👈 қаріп өлшемі 👉

  05.01.2022
  39


Автор: Әлібек Асқаров

Қазақтың қас жақсысы еді

Өмірде абзал ағаларды көп кездестірдік, со- дан көзіміздің жеткені – ағаның да ағасы, абзалдың да абзалы болады екен. Ондай ағаларды көп дей алмайсың. Олар електен сүзілген кесек-кесек дән секілді... Сөйлеген сөзімен де, істеген ісімен де, салиқалы парасатымен де дегдар, кесек. Көргенінен түйгені мол ірі тұлға, көсегелі кісі, көшелі азамат. Өз басым қазір ондай ағаларды тірісінде бағалап, хал- қадірімше құрметтеуге тырысам. Өйткені алтыннан ардақты ағалардың небір жайсаңдарынан ертелі-кеш айырылып қалған жайымыз бар.


Солардың бірі Хайдолла ағамыз еді...


Хайдекеңді білетіндерден, бірге қызметтес болғандардан әлі күнге ол кісі туралы бір ауыз артық әңгіме, ғайбат сөз естіген емеспін. Көзі тірісінде де солай еді, кейін де солай болды. Жақсыға сөз, жаманға шөп ереді дейтін халық даналығы дәл


 


осы ретте мүлт кеткендей. Еститінім – тек қана тебіренген мақтау сөз, сүйсінген тілек, құрмет тұтқан шынайы көңіл.


Көсем келбетті, батыр пішінді, мейірімге толы ақша жүз, дарқан көңілді Хайдағаңмен қанаттас, қызметтес болған жылдарымды мен де қазір сағы- нышпен еске алам...



  • Інім, отырып бір әңгімелесейік те! – дейтін еді жарықтық кездескен сайын жылы ғана жымиып.


* * *


1986 жылдың жазында “Өнер” баспасына бас редактор болып бардым. Оған дейін он бір жыл бойы газет-журнал төңірегінде қызмет жасаған- дықтан, тау қопарардай-ақ білекті сыбанып жет- кенмін. Сөйтсем, кітап шаруашылығы дегенің мен ойлағандай оңай іс болмай шықты. Етек-жеңі кең күрделі кәсіп екен. Шығармашылық топқа жетекшілік жасағаныңмен, кітап ісінің экономикасын, оған қажетті материалдардың алуан түрін, полиграфиялық қуаттардың бөлінісін, тоқсан сайын есеп берер жос- парлы саясатты білмей шаруа жасаудың қиындығын ұқтым.


Ол кездегі дүрілдеген атақты баспа “Жазушы” болатын: көп адам жұмыс жасайтын мекеме, әрі жазушы ағайынның айналсоқтап шықпайтын жері. Осы баспаның баспадан өткен атақты бас редакто- ры Мұхтар Мағауин болатын. Алдымен бұрыннан білетін сол Мұхтар ағама ақыл-кеңес сұрай бардым.


 


Мұқаң, обалы не керек, “келетініңді өзім де сезіп ем” деді де, есікті жауып қойып, біраз ұлағат айтты.



  • Көзі тірі жазушының кітабын шығару бәрінің қолынан келеді. Оның үстіне, көзі тірі жазушы – кітабын шығармасыңа жаныңды қоймайды. Бас редактордың міндеті бұл ғана емес, жалпы халықтың рухани құндылықтарын жаңғыртып, әр буынға қай- тарып отыру, – деді Мұқаң.


Сосын сұқ саусағын кеудесіне қадап:



  • Мен бас редактормын,– деді.– Сұлтанмахмұт Торайғыров “кітабымды неге шығармадың” деп маған келмейді. Тіпті оның мұрасын іздеп келер соңында ұрпақ та қалған жоқ. Ал Сұлтанмахмұттың соңғы жинағы шыққанына пәленше жыл бопты. Жұрт Сұл- танмахмұтты ұмыта бастаған кезде мен, мінеки, жар- қыратып екі томдығын шығарып отырмын. Сөйтіп, мен бүгінгі буынға рухани мұрамыздың біреуісін қайтарып бердім. Бас редактор етіп тағайындаған екен, сен де шығарар өніміңе мен сияқты халықтық тұрғыдан қара... Ал, шын баспагер болғың келсе, онда қалған ақылды Хайдекеңе барып сұрарсың!


Мен рақмет айтып, орнымнан тұра бергенде:



  • Хайдекең дегенім – Хайдолла Тілемісов. Бі- ліп қой, ол кісі баспа ісінің нағыз ғұламасы! – деп өзге жұртқа артық баға беріп, асыра мақтай бермейтін Мұхтар ағамыз мені қатты ескертті.


Мұқаң солай дегесін, амал қанша, төртінші қабатқа түсіп, Хайдекеңнің қабылдау бөлмесіне бар- дым. Көп күттірмей, хатшысы арқылы ішке кірдім.


 


Хайдағаң маған сынай қарады:



  • Баспагер болу – жорнал жасау емес, шыра- ғым, – деді басын шайқап. – Баспа деген шаруаға өмірінді арнамасаң болмайды. Басқадай ойың болса, әшейін кеудесі бос дилетант боп қаласың.

  • Бұйырса, баспагер болсақ деген үміт бар.

  • Үміттің болғаны жақсы, – деді Хайдекең күдігі сейілгендей болғасын. – Мен де газет пен теле- дидарда қызмет жасағамын. Бірақ баспаға келдім де, шырмалғандай шықпай қалдым. Бұл баспа мен поли- графия дегеннің өзгеше магниті бар. Шығарған өнімің тасқа басылып, мәңгілік рухани құндылықтарға ай- налып жатады. Сосын да болар, есігінен бір кірген кісіні қайтып жібергісі жоқ. Жалпы, білген кісіге кітап шығару дегенің – өміршең өнер. Өнер ғана емес, күрделі өндіріс. Өндіріс бола тұра, ұлан-ғайыр рухани әлем.


Хайдекең хатшысына сүт қатқан шай алдырып, ұзақ-сонар әңгімеге кірісіп кетті. Әр баспаның өз тақырыбы ғана емес, өзіндік беті болуы тиіс екенін, ЦК-ның тапсырмасын орындаумен қатар халыққа, соның ішінде қазаққа қажет басылымдарды да ұмыт- пау міндетін, сондай-ақ баспаның дұрыс тіршілігі үшін өтімді кітаптар ойластыру керектігін тәптіштеп түсіндіріп жатты.


Хайдекең сөзінің бірін ұқсам, бірін ұқпай мен отырмын. Ұқпаған дүниемді қайталап сұраудан ың- ғайсызданамын. Не айтса да бас изеп, қағазға түртіп алған боламын. Әйтеуір менің ұққаным – түбі осы


 


кісіден айырылмау керектігі. Өз ісін терең білетін, маған ұстаз болуға әбден лайық қазыналы кісі болар деп жорамал жасап қойдым.


Қысқасы, Хайдағаңның бөлмесінен ақыл мен өсиеттен басым айналып, бір жарым сағаттан соң бір- ақ шықтым.



  • Әй, інім, – деді Хайдекең мен есікке жете берген кезде. – Мен саған үміт артып, осыншама уақытымды сарп етіп отырмын. Үмітімді ақтайтын бол, тегінде!


Солай деді де, Хайдекең риза пейілмен кеңк- кеңк күлді.


“Ал, ендеше, осындай сенімнен кейін қалайша баспагер болмассың!”


Жақсының алдында жадырарсың дейтіні рас па деймін, мен Хайдағаңның алдынан санам серпіліп, көзім ашылып, жорғаға мінгендей жадырап шықтым.


Шықсам, айтқандай-ақ қабылдау бөлмесіне бір топ адам жиналып қапты. Бұл қайдан келген мықты дегендей, бәрі маған үдірейе қарасты.


Хайдекеңмен ұзақ жылдарға созылған ағалы- інілі туысқандығымыз осылай басталған болатын.


Кейін білдім, жаңадан барған мен ғана емес, сары тіс болған баспагерлер де, аты да, атағы да дардай баспалардың басшыларына дейін Хайдолла ағамызбен ауық-ауық пікірлесіп, ақыл-кеңес сұрап тұрады екен.


Алты қабатты “Баспалар үйінің” ақсақалы да, ардақтысы да, абыройы да осы Хайдолла Тілемісов боп шықты.


 


* * *


Баспалар шоғырында “Қайнардың” жұлдызы ерекше жарық еді.


Оның себебі – ең алдымен Хайдекеңнің биік беделі болса, екінші жағынан осы баспа шығарған көп өнімнің өтімділігінде еді. “Қайнарлықтар” не- лер бір тартымды қызық кітаптарды ойлап табатын. Ол кітаптардың өзімізде тәуір таралғанын былай қойғанда, Мәскеу жәрмеңкелерінде шетел тілдеріне де аударылып, былай да сатылып жүрді. “Қайнар” кітаптарының көркемделу стилін, логотипін басқа баспамен шатастыру қиын-ды. Дүкендерде сона- дайдан менмұндалап тұратын. Үшіншіден, “Қайнар” ұжымының ауызбіршілігі, уыздай ұйыған ұйымшыл- дығы “Баспалар үйінде” аңыз боп тарап жүрді. Әрі бұл баспада баспа қызметкерлерінен құрылған аты- шулы “Саржайлау” ансамблі бар. Хайдекең қызметке алар кезде “қандай өнерің бар” деп сұрап алады екен. Егер ән айта алсаң, домбыра шерте білсең, тіпті болмағанда гармонь тарта алсаң, сөз жоқ, қызметің дайын десетін жұрт.


Ол кездегі Баспасөз комитетінің жеңімпаз ұжымдарға беретін ауыспалы қызыл туын жылма- жыл тағы да осы “Қайнар” иеленіп жүрді.


“Қайта құру” кезеңінде көптеген мекемелер сияқты, біздің баспалар да нелер бір өзгерістерді бас- тарынан өткеріскен. Сол өзгерістердің үлгісін ең ал- дымен “Қайнардан” көретінбіз.


 


Жарқын жақсылықтардың нышаны байқалып, сексенінші жылдардың соңында ел болып Наурыз- ды тойлауға кіріскеніміз есімде. Қазақтың дәстүрлі тағамдарынан альбомдар шығарып, кітаптар жа- зып жүрген Хайдолла ағамыз халқымыздың әдет- ғұрпын, ұлттық тойларды өткізудің жөн-жосығын, киіз үйлерді әшекейлеп жабдықтау өнерін жақсы білетіндігімен әріптестеріне тағы музей секілді. Оның үстіне бал бармақ күйшілер, күміс көмей әншілерден құралған “Саржайлау” ансамблі жүр өнер көрсетіп. Шуақты аспан астында әуелетіп ән айтып, күмбір- летіп күй тартып, құлақ құрышыңды қандырады. Меймандар мәз, біздің де көңіліміз көкте. Троту- арды бойлап ары-бері сабылған жүргіншілерді бы- лай қойғанда, Абай даңғылымен заулаған таксилерге дейін тоқтатып, қасындағы жолаушыларымен бірге киіз үйге шақырып, алдарына дәм тартып жаттық.


Менің тағы есімде қалғаны, сол алғашқы Нау- рызда Хайдағаңның мейманасы тасып, ерекше қуан- ғаны болды. Баспагер әріптестерін өзінің ақбоз үйіне қайта-қайта шақыртады, қайта-қайта дастарқанға отырғызады. Келген қонақтың бәріне үлкен басымен жатып жастық, иіліп төсек болып әбігер.



  • Ақ түйенің қарны жарылған қуаныш қой бүгін, кел, жігіттер, отырып бір әңгімелесейік те! – дейді ақ пейілін алға тосып. – Абылайдың асын- да шаппағанда, атамыздың басында шабамыз ба, аянбаңдар, азаматтарым! – дейді қызмет қылып жүрген інілерін жігерлендіріп.


 


Әйтеуір Наурызды алғаш мейрамдаған көктем- нің сол бір жайма-шуақ күні көңіліме әлі күнге жылы сәуле құюмен келеді.


Дәурен-ай деп ойлаймын қазір, таксистерге дейін тамақ берген неткен шадыман көңіл, дария ниет еді, аққа толы, аппақ пейілге толы жарқын күндер еді. Сөйтсек, тәуелсіздіктің жылы лебі байқалып, бостандықтың хош иісі сезіле бастаған кезең екен ғой ол. Жүрегі жарылардай болған қазағымның тұңғыш қуаныштары екен ғой бұл.


Кейін, баспаларды нарық жағдайына икемдеу тұсында да Хайдағаң өзі бастап әріптестеріне үлгі көрсеткен. Баспалардың өтпелі кезеңде тарап кетпей, қиын жағдайларды басынан кешіре отырып, аман- есен сақталып қалуына осы Хайдолла Тілемісов ағамыздың да айтулы үлесі болды.


Кісіні кейде таршылық сынайды, кейде баршы- лық сынайды. Сонау “қайта құрудан” бергі шамада біздің баспагер ағайынның да қызық пен қиындық- тың дәмін бір кісідей татқанын айттық. Аумалы- төкпелі қилы кезеңдер де бастан өтті. Соның бә- рінде де Хайдолла ағамыз сыр берген жоқ, сыпайы да салмақты, байыпты да парасатты қалпында қара жерді нық басып тұра білгенін бүгінде айту парыз.


Қай кезеңде болмасын, көсем келбетті Хайдекең министрден бастап, баспа басшыларының баршасына ақылман аға, ұлағатты ұстаз бола білді.


“Қайнарды” тапсырып зейнет демалысына шық- қаннан кейін жекеменшік “Хант” деген баспа құрып алды.


 


Халқымыздың тарихы мен мәдениетіне қатыс- ты біршама кітаптар шығарған бұл баспа – еліміздегі жекеменшік баспалардың алғашқы қарлығаштары- ның бірі еді.


Сөйтіп, пәни жалғаннан баз кешкенге дейін Хайдағаң өзі жанындай жақсы көретін баспа ісін тастаған жоқ.


Хайдекеңнің ғибратқа толы ғұмырының мен білетін бір үзігі осындай.


* * *


Мол пішінді салмақты кісі болғандықтан Хай- дағаңның реніші мен қуанышын бөтен адам жүзіне қарап айыра алмайтын. Біз бөтен емеспіз, төңірегін- де үйіріліп жүрген інілеріміз, сондықтан ағамыздың көңіл күйіндегі болмашы өзгерістерді жазбай тани- тынбыз.



  • Хайдаға, бүгін аздап жабырқаусыз ба, қа- лай? – дейміз бірде.

  • Қайсыбірін айтарсың... Өмір болған соң итіс- тартыссыз бола ма... Оны қайтесіңдер, одан да оты- рып бір әңгімелесейік те, – деп ағамыз көңілін торла- ған әлдебір мұңды сейілтуге тырысады.


“Шын жақсының ашуы бар, кегі жоқ” деген осы шығар.


–Хайдаға, көңілдісіз ғой, бір жақсылық бар ғой, тегі? – деп сұраймыз келесі бірде.


Осындайда Хайдағаң кең иығын кере кеңк-кеңк күліп алады. Сосын:


 



  • Қайсыбірін айтасың. – Өмірдің өзі қуаныш емес пе... Жігіттер, кеңінен отырып бір әңгімелесейік те! – дейді жүзі нұр шашып.


«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деседі. Рас та шығар. Көзі тірісінде жақсылар туралы ойла- на қоймайсың. Олар өтіп кеткен соң барып бір-ақ ойлайсың. Өкінішпен сан соғасың. Бірақ кеш.


Хайдекең туралы енді ойласам, ол кісі өмірдің қадіріне жеткен жан екен. Өмірге адам боп келіп, аза- мат боп аттанған абзал ағаларымның бірі ғана емес, бірегейі екен.


Қайсыбір елге, қайсыбір ортаға жіберсең де ұялмайтын, “қазақ деген осындай” деп үлгі етуге лайық, халқымыздың қас жақсысы болған екен.


Қазір ойласам, Хайдолла ағамыз сияқты жақ- сыларға жанаса өскен біздер ақ Еділдің өзі болмасақ та, бұлағы болған екенбіз, ақылды бастың өзі болма- сақ та, құлағы болған екенбіз. Бүгінгі біздің бойы- мыздан адамгершілік пен имандылықтың нышанын тапсаңыз, ол осындай қазыналы ағаларымыздан да- рыған қасиет деп ұғарсыз.


Хайдекең інілеріне үлкен құрметпен қарайтын аса бауырмал жан еді. Қызмет жасайтын жеріміз бір үйде, бір шаңырақтың астында. Күніге болмаса да, жиі-жиі кездесіп қаламыз.



  • Інім, кіріп кетпеймісің, әңгімелесейік те! – деп, Хайдекең ондайда еркелете арқамыздан қағып, жылы жымиып қоятын.


Әрине, ардақты аға, ақсақал директор солай деп тұрғасын, алғашқы жылдары жиі-жиі “кіріп кетіп”


 


жүрдік. Хайдағаңның қоңыр шайын сораптап қойып, қоңыр дауысты әңгімесін жиі-жиі тыңдап кетіп жүрдік. Демократия мен жариялылық төңірегінде, кітап шығару ісін реформалау жөнінде, өмірдегі қылаң берген жақсылық өзгерістер жайында ұзақ-сонар пікір алмасып жүрдік.


Адам мен адам арасы аспан мен жердей деседі. Сол аспан мен жердей қашықтықты жақындасты- ратын да, табыстыратын да көңіл деседі тағы. Көңіл болғанда, кіршіксіз тап-таза көңіл болар, сірә. Аға мен іні ретінде Хайдекең екеуіміздің арамызда да сондай кіршіксіз көңіл бар еді. Ол көңіл сыпайы сыйластық, ізетті құрмет, тағлымды қарым-қатынастан тұратын.


Жылдар жылжи жұмысбастылықпен ағамыз- дың бөлмесіне кіруіміз сирекси бастады. Соңынан қызмет ауысып, бірер жыл басқа жақта болып қайт- тық. Өмірдің заңдылығы шығар, қайта оралып ке- ліп сол өзіміздің Хайдағаңа бастық болдық. Бастық болдық дегенім асылық болар, бәрібір Хайдағаң- ның өмірлік шәкірті боп қала бергенбіз: оны барша шәкірті, мен секілді, әлі күнге мақтан тұтады.



  • Інім, отырып бір әңгімелесеміз бе? – деді бір кездескен сәтте ағамыз.


Отырып әңгімелестік. Бір рет емес, талай рет әңгімелестік. Алғашында жиі еді, соңынан қызмет бабы алаңдатып, уақыттьң тапшылығы сылтау бо- лып, әңгімеміз сирексіп кетті.


Кейінгі жылдары қоныс аударып, ұлы көштің алғашқы легімен Астанаға ауыстық. Хайдағаңмен


 


арадағы ендігі әңгіме телефонмен ғана шектеліп қал- ды. Ал, телефонмен қайбір әңгімеге көсіле аларсың.


Алматыға бір барғанда Хайдекеңмен ойда-жоқта көшеде жолығып қалдым.



  • Інім-ау, отырып бір әңгімелесейік те! – деп, Хайдағаң айқара құшағын жая берді.


Інісін соншалық сағынып қалған ба, кең кеудесіне бар денеммен көміліп кеттім.


Аңғарғаным, ағамыз кейінгі кезде шаршаңқы- рап қалған сияқты, жүдеулеу көрінді, жүрісі де ауырлағандай. Бірақ жүзінде сол мейірім, сол баяғы жылы нұр.



  • Асығыс едім, Хайдаға, келесі жолы ретін тауып... кеңінен бір отырармыз, – дедім біртүрлі ыңғайсызданып.


Бірақ “келесі жол” болмады. Мен келесі жолы Алматыға келгенше, Хайдағаң өмірден өтіп кетті.


* * *


Өткеннің бәрі өкініш деседі, ол да рас шығар... Хайдолла ағамызбен араласқан ағайынның ол кісіні еске алған сайын бір күрсінетіні анық.


Мен де сондаймын, жүрегім шаншығандай бола- ды. Жаны жайсаң ағалардың біртіндеп азайып бара жатқанына қиналамын.


Кейде өзіммен-өзім оңаша қалған шақтарда Хай- долла ағамның :



  • Інім, отырып бір әңгімелесейік те? – деген жұмсақ та қоңыр үні еміс-еміс құлағыма келгендей.


 


Байқаймын,    Хайдағаң     маған    сұрақ    қойған сыңайлы...


Қызмет бабы, әлденеге алаңмын, тағы да бір жаққа асыққандаймын.


Апырау, осы қайда асығамыз сонда?


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы