады.


Ақселеу ағамыз “Қазақ әлемін” зарттегенін білеміз. Енді “Ақселеу әлемін” зерттейтін күн туды.


 


Ахаңның соңында қалған мол мұрасын игеру дәуірі басталды.


Ахаң інілеріне: “Не жасасаң да, қандай қимылға, іс-әрекетке кіріссең де, не шешсең де, ұлттық мүдде тұрғысынан қараңдар”, – дейтін.


Ақселеудей тұлғадан айырылу – ұлт трагедия- сы болғаны шындық. Қартаймай кетті. Сөйтіп елі мен жұртының жүрегінде мәңгі сал-сері бейнесінде, тұтас ұрпақ өнеге тұтқан, қызыға еліктеген үлгі бо- лып қала берді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу